12 Қараша, 2010

Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алу үшін еңбектерді ұсыну және материалдарды рәсімдеу тәртібі туралы ЕРЕЖЕ

1352 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

ҒЫЛЫМ МЕН ТЕХНИКА САЛАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҒЫН БЕРУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯДАН

Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссия 2011 жылғы Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алуға жұмыстарды қабылдауды бастағаны туралы хабарлайды. Мемлекеттік сыйлықты алу үшін жұмыстарды ұсыну және материалдарды рәсімдеу тәртібі туралы ереже төменде жарияланған және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің www.edu.gov.kz, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің www.scedu.kz сайттарында орналасқан. Қойылған талаптарға сәйкес рәсімделген құжаттар мен материалдар авторлардың өздерінен немесе сенім білдірген тұлғаларынан Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссиясында 2011 жылғы 1 ақпанға дейін мынадай мекен-жай бойынша қабылданады: Астана қаласы, “Министрліктер Үйі”, 10 кіреберіс, 1039 бөлме, жабық тақырыптар бойынша 924 бөлмеде. Анықтама телефоны: 8(7172)742460. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2007 жылғы 11 қыркүйектегі № 423 бұйрығына 1-қосымша

Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алу үшін еңбектерді ұсыну және материалдарды рәсімдеу тәртібі туралы ЕРЕЖЕ

Осы Ереже Қазақстан Республи­касы Президентінің “Ғылым мен техника, әдебиет пен өнер саласын­дағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сый­лық­тары туралы” 2007 жылғы 13 тамыз­дағы № 381 Жарлығымен бекітілген Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Респуб­ликасы мемлекеттік сыйлық­тарын алуға ұсынылған еңбектерді рәсімдеуге және тапсыру шарттары­на талаптар белгілейді. 1. Жалпы ережелер 1. Ғылым мен техника саласын­дағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығы (бұдан әрі – Мемлекеттік сыйлық) Қазақстан Республикасының азаматтарына: республиканың экономикалық және әлеуметтік дамуын айтарлықтай жедел­детуге, қазақстандық ғылым мен техни­каның әлемдегі озық жетіс­тіктер дең­гейіне шығуына әкеле­тін іргелі және қолданбалы зерттеулер саласын­дағы аса үздік нәти­желер үшін; қоғамға кеңінен танылған бір ба­ғыт­тағы ғылыми жаңалықтар, моно­графиялар мен ғылыми жұмыстар үшін; техника, материал және техно­ло­гия­­лардың әлемдік аналогтар немесе одан жоғары деңгейдегі жаңа түр­лерін әзірле­гені және өндіруді ұйымдастырғаны үшін; экономиканың түрлі салаларында мем­ле­кеттік құпияларға жатқызыл­ған мәліметтері бар мүлдем жаңа бұйым­дар, технологиялық үрдістер әзірле­гені және жасағаны үшін беріледі. 2. Қазақстан Республикасының Прези­денті 2007 жылдан бастап Тәуелсіздік күніне екі жылда бір рет 3 Мемлекеттік сыйлық береді. 3. Ғылым мен техника сала­сындағы Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлықтарын алуға ұсынылған жұмыс­тарды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі сыйлық берілетін жыл­дың 1 ақпанына дейін қабылдайды; Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлы­ғын беру жөніндегі комиссия­ның жұмыс органы болып табылады. Мемлекеттік сыйлық алуға ұсыныл­ған жұмыстарды Мемлекеттік сыйлы­ғын беру жөніндегі комиссия қа­райды. 