01 Сәуір, 2016

Кенесары-Күнімжан

434 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Артисты Зайсанаспектаклін ел тәуелсіздігінің     25 жылдығына тарту еттік, дейді Зайсан халық театрының режиссері Алма Сүлейменова Зайсан халық театрының әр­тіс­­тері Наурыз мерекесі қар­са­ңында күрделі, жоғары шебер­лікті қажет ететін драматург Думан Рамазанның «Кене­сары-Күнім­жан» спектаклін көрер­мендер назарына ұсынды. – Наурыз мерекесін зайсан­дық­тар ел есінде қалатындай, жастарға ұлттық дәстүр мен мәде­­ниетімізді ұлықтайтын, үлгі-өнеге алатындай етіп өткізбек. 22 наурыз күні орталық алаңда Зайсан халық театрының әр­тістері театрландырылған кө­ріністі ұсынбақ. Абыз әз Нау­рыздың кел­генін хабарлап, әжелер ортаға шы­ғып, халықты жаңа жылмен құттықтайды, аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, би билейді, киіз үйлер байқауы өтеді, спорттық жарыстар, арқан тарту, балуандар белдесуі, гір тасын көтеру сияқты сайыстар жанкүйерлерді бейтарап қалдырмайды деген ойдамыз. Ауданның барлық елді мекендері Наурыз мерекесін мәнді де сәнді өткізуге әзірленіп жатыр. Ал Зайсан халық театры «Кенесары-Күнімжан» спек­таклімен өнер­сүйер қауым­ды бір серпілтіп тастамақ, – деді бізбен хабарласқан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шы­нық­тыру және спорт бөлімінің басшысы Серікбол Сиырбаев. Мұның алдында зайсандық өнерпаздар белгілі драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең жақ­сы еркек немесе әйелдер әлемі» спектаклін сахналаған болатын. Сондай-ақ, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Махаббат машақаты» атты туындыларды жұртшылық тамашалап, жерлестерінің өнеріне алғысын білдірген. Дәл қазіргі сәтте атақты «Қарагөз» спектаклі әзірленуде. Сонау 60-жылдары әртіс, күміскөмей әнші Ораз Кәкеевтің «Зайсан-Ақжар»халық театры құрамында атақты режиссер, профессор, КСРО-ның халық әртісі Асқар Тоқпановтың «Қарагөз» спектак­лінде Мәскеу­дің Кремль сарайын­да Сы­рымның рөлін ойнағаны көп­шіліктің есінде шығар. – Бүгінге күнге дейін «Кене­сары-Күнімжан» спектаклін қа­ла тұрғындары 8 рет тамаша­лады. Бұл туындыны тағы да көрсетсеңіздер деген ұсыныс түсіп жатыр. Кенесары ұлт мақта­нышы, қазақ елінің азаттығы үшін, өз алдына жеке дербес мемлекетін құру жолында жанын құрбан еткен батырымыз. Тарихи драманы сахнаға шығарар алдында көп іздендік, әртістеріміз шеберліктерін жетілдіре түсті, – дейді театр режиссері Алма Сүлейменова. Алма Төлегенқызы – Қызыл­орданың қызы, М.Әуезов атын­дағы драма театры студиясының актер бөлімін бітірген. Кейін режиссер мамандығын да алып шығады. Серке Қожамқұлов, Сәбира Май­қанова, Бикен Римова сияқты өнер тарландарының шеберлігіне тәнті болып, олардың сахнадағы образдарын жасаудағы ізденісіне театрда жүрген кезде көз жеткізіп, соларға еліктеген Алма келешекте мен де сол сияқты болсам деп армандайтын. Өзімен студияда бірге оқыған Зайсанның Бақытбек Нұрғазин деген жігітімен көңіл жарастырады, отау құрады. Бақытбек «сегіз қырлы, бір сырлы», өнер десе ішкен асын жерге қоятын термеші, қазір халық театрының мәдени мұра жөніндегі бөлімінде қызмет етуде. Қызылорданың талантты қы­­зы Алманың Зайсанға келін бо­лып келген 34 жыл ішін­де атқарған істері ұшан-теңіз. Зайсан халық театрының қалып­тасуында Алманың көп үлесі бар екенін әріптестері мойындайды. Ауданда өтіп жатқан мәдени шаралардың барлығының басы-қасында Алма жүреді, соңғы жылдары зай­сандық өнерпаздардың табысқа жетуінде ұжыммен бірге Алманың да лайықты үлесі бар дейді, мәдениет үйінің ди­рек­торы Манарбек Ибраев. Айтса айтқандай, ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, «Мәдениет саласының үздігі» атанған қарындасымыздың келешекте де бағы жана берсін, дегіміз келеді. «Кенесары-Күнімжан» спек­так­лінде Жексен Тоқта­сынов, Рауан Сақан, Мерхат Тұрғанбаев, Ша­шубай Мамырбекұлы сияқты талантты әртістер генерал-губернатор Горчаков, Кенесары, Нысанбай жырау, Наурызбай батыр рөлдерін сәтті сомдаған. Күнімжан рөлінде ойнаған, жас болса да шеберліктері шыңдала түскен Айгүл Хамит пен Жәния Кисинаға жұртшылық дән разы. Спектакльдегі басты тұл­ға Ақмола уезінің аға сұлтаны Қоңыр Құлжаның рөлінде ойнаған Жексен Тоқтасыновтың әртістік шеберлігі көрермендерді елеусіз қалдырмайды, еліктіріп отырады. Бай-манап Тұрсын рөлін сомдаған күміскөмей әнші, жақында ғана халықаралық байқаудан екінші орын алып келген «Мәдениет саласының үздігі» Мұратхан Домбайдың әртіс­тік шеберлігі жайлы жы­лы лебіз білдірген орынды. Ал Бикен Нұрғазықызының Ха­дишаның образын жасаған кезде көп ізденгені аңғарылады. Жүргенов атындағы өнер акаде­миясының сын бөлімін бітіріп келген талантты актер Мерхат Тұрғанбаев сомдаған Наурызбай батыр рөлі мен Батыс Сібір губернаторы Горчаковтың образы бір-біріне қарама-қарсы, қайшы болса да талантты актер өз образдарын аша білген. Сонымен бірге, Мерхат спектакльдегі би көріністеріне жан бітірген. – Спектакльді сахналаған кезде қаржы тапшылығына бай­ла­нысты киім, қажетті құ­рал-жабдықтарды алуда қиын­шылықтар кездесті, – дей­ді Алма Төлегенқызы. – Барлығын керек-жабдықтарды өзіміз тіктік, тауып алдық. Мәсе­лен, патша офицерінің рөлінде ойнаған Ақыл Сұлтанов өзіне қажет ки­імді өзі тіккізді, театрдың көр­кемдік жетекшісі Анар Дом­бае­­ваның ізденісі мен іскерлігі нәти­жесінде тұйықтан шыға білдік. Дыбыс режиссері Берік Ақаев өз міндетін абыроймен атқарды. Патша офицері Кар­бышевтің рөліндегі Наурызхан Іспек, бай рөліндегі, басқа рөл­дердегі Мұрат Қайнолда, Жас­ұлан Көккөзев, Балғынбек Өрім­ханов, Майгүл Можанова, Динара Аршабаева, Аяу Серік­қызы сияқты әртістер спектакль­дегі эпи­зодтарды сәтті шығара білген. Алма Сүлейменова өзінің жеке жобасы бойынша поэзия жастар театрына жетекшілік етеді екен. Жастар театры да ізденіс үстінде... Оңдасын ЕЛУБАЙ, журналист. Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы. Суретте: Зайсан халық театры­­ның әртістері. Ортада театр ре­жис­­сері Алма Сүлейменова. Сурет автордыкі.