12 Қараша, 2010

Қоғам қауіпсіздігі басты назарда

437 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекші­лі­гімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі жалпы отырысында құқық қорғау саласындағы бірқатар заңдық құжаттарға қорытынды әзірлеу үшін олар заңнамалық айналымға алынды. Депутаттар назарын ерекше аударған мәселе қоғамдық қауіпсіздікке қатысты заң жобасы болды. Депутаттар әуелі әдеттегідей сауалдарын жолдады. Оларда көптеген көкейкесті мәселелер көтерілді. Мәселен, Құрманғали Уәли спирттік ішімдікке әуесқойлық 10-15 жастан басталатынын алға тартты. Балаларды жаман әдетке итермелейтін, азғындауына жол ашатын қитұрқы жарнама екендігінде, ал оның алкогольсіз сырадан бастау алатынына депутаттың еш күмәні жоқ. Қазақ азаматтары Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы 2 қазанда, ал Тал­ғат Мұсабаев 1994 жылы 1 шілдеде ғарышқа сапар шексе, содан бері әлі еш қазақстандық ғарышқа ұшпағаны белгілі. Осы жайды қаперге салған Нұртай Сәбильянов 2003 жылдан бастап Ресейдің ғарыш­керлерді дайындау орталығында жан-жақты әзірліктен өткен Мұхтар Аймаханов пен Айдын Айымбетовтің еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ғарышқа сапар шегуі қажеттігіне назар аудартты. Депутат Премьер-Министрден Үкіметтің осы мәселеге ықпал етуін сұрады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды қарас­ты­ратын заң жобасы бойынша баяндаманы Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Александр Кулинич жасады. Заң жобасында қоғамдық тәртіпті бұзушыларға, айықтырғыштарға жеткізуді қоспағанда, медициналық айықтырғыштардың қызметі функция­ларын Денсаулық сақтау министрлігіне, ал кәмелетке толма­ғандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтары қызметін Білім және ғылым министрлігіне беру қарастырылған. Халықтың көші-қоны саласындағы міндеттерді Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау министрлігінен Ішкі істер министр­лігіне бе­ру көзделген. Сондай-ақ, заңдық құжатпен кәмелетке тол­маған­дар­­дың ата-аналарынсыз түнгі уақытта жүруіне әкімшіліктік жауап­кер­шілік қарастырылып отыр. Бір адамда 5 қарудың орнына 2-уінің бо­луы қарастырылып, өзге жерге көшкен кезінде 10 күн ішінде тір­ке­луі қажеттігі нақтыланған. Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Ал азаматтарды ұстау негіздері мен тәртібін бекіту, сондай-ақ ипотекалық кредит беру және қаржылық қызметтерді тұтыну­шылар мен инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды қарастыратын заң жобалары екінші оқылымда қолдау тапты. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.