01 Сәуір, 2016

Баянауылдың ауылдары тағы да су астында қалмақ па?..

332 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
мост Ащы-2Біздің осындай сауалымызға «Қазавтожол» АҚ жергілікті филиалы «Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарына темір-бетондар, қиыршық тас, цемент, әртүрлі жапсырмалар дайындалуда. Бұл жұмыстарды 2016 жылдың осы ақпан айында бастап, желтоқсан айына дейін аяқтау жоспарланған...» деп жауап берді. Әрине, бұл хабар, жолдарының жөнделуін, Ащысу өзеніне салынатын көпір құрылысының бас­талуын бір жылдай уақыт күтіп жүрген Баянауылдың ауылдары үшін қуанышты жағдай. Ештен кеш жақсы. Көктем болса жақын. Тасқын қаупі бар. Ал, «Қазавтожол» АҚ жергілікті филиалының жоғарыдағы жауабына қарасақ, былтырғы тасқыннан кейінгі жолдарды, көпірді қалпына келтіру жұмыстары енді басталады. Еліміздің басқа бірқатар өңірлеріндегі сияқты біздің облыстың аудандары да қазір тасқын алдында қауіппен әбігер. Былтыр мысалы, сәуір айында Баянауыл арқылы Қарағандыға баратын республикалық маңызы бар алдында ғана күрделі жөндеуден өткен автокөлік жолын тасқын су бас­ты. Бұған қоса облыстағы екінші бір апатты саналатын нүкте – Ақтоғай ауданындағы Шолақсор ауылы да жыл сайын су тасқынының бейнетін көреді. Былтыр сәуірде Баянауылдың ауылдары тасқын су астында қалып, Теңдік ауылында, тіпті, ауданда төтенше жағдай жарияланды. Түн ішінде айналасын опырып-жапырып жеткен тасқын судан мал-жанды, бала-шағалы ауылдықтар сасқалақтап қайда барарларын білмей қалды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметтерінше, облыстағы Мойылды ауылы, Майқайың кенті, Лебяжі, Успен, Май, Ертіс аудандарының шалғай ауылдары жыл сайын су тасқынын бастан өткереді. «Сәуірдің су тасқыны салдары­нан Қалқаман – Баянауыл – Үміт­кер – Ботақара республикалық ав­­­то­мобиль жолында жасанды құ­рыл­ғылар, көпір, құбырлар істен шық­­ты. Тасқын Ащысу өзенінің көпіріне, ауданның 15-тен астам ауыл­дарының жолдарын бұзды...» деп жаздық былтыр. Жергілікті билік сол кезде тас­қын өтті, уақыт жетеді. Жер қара, күн жылы. Көп ұзамай бәрі қалпына келтіріледі, деп шалғайда тұратын баянауылдықтарға уәде берген-ді. Ауылдар қазір алаңдаулы. Тау­дан түсетін ағыл-тегіл қар легі, Қа­ра­ғанды жақтан келетін мол судың қара тасқынға айналары сөзсіз. Былтыр тасқын 1981 жылы салынған ұзындығы 72 шаршы метр Ащысу көпірін бұзып өтті. Содан бері ауыл тұрғындары шыдамдылық көрсетіп, опырылған көпірді айнала өтіп, әйтеуір, өздерінше жол жасап, әрлі-берлі өтіп жүр. Бізге хабарласқан ауыл тұрғындарының айтуынша, Бірлік ауылының жа­нындағы республикалық жол бөлігінде жөндеу жұмыстары тіп­ті, аяқталмаған да көрінеді. Кө­пірсіз қалған Сәтбаев атындағы, Теңдік, Ұзынбұлақ ауылдарының тұрғындары айналма жолдан бейнет көруде. Ал қыста тас жолды боранмен ілесе келген қалың қар жауып тас­тайды. Біз бұл ауыл­дардың бәріне де барып