12 Қараша, 2010

Сенім грамоталарын қабылдады

338 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Босния және Герцеговина, Парагвай, Мавритания, Кувейт және Чили мемлекеттерінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Аталған ресми шарадан кейін журналистермен кездесуі кезінде Парагвай елшісі Марсиал Бобадилья Гильен Қазақ­станмен білім беру, ғылым және спорт, жаңа технологиялар салаларында өзара әріптестікті дамытуға мүдделі екендіктерін жеткізді. “Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрімен кез­десу кезінде ол маған қазақстандық футболшылардың Брази­лияда оқу-жаттығудан өтіп жатқандығын айтты. Осы орайда бұл спорт түрінен біз де Қазақстанмен жақсы әріптестік орнатқымыз келеді”, – деді ол. Сонымен қатар, ол өз елінің Қазақстанның ауыр индустрия, металлургия, ғылым салаларындағы тәжі­ри­бесін пайдалануға айрықша қызығушылық танытып отыр­ғандығын жеткізді. БАҚ өкілдерімен кездесуі кезінде Кувейт елшісі Науаф Әбдел Аленези екі ел арасындағы байланыс бүгінде жақсы жолға қойылғанын атап көрсетті. Сондай-ақ, Кувейт елшісінің сөзіне қарағанда, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өз сөзінде Кувейт мемлекетінің Әмірі Сабах әл-Ахмед әл-Джабер ас-Сабахты жақын арада Қазақстанға сапармен келуге шақырғанын жеткізді. Ал елші өз кезегінде сыртқы саясат ведомствосының басшысын Кувейт мемлекетіне сапармен келуге шақырған екен. Бұл күнгі жүздесу кезінде түрлі салалар бойынша мұндай жоғары деңгейдегі екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға мүдделі екендіктерін Чили елшісі Хуан Эдуардо Эгигурен мен Мавритания елшісі Сиди Мохамед Ульд Талеб Амар да жеткізді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.