12 Қараша, 2010

Дайындық шаралары пысықталды

398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елдің елдігін, ердің ерлігін жаһандық саяси жүйеге анағұрлым ықпалдырақ етуге мұрындық бо­латын, халқымыздың мейманасын тасытып, беделін үстем ететін Еуро­падағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымының Астанада өтетін Саммиті күн өткен сайын жақындап келеді. Жауапкерші­лік­ке толы бұл шараның жоғары дең­гейде өтуі үшін де оған жасалатын дайындық жұмыстары да соған лайық болуы шарт. Сол себепті де еліміздің барлық құзырлы орын­дары өздеріне жүктелген жұмыс­тарды тиянақты атқарып жатыр. Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің Әкімшілігі бекіткен жұмыс жоспарының орындалуын толық қамтамасыз ету мақсатында, сонымен қатар, Сыртқы істер министрлігімен жасасқан келісім бойынша Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарымен баспасөз конференциясы болып өтті. Жиын барысында аталмыш оқу орнының ректоры Бақытжан Әбдірайым еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету кезіндегі жеткен жетістіктері Қазақстанның әлем алдындағы беделін арттыр­ған­дығына және бұл жетістіктер өс­ке­лең ұрпақ үшін үлкен өнеге, зор мақтаныш болатындығына тоқ­талды. “Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға­лық ету – ол Қазақ елі үшін ма­ңыз­ды міндет, мәртебелі миссия болып отыр. Тәуелсіздік алғаннан бергі еліміздің қол жеткізген ең жоғарғы жетістігінің бірі ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыз болып табы­лады. Саммит кезінде бүкіл әлем­нің бұ­қаралық ақпарат құралдары­ның на­зары Қазақстанға ауатыны, сондай-ақ Қазақстанмен етене таныса­тындары  түсінікті нәрсе. Осындай үлкен халықаралық шара барысын­да еліміздің білім сала­сындағы қол жеткізген жетістік­тері жайында, әлем­дік қоғам­дастық алдында мақ­тануға тұрар­лық нәти­желерді та­ныстыру үшін осындай басқосуды ұйымдасты­руды жөн көріп отырмыз”, – деді ЕҰУ ректоры Ба­қытжан Әбді­райым. Бұл айтылғандардан бөлек, Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммиті кезінде қауіпсіздік мәселелеріне орай елордалық студенттердің қыс­қы демалыс күндерінің бір бөлігі осы уақыт аралығына ауыс­тырыл­ғандығы мәлім болды. Сту­дент­тердің осы кезде өздерінің үйлеріне жету үшін арнайы жол­ақының да өз уақытында түсіріле­тіндігі атап көрсетілді. Сондай-ақ, келген қонақтардың кейбір топта­ры­на арнайы қызмет көрсету үшін аталған университет сту­дент­тері­нен 200-ден астам ерікті жасақтал­ған­ды­ғы да баспасөз конферен­циясы барысында ай­тылды. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.