қайт­тық, құлап жатқан көпірді де, опы­рылған көпірді, су шайған жолдар­ды өз көзімізбен көріп суретке түсіріп, ауыл ақсақалдарымен әңгіме­лес­кенбіз. Енді, мәселенің мәнісіне кел­сек, біз жазып отырған бұл респуб­ликалық жолға, пайдалануға жарамай қалған Ащысудың көпіріне «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалы жауапты. Филиал көпірді күрделі жөндеуден өткізу және жолдың 93-інші шақырымында жаңа көпір салу, Бірлік ауылындағы жол бойына су өткізу құбырларын тарту жөнінде жобалық-сметалық құжаттама да әзірлесе керек. Құ­жаттама мем­ле­кеттік сараптамадан өткізіліп, құ­рылыс-монтаж жұмыстары басталады. Жұмыс 2016 жылы аяқталады. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді, – делінді. Ал Баянауыл аудандық әкім­дігінің жауабына қарағанда, былтырғы су тасқыны салдары­нан аудандық маңыздағы 7-ба­ғытта және ауылішілік 4-бағытта жолдар бұзылған. Жөндеу жұмыс­тарын жүргізу үшін жобалық-сме­талық құжаттары әзірленді. Өткен жылдың тамыз айында Үкіметтен осы жолдардың жөндеу жұмыстарына 804 579,0 мың теңге бөлінеді. Мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланып, конкурс нәтижелері бойынша аудандық маңыздағы 7-бағытта және ауылішілік 4-бағытындағы жолдардың жөндеу жұмыстарына «Алексеевка-Жаңажол» – мердігер «Май СК Астана» ЖШС, жоба құны келісімшарт бойынша 179 223,0 мың теңге, «Карашат – Жаңатілек – Новая Жайма» – мердігер «Вер­­ши­­на» ЖШС, жоба құны келісімшарт бойынша 147 245,2 мың теңге, «Қаражар-Южное» – мердігер «ДМ» ЖШС, жоба құны келісімшарт бойынша 43 393,1 мың теңге «Жаңажол-Ескелді» – мер­дігер «Айт-Строй» ЖШС жо­­ба құны келісімшарт бойынша 57 574,9 мың теңге, «Баянауыл-Угольное» – мердігер «Сервис-НС» ЖШС жоба құны келісімшарт бойынша 64 447,5 мың теңге, «Бірлік ауылына кіреберіс жолы» – мердігер «Павлодаргордорстрой» ЖШС жоба құны келісімшарт бойынша 88 311,7 мың тенге, «Теңдік – Ұзынбұлақ» – мердігер «Сапа+» ЖШС жоба құны келісімшарт бойынша 34 811,6 мың теңге, «Қараащы ауылына кіреберіс жолы» – «Май СК Астана» ЖШС жоба құны келісімшарт бойынша 55 064,4 мың теңге, «Теңдік ауылына кіреберіс жолы» – «Архстрой-ЭЛИТ» ЖШС жоба құны келісім­шарт бойын­ша 34 138,4 мың теңге, «Көкдомбақ ауылына кіреберіс жолы» – «АРХСТРОЙ-ЭЛИТ» ЖШС жоба құны келісімшарт бо­йынша 56 277,0 мың теңге, «Ұзын­­бұлақ – Ақши» – мердігер «Май СК Астана» ЖШС жоба құны келісімшарт бойынша 16 337,1 мың теңге компаниялар жеңімпаз болып танылады. Жолдардың жөндеу жұмыстары толық аяқталып, мем­лекеттік қабылдау комиссиясы қа­­былдады. Ауылішілік Ақши – Ұзын­бұлақ, Көкдомбақ ауылына кіреберіс бағыты бойынша жөн­­деу жұмыстары аяқталып, мем­лекеттік қабылдау комиссиясы қа­былдады. Бірақ, биыл Теңдік ауылына кіреберіс және Қараащы ауылына кіреберіс жолдарының жұмыстары аяқталмай қалды. Иге­ріл­меген 26 466,0 мың теңге Үкі­мет қорына қайтарылды, – дей­ді аудан әкімдігінің