12 Қараша, 2010

Ілгерілеудің жаңа кезеңіне жол ашады

393 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қазақстанға әлем назарын аударып отырған тарихи әрі өте маңызды оқиға – Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінің басталуына азғана уақыт қалды. Көпшілікке белгілі, ЕҚЫҰ Саммиті – халықаралық Ұйымға Қазақстан төрағалығының қорытынды кезеңі. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ең соңғы саммиті Ыстамбұлда өткені белгілі. Міне, араға он бір жыл салып өткізілетін іргелі де ауқымды іс-шараның күн тәртібіне қандай күрделі мәселелер қойылмақ. “Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті – Қазақстан төр­ағалығының қорытынды ке­зеңі” атты дөң­гелек үстел “2010: Қазақстан – ЕҚЫҰ төрағасы” атты үш жыл­дық жобаны жүзеге асыру ая­сында ұйымдастырылды. Атап айтарлығы, бұл жүздесу Пре­зидент Әкімшілігі бекіткен биылғы жылғы іс-шаралар бағ­дарламасына енген болатын. Қазақстан Республикасы Прези­дентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер инсти­ту­ты, Астанадағы ЕҚЫҰ Орта­лы­ғы, Еуропалық ақпараттық орталық және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұйымдастырған ғылыми форумға шетелдік және қазақстандық сарапшылар, дип­ломатиялық миссиялар өкілдері, үкіметтік  емес ұйымдар жетек­ші­лері қатысты. “Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті – Қазақстан төрағалығының  қорытынды кезеңі” атты ғылыми форумда сөз алған Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының басшысы Александр Кельчевски Астана­да­ғы саяси форумның маңызына, жүктейтін міндеттері мен мақсат­тарына кеңінен тоқталды. Алек­сандр Кельчевскидің пікірінше, Орталық Азия мен Кавказ елде­ріндегі күрделіліктер мен шие­леністер соңғы жылдары Еуропа елдерінің назарын өздеріне аударуда. Жасыратыны жоқ, бү­гінгі таңда өз шешімін күтіп тұр­ған ауқымды мәселелер жет­кілікті. Дегенмен, Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының басшысы жиында атап көрсеткеніндей, Қазақстан елордасындағы форум қазіргі таңда жинақ­талған бар­лық түйткілдің ше­шімін тап­тырады деп күтудің қажеті жоқ. – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мү­шелерінің еуропалық қауіпсіздік туралы тұжырымы әртүрлі. Ме­нің ойымша, қауіпсіздік мәсе­лесінің нақты шешіміне деген қадам ең алдымен жинақты және терең ойластырылуы тиіс. Аны­ғы­рақ айтқанда, онда адам құқы­ғының сақталуы, заңдылықтың үстем болуы мен демократиялық институттар жұмысының ықпал­ды­лығы және өзге де бағыттағы іс-шараларды дәйектілікпен жүзеге асырудың берері мол. Ал, Астана Саммитінің әлем құлақ түрген ең өзекті оқиға екендігі айтпаса да түсінікті, – деді Алек­сандр Кельчевски. Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаевтың Ресейдің орталық басылымдарының біріне берген сұхбатынан үзінді келтір­ген А.Кельчевски Елбасының бұл тұжырымының шын мәнісін­де де көпшілік қолдайтындай пікір екендігін де жасырмады. Онда Орталық Азияның уақыт өткен сайын басымдылығының арта түскені, сондықтан да ха­лықаралық қоғамдастықтың оның маңызын және саяси рөлін бағалауда салмақты көзқарас қа­лыптастыратын уақыт жеткендігі атап айтылған. Сондықтан да  ке­лешекте бұл аймақты тек даулы шиеленістермен, дағда­рысты жағдайлармен ғана байла­ныстыра берудің орны жоқ. Керісінше, бұл аймақ бүгінгі күннің биік талабына орай, экономикалық қарқынды даму үстіндегі көрікті аймақ екендігі назардан тыс қалмаға­ны жөн. Бір құптарлығы, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезеңінде әлемдік қоғамдастықтың алдын­да Шығыс пен Батыс арасын­дағы үнқатысуды одан әрі дамы­ту бағытындағы бірқатар күрделі мәселелерді  күн тәртібіне қой­ды. Бұл орайда, Мемлекет бас­шы­сының “Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы Шығыс пен Батыс арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне, өзара сенімнің нығаюына жол ашады”, деген пікірі ойға оралады. Қазақстан Республикасының Ұйымға төрағалығы уақытындағы көптеген игі бастамаларының бел­сенді түрде жүзеге асыры­луының өзі көп нәрседен хабар берсе керек. Мәселен, көршілес әрі бауырлас ел – Қырғызстанға шұғыл түрде көрсетілген көмек, ең алдымен, тиімділігімен және мазмұндылығымен ерекшеленді. Мұның өзі бұл елдегі жағдайдың тұрақтануына айтарлықтай ықпал етті. Қырғызстанға 11,5 миллион доллар көлемінде материалдық көмек көрсетілуімен бірге, Қа­зақстанның ұсынысымен шиеле­ністі тоқтатуға халықаралық ұйым­дардың тартылуы өз нәти­жесін берді. Сөз реті келгенде айта кететін тағы бір мәселе, Еуро­палық Одақ бұл елге үш жыл бойы 118 миллион доллар бөлу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, бұл елге бері­летін қосымша инвестициялар туралы мәселелерді күн тәртібіне қоятын еуропалық екінші нәр­лендіруші конференция биылғы жылдың аяғына дейін өткізіледі деп жоспарлануда. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Қазақ­стан төрағалығы кезеңі  бірқатар ұтымды ұсыныстар мен ауқымды іс-шаралармен айқындалғанын жиында сөз алған жетекші сарап­шылар мен белгілі ғалымдар жан-жақты баяндады. Әсіресе, қо­лайлы жағдайларды құруға ар­налған бітімгершілік келіссөз­дер­де Қазақстан ұсыныстарының табысты болуы бұл бағыттағы іскерлік пен біліктіліктің белгісі екендігі айдай ақиқат. Сондай-ақ, халықаралық ұйымға іс басын­дағы төрағалық уақытында Прид­нестровье мен Таулы Қа­рабақ бойынша консультациялар да өткізілді. Шындығына кел­ген­де, мұның өзі қазақстандық төрағалық үшін елеулі сынақ та болды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезеңіндегі жұмы­сы­на Қазақстан Сыртқы істер ми­нистрлігі Алматы қаласын­дағы өкіл­дігінің кеңесшісі Жанат Зә­киева, Қазақстан Пре­зиденті жа­нындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер инсти­туты директоры­ның бірінші орынбасары Лейла Мұзапарова, ҚазҰУ жанындағы Еуропалық ақпараттық орталық­тың дирек­торы Құралай Бай­за­қо­ва кеңі­нен тоқталып, жан-жақ­ты тал­дау жасады. – Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лығы кезеңінде мемлекеттер арасында сенімділікті нығайтуға бар күш-қуатын жұмсағандығы анық. Бір ұйымның мүшесі бола тұра бұл мемлекеттер бұрынғыша әртүрлі геосаяси мүдделерімен ерекшеленуде. Бір жағынан бұл мемлекеттер Еуроодаққа, НАТО-ға енеді, екінші жағынан Еуро­одаққа, НАТО-ға енгісі келетін­дер, ал үшін­ші жағынан болса, бұл мемле­кеттер ЕурАзЭҚ, ШЫҰ құрамын­да­ғылар. Сондық­тан да, Қазақстан өз төрағалығы­ның алғашқы күні­нен бастап се­німділік ахуалын, не­гізгі мәсе­лелер бойын­ша консен­сус­тық алаңды нығайту және кеңей­туді қалып­тастырып, ЕҚЫҰ кеңіс­тігінде бөлінушіліктің пайда бо­луына тосқауыл қоюға ұмтылды. Сонымен қатар, Қазақстан Еуро­па-Азия ынты­мақ­тас­тығын одан әрі нығайту мақсатында ЕҚЫҰ-ның басшы құрылымы өкілдері­нің қатысуы­мен бірқатар ма­ңыз­ды да мазмұн­ды іс-шаралар өткізді. Тұтастай алғанда, халық­аралық сарапшылардың баға­лау­ын­ша, ЕҚЫҰ-дағы қазақстандық төрағалық сенімді әрі тиімді жұмыс әдісін көрсетті. Ал, Фран­ция Сыртқы істер министрі Бер­нар Кушнердің айтуынша, Қа­зақ­станның ЕҚЫҰ-дағы төраға­лы­ғы бүкіл Ұйым үшін үлкен жетістік болды”. Халықаралық ұйымға төрағалығы уақытындағы біздің еліміздің Қырғызстан мен Ауғанстанға көмегі оның бұл бағыттағы ауқымды жұмысының екі ғана мысалы. Ал, енді Астана Саммитіне келсек, мұның өзі қазақстандық төрағалықтағы ең елеулі оқиға және оның біздің мемлекетіміздің саяси ірі же­тістігі екендігі сөзсіз, – деді Қа­зақ­стан Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынба­сары Лейла Мұзапарова. Қорыта айтқанда, ғылыми форумға қатысушылар Астана Саммитінің жалпы құндылық­тар және теңдік қағидалары мен өзара сыйластық негізінде еуро­палық және еуразиялық қауіп­сіз­діктің “жол картасы” мен жаңа стратегиялық бағы­тын анықтай­тын тарихи мүм­кіндікке жол ашатынына сенім білдірді. Сонымен, Астана Саммиті жұмыстың қорытынды кезеңі емес, керісінше, бұл бағыттағы іл­герілеудің, тың шешімдердің жаңа кезеңіне жол ашпақ. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.