4. Мемлекеттік сыйлық алуға ұсы­ныл­ған сәтке дейін кемінде екі жыл бұрын Ғылым мен техника саласын­дағы Мемле­кеттік сыйлықты алуға ұсынылатын ғылы­ми еңбектер­дің жариялануы, техниканың жаңа түр­лері, жаңа материалдар мен техно­ло­гиялардың өндірісте игерілуі тиіс. Жұмыс Мемлекеттік сыйлық алуға бір рет ұсынылады. Бұрын Қазақстан Республикасы сый­лық­тарына ие болған жұмыстар Мемле­кеттік сыйлық алу кон­курсына қатысуға жіберілмейді. Қазақстан Республикасы Мемле­кеттік сыйлығы лауреатының жаңа жетістіктері болған ретте бұл сыйлық оған қайтадан, тек көрсетілген сыйлық берілгеннен кем дегенде бес жылдан кейін ғана берілуі мүмкін. 5. Ғылым мен техника саласын­дағы Қазақстан Республикасының Мемле­кет­тік сыйлығына ұсынылатын із­дену­шілер ұжымы 8 адамнан ас­пауға тиіс. Ізденушілер ұжымына кандидат­тар­ды іріктеу ұсынылатын жұмыс орындалған министрліктерде, ғы­лыми және басқа да ұйымдарда, сон­дай-ақ кәсіпорындарда белгілен­ген тәртіп­пен, объективті түрде жүргізіледі. Бір ізденушінің канди­датурасы Мемле­кет­тік сыйлыққа екі және одан да көп жұмыстар бойын­ша ұсынылуына болмайды. Іздену­шілердің ұжымына адамдарды тек лауазымдық және бас­қа да субъек­тивтік себептер бо­йынша кіргізуге жол беріл­мейді. 2. Жұмыстарды ұсыну 6. Жұмыстарды Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынуды мемлекет органдарының алқалары, ғылы­ми, оқу ұйымдарының ғылыми, ғылыми-техникалық кеңестері мен басқа да алқалық органдары, шығармашылық одақтар мен ұжымдар жүргізеді. Жұмысты бірнеше ұйымдар­дың ұжымдары бірлесіп ұсынуы да мүм­кін, онда бәрінің келісімі бойын­ша ұйымның бірі жетекші ұсынушы ұйым болып белгіле­неді. 7. Мемлекеттік сыйлық алуға жұ­мыс­тарды ұсыну ақпараттық ашық­тық принциптері негізінде жүр­гізіледі. Мемлекеттік сыйлық алуға ұсы­­нылған зерттеулер мен әзір­леме­лер­дің нәтижелерін қолда­нып жүрген ұйымдар (кәсіп­орын­дар) өкілдерінің жұмыстар­ды талқылауға қатысуы міндетті болып табылады. 8. Авторлық ұжымға кандидат­тар ұсыну жұмысты жалпы орындау­шылардың арасынан әрқайсысының қосқан шығарма­шылық үлесін бағалай отырып жасалады. Авторлық ұжымның әрбір мүшесінің кандида­турасы олардың негізгі қызмет орны бойынша талқылануы тиіс. Жұмысты және авторлық ұжымды (авторды) Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну туралы шешім кәсіпорынның алқалы органы­ның мәжілісінде, оқу орны неме­се ұйымның ғылыми, ғылыми-техни­калық кеңестерінде жасы­рын дауыспен осы органдардың қызметін реттейтін және өзге де актілерде белгіленген тәртіппен қабылданады. 3. Жұмысты рәсімдеу ережелері 9. Жұмыс мұқабалы екі том түрінде, әрқайсысы 3 данадан жа­са­лып, оған бір парақ (6 дана) қыс­қаша аннотация қоса тір­келеді. Мәтін, А4 (297x210) үлгісіндегі па­рақ­­тың бір бетіне басылады, том­дар­дың мұқабасында жұмыс­тың атауы, автордың тегі, аты-жөні көрсетіледі. 10. Аннотация бір парақта рәсім­деледі және мына мәлімет­терден тұрады: беттің бірінші жағында: жұ­­­мыс­­тың атауы; ұсынып отырған ұйымның то­лық атауы; авторлардың тегі, аты-жөні, қызмет орны, лауазымы, ғылыми дәрежесі мен атағы; беттің екінші жағында: жұмыстың қысқаша мазмұны (мәтіні 1500 таңбаға дейін), оның негізгі ғылыми-техникалық идея­сы, нәтижелерінің практика­лық және оны жүзеге асырудың эко­но­микалық және әлеуметтік маңызы; жетекшінің яки жұмыстың бір авторының қолы қойылады. 11. Бірінші томда жұмыстың техни­калық жағы баяндалады. Баяндау мәтіні құжаттарға қойы­латын стан­дартты талаптарға сәйкес рәсімделеді. Баяндаудың көле­мі 100 парақтан аспауы тиіс. Безен­діру (иллюстрация) мәтін бойынша орналастырылуы мүмкін немесе жеке альбом ретінде ұсынылады. 