Павлодарда майдангер жазушы, он екі жыл ғұмырын әскерге берген Қалмұқан Исабайдың фашистердің Бухенвальд азаптау лагерінен өз қолымен салған суреттерінің түпнұсқасы сақталып тұр.
Биыл әйгілі жазушының туғанына 100 жыл толып отыр. Қаламгер шебер жазушылығымен қоса, мықты суретші болғанын да екінің бірі біле бермес. Соғыс жылдары майдандық газеттердің бетін безендіруге тұрақты атсалысып, түрлі карикатуралар салған. Оның, әсіресе соғыстан кейін Германия жерінде қалып, фашистердің азаптау лагерлеріндегі сұмдықтарды өз көзімен көріп, қағазға түсіргені де мәлім. Алайда ондай суреттер ол заманда жариялауға болмайтын құпия саналғандықтан, майдангердің өз қолымен ақ қағазға түсірген кескіндері ұзақ жылдар үйінде сақталып келген.
– Соғыстан кейінгі жылдары Ильменау қаласында біраз уақыт комендант болған әйгілі жазушы кеңес жауынгерлерін азапқа салған фашистік лагерлерді көрген. Соның бірі – адам айтқысыз жауыздық әрекеттер жасалған Бухенвальд лагері. Қалмұқан Исабайұлы сол жердегі музейде болып, көптеген азаптау машиналарының, кескіндердің көшірмелерін, өзі естіген қаралы оқиғалардың желісін бейнелеген. Бұл түпнұсқа суреттерді жуықта өз музейіміздің қорынан таптық. Ұзақ уақыт елеусіз қалып қойған екен, – дейді Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров.
Салынғанына 80 жылға жуық уақыт өткен кескіндемелерде кеңес әскерлерін ұру үшін қолданылған сойыл түрлері, офицерлер мен комиссарларды ату сәттері, Катынь орманындағы оқиға, т.б. бейнеленген.
Павлодар облысы