бізге берген мәліметінде. Ауылдарға кіреберіс жолдардың енді қашан қалпына келері белгісіз. Жергілікті әкімдіктегілер бұл мәсе­леге кінәлілер деп мердігер­лер ұйым­­дардың жауапсыздығын айтады. Тіпті, Теңдік, Көкдомбақ ауыл­дары «Астана Қала-Құрылыс» серіктестігімен осы жауапсыздық жұмыстары үшін соттасып жүрген көрінеді. Бірақ, әкімдік жауабында екі ауылдың жолдарын жауапты «Астана Қала-Құрылыс» ЖШС-нің аты-жөні неге екені белгісіз, жазылмапты. Оның «Май СК Астана» деп жазылғаны да түсініксіз. Облыстық әкімдіктегі жиында екі ауылдың жолдарына «Астана Қала-Құрылыс» ЖШС жауапты, мердігер басшылармен жұмыс жүргізілуде делінді. Осылай енді бір-біріне сілтеу, бір-біріне жауапкершілік арту, соттасу басталады. Екі арада ауыл тұрғындары жол бейнетін тартып сол бұрынғы күйі қала берді. Егер Баянауылдың Теңдік, Көкдомбақ ауылындағы жолдың құрылыс жұ­мы­сына «Астана Қала-Құрылыс» ЖШС деген мердігерлік компаниясы жауапты болса шалғайда жатқан ауылдардың жолдарын жөндеп бермекші болып іс бастаған соң, бұл жұмысты жауапкершілікпен аяқтап, онсыз да жолдары жоқ, тасқыннан зардап көрген ауылдықтарды қуан­туы керек еді. Екіншіден, былтыр жөнделді деген ауыл жол­дары­ның сапасы қандай, алда болатын тасқындарға жөндеуден өткен жолдар шыдас бере ала ма, жоқ па? Тағы да осындай сұрақ. Бұл мәселе де ауыл тұр­ғындарын ма­залайды. Ащысу өзенінен өтетін көпірді жаңадан тұрғызу, республикалық жолдың тасқын шайып өткен бө­лік­терін қалпына келтіру үшін «Қаз­авто­жол» АҚ-тың жергілікті бөлімшесіне миллиондаған теңге қажет екені сөзсіз. – Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара республикалық автомобиль жолында су тасқыны салдарынан бұзылған Бірлік және Теңдік ауылдарының аумағындағы жол жөндеуден өткізіледі. Көпір қайта салынады. Осы ақпаннан басталып, сәуір-мамыр айларында қарқын алып, жаз айында толығынан күр­делі жөндеу жұмыстары жал­ғасады, – дейді «Қазавтожол» Пав­лодар облыстық филиалының директоры Ерсін Сариев. Сондықтан әрине, көпір тұрғызу үлкен жоба. Бір күннің жұмысы емес. Бірақ, Ащысуға көпір салмай аудан орталығы мен Сәтбаев ауылдық аумағына қарасты шалғайдағы ша­ғын бөлімшелер арасында байланыс жасау қиын. Көпірдің қайта салынуын ауылдықтар асыға күтіп отыр. Тіршілік көзі, ауылдарды аудан, облыс орталығымен байланыс­тыратын маңызды нысан. Алдағы су тасқыны бола қалса, көпірдің жанындағы айналма жолдың өзінен айырылып қаламыз ба деп отыр ауылдықтар. Сондықтан жоғарыға жағдайды нақты жеткізіп, талап етіп, көпір құрылысын жеделдету керек еді. Баянауыл ауданының әкімдігі бұл қиындықтың әрине, қаржыға тіреліп тұрғанын, «әйтпесе, ауылдар біздікі, ауылдықтарды қиын жағдайға қал­дырмауға қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз», – дейді. Ал енді алдағы көктем қалай болмақ?.. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан».  Павлодар облысы, Баянауыл ауданы.