1) Жұмыс түсіндірмесінің (баян­дау­дың) титулдық бетінде еңбекті ұсынушы ұйымның атауы, жұмыс­тың атауы, үміткердің тегі, аты-жөні ұйым­дар бойынша әліпби ретімен жазылып, олардың қолдары қойыла­ды. Жұмыстың жетекшісі болған жағдайда, оның аты-жөні бірінші келіп, жетекші деген сөз жазылады. Титулдық беттегі жазулар мемле­кеттік және орыс тілдерінде беріледі. 2) Баяндаудың (түсіндірменің) басында іргелі зерттеулердің, жаңа тех­нологиялар мен техниканың, қол­дан­балы еңбектердің айрықша ма­ңыз­ды және соны нәтижелері ата­лып (кө­лемі 10 парақтан аспай­тын), жұ­мыс­тың қайда, қашан және қандай ау­қымда іске асырылғаны, оны пай­да­­лану Қа­зақ­стан экономикасына қан­шалықты техника-экономикалық нәти­же бергені осы аннотацияда көрсетіледі. Жұмыстың түсіндірмесінде кең көлемде оның мазмұны, ұқсас әлем­дік үздік еңбектермен салыстыр­малы сипаттамасы, енгізу жағдайы (эко­номикалық не әлеуметтік тиімді­лігі), осы нәтижелерді одан әрі пайдалану болашағы айқындалады. Жұмыстың ғылыми-техникалық және техника-экономикалық көрсеткіштері кел­тірі­­леді. Жаңа технологиялардың, тех­ни­каның, құралдар мен материал­дар­дың, заттардың пайдалану жағ­дай­­лары­ның негізгі сипаттамасы кел­тірі­ліп, әзірлемелердің патенттік-лицен­зиялық құндылығы көрсеті­леді. Түсіндірменің соңында авторлар­дың тақырып бойынша еңбектері­нің, жаңалықтары мен өнертапқыш­тығы­ның тізімі, мекемелер мен кәсіпорын­дардың сын-пікірлері, сарапшылар­дың қорытындылары және авторлық куәлік, сынақ актілері, өндіріске ен­гізу актілерінің (не олардың орны­на жүретін құжат­тар) көшірме­лері келтіріледі. 12. Екінші томның (ұсыну құжат­тары) ішіне мыналар кіреді: 1) Бас ұсынушы ұйымның бланкі­сіне жазылған ұсыным-хатта ұйым­ның нақты толық атауы, әрбір іздену­шінің тегі, аты-жөні, ғылыми дәреже­сі, лауазымы, қызмет орны, ве­домство­сы, жұмыстың толық маз­мұнын айқын ашып көрсететін атауы болады. Хатта одан әрі мыналар көрсеті­леді: жұмыстың қысқаша мазмұны, оны ұсы­ну негіздемесі, жұмысты жалпы ба­ға­­лау, оның басталу және аяқталу мер­зімі және нәтижелерді нақты іске асы­­ру кезеңі, жүзеге асыру ауқымы, ғы­­­лы­­ми-техникалық және техника-эко­номика­лық, соның ішінде отан­дық және ше­телдік ұқсас ұйым­дармен са­лыс­тыр­малы көрсеткіш­тері, одан алын­ған экономи­калық не әлеуметтік нәтиже. Ұсыным хатқа ұсынушы ұйымның басшысы қолын қойып, мөрімен растайды. Егер жұмысты бірнеше ұйым ұсынатын болса, онда хатқа әрбір ұйымның басшылары қол қояды. Барлық жағдайда басшылар­дың қолы мөрмен бекітіледі. Авторларды ұсыным-хатта жазып шығу ұйымдар бойынша алфавит ретімен жасалады. Егер жұмыстың жетекшісі белгіленсе, ол тізімде бірін­ші болып көрсетіледі де “жетекші” белгісі қойылады. Егер қайтыс болған автор сый­лыққа ұсынылса, оның соңғы лауазымы мен қызметі көрсетіледі. 2) Ашық баспасөзде жұмыстың атауы мен мазмұнын, авторлардың те­гін, лауазымдарын, қызмет орнын жариялау рұқсаты туралы хат (ұсыну­шы ұйымның бланкісіне жазылып, басшының қолы қойылып) ұсыны­лады. 3) кәсіпорын, ұйым, еңбек ұжы­мы­­ның төралқасы, ғылыми не ғылыми-техникалық кеңесі мә­жілі­сінің және еңбектің толық атауы, бар­лық авторлар ұжымының құрамы (әрбір автордың тегі, аты-жөні, оның лауазымы, қызмет орны) көр­сетілген жұмысты сыйлыққа ұсыну туралы хаттамасынан үзіндісіне кеңестің төрағасы мен хатшысы қол қойып, ол мөрмен бекітіледі. 4) Кеңес мүшелерінің жалпы саны, дауыс беруге қатысқан кеңес мүшелерінің саны және жасырын дауыс беру қорытындысы көрсетіл­ген есеп комиссиясының хаттама­сына (хаттамалары) есеп комис­сиясының төрағасы мен хат­шысының қолы қойылып, мөрі басылады. Авторлық ұжымның құрамына жұмысты ұсынып отырған ұйымда қызмет істемейтін адамдар кірген жағдайда жоғарыдағыдай олардың негізгі қызмет орындарынан кеңес мәжілістері, есеп комиссиясы мәжі­ліс­терінің хаттамаларынан сол адамдарды авторлық ұжым құрамы­на енгізу жөніндегі ұсынымдарына қатысты үзінділері рәсімделеді. 5) Жұмысқа қосқан үлесі туралы анықтама әрбір ізденушіге жеке-жеке ұсынылады, оның тегі, аты-жөні, жұ­мыс орындалған кездегі лауазымы, сондай-ақ оның жұмысқа қосқан нақты шығармашылық үлесінің сипаттамасы және оны авторлық ұжымның құрамы­на кіргізу негізде­месі көрсетіледі. Анықтамаға автордың сыйлыққа ұсынған жұмысты орындау кезінде қызмет атқарған орнының басшысы, сондай-ақ жетекші ұйымның басшы­сы қол қояды да мөрмен бекітеді. Егер ұсынылған жұмысты бір автор орындаған болса, оған қосқан үлесі туралы анықтаманың қажеті жоқ. 6) Ұсынылған жұмыстың ізденуші­лері туралы мәліметтер оның негізгі жұмыс орнынан алынады. Мәлімет­тер қатаң төлқұжаты (куәлік) бойын­ша мынадай түрде мемлекеттік және орыс тілдерінде рәсімделеді: тегі, аты-жөні; туған жылы, төлқұжат мәліметтері; мамандығы; құрметті атақтары (егер ізденуші лауреат болса, міндетті түрде қандай сый­лық, қай жылы алғаны көр­сетіледі); соңғы бес жылда алған Мемлекет­тік наградалары (марапатталған уақыты мен не үшін алғаны анық жазылады); ғылыми дәрежесі мен атағы; жұмыс орны мен оның ведомство­лық бағыныстылығы: лауазымы: қызметінің мекен-жайы мен теле­фоны; үйінің адресі мен телефоны; мәліметтерге ізденуші қол қояды, оны кадрлар бөлімінің қызметкері растап, мөрін басып, толтырылған күнін көрсетеді; зейнеткерлерге осы мәліметтерді соңғы қызмет істеген орны өз бланкісіне жазып дайындайды; егер автор қайтыс болған соң ұсы­ны­латын болса, оның қайтқан күні мәлі­меттерде көрсетіледі, сонымен бірге мұрагерінің тегі, аты-жөні, үйінің мекен-жайы, телефоны жазылады. Егер сыйлыққа ұсынылған соң өз­герістер болса, онда автор туралы көрсетілген нысанда қосымша анық­талған мәлімет беріледі. Еңбектің атауы, авторлардың лауазы­мы мен қызмет орындары құжаттардың бәрінде бірдей жазылуы тиіс. Ұйымдар­дың атауын қысқартып жазуға рұқсат етілмейді, құжатта аббревиату­раны түсіндірме тізімі болса ғана, сөздерді қысқартып жазуға болады. 4. Мәліметтері жариялауға жатпайтын жұмыстар бойынша құжаттарды рәсімдеу мен ұсыну 13.Мәліметтері жариялауға жатпай­тын жұмыстар бойынша барлық құжат­тар мен материалдар үш дана­дан ұсынылады және Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы құпиялық режимді қорғау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұйымдастыру және кадрлық жұмыс басқармасына жіберіледі. “Қызмет бабында пайда­лану үшін” белгісі бар жұмыстар үш дана болып тапсырылады, тиісті белгіге негіздеме беріледі. 5. Құжаттарды қабылдау 14. Жоғарыда жазылған талаптарға сәйкес рәсімделген барлық құжаттар мен материалдар авторлардың өздері­нен немесе олар сенген адамнан Қазақ­стан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде, мына мекен-жайда қабылданады: 010000, Астана қаласы, “Министр­ліктер Үйі”, 10 кіре­­беріс, 1039 - бөлме, жабық тақы­рып­тар бойынша жұмыстар үшін - 924 бөлме. Анықтама телефоны: (87172) 742460 Көрсетілген талаптарға сәйкес рәсімделмеген құжаттар қабылдан­байды.