• RUB:
    6.33
  • USD:
    513.74
  • EUR:
    569.17
Басты сайтқа өту
Ауа райы Бүгін, 12:51

Биылғы жазда күн райы қандай болады

20 рет
көрсетілді

Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жаз айларына арналған ауа райы болжамын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министрдің айтуынша, маусым айында Қазақстанның басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы климаттық норманың шегінде болады — солтүстікте және орталықта 17-20 градус шамасында, ал батыс өңірлерде 23-25 градусқа дейін.

Оңтүстік-батыста және еліміздің қиыр оңтүстігінде әдеттегіден ыстық болады – жазық аймақтарда орташа температура 24-28 градус, ал ең жоғары температура 45 градусқа дейін жетуі мүмкін.

Жауын-шашын мөлшері батыс және солтүстік-шығыс өңірлерде нормаға сай болады, ал басқа аймақтарда негізінен нормадан төмен болады деп күтіледі.

Шілде айында ұзақ мерзімді болжамға сәйкес, ауа температурасы климаттық норма шегінде болады, ал шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде орташа есеппен нормадан 1 градус жоғары болады.

Жауын-шашын көлемі негізінен көпжылдық нормалар шегінде болжануда, тек еліміздің қиыр солтүстік-батысында, солтүстігінде, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында нормадан жоғары болуы мүмкін.

Алдын ала болжам бойынша, тамыз және қыркүйек айлары өнім қалыптастыру мен егін жинау жұмыстары үшін қолайлы болмақ. Ауа райы тұрақты болады, көп мөлшерде және ұзаққа созылатын жауын-шашын күтілмейді. Елдің басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы климаттық нормадан 1 градус жоғары болады.

Министр жазғы айларға арналған бұл алдын ала болжам ай сайынғы нақты болжамдармен толықтырылып, нақтылап отыратынын атап өтті.