06 Қараша, 2010

Баспасөз-2011

336 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
АЛМАТЫ ӘРҚАШАН ӨЗ БИІГІНДЕ “Алматыны аялап, сүйіп, жақсы көріп жұмыс істеңіздер”. Нұрсұлтан Назарбаев Алатау баурайындағы ару қалаға деген ыстық ықыласы мен жүрек лүпілін осылай білдірген еді. “Әкімі бас болып қала әкім­­дігі мен бүкіл қызмет салалары іскерлік­пен, ешқандай дабырасыз, нақты жұмыс­тар атқарып жатыр”. Елбасы оңтүстік астанадағы жұмысқа осындай баға берген еді. Осынау уәлі сөздер айтылған, Алматы үшін тарихи саналатын, шаһар шежіресіне алтын әріппен жазылар бұл күн 2009 жыл­дың 9 сәуірі болатын. Нақ сол күні Елбасы Алматыдағы VІІ Қысқы Азия ойындары нысандарының құрылысын аяқтауға қосымша 13 млрд. теңге қаржы бөлгізіп, мәртебесі зор маңызды жарыс төңірегіндегі алып-қашпа әңгімелер мен әртүрлі күмән-күдікке нүкте қойғаны да есімізде. Алма­ты­лықтар қатты қуанып, сол күннен бас­тап осы орайдағы жұмыстар қызу жалғас­қан. Кейіннен Шымбұлақтағы бір жиында мегаполис әкімі Ахметжан Есімовтің: “Азиаданы Алматыда өткізу қажеттігіне Нұрсұлтан Әбішұлының көзін жеткізге­німді мақтаныш етемін!” деп мерейлене сөйлеуі де әбден жарасымды көрінген. Алматыға баспасөзге жазылу жайымен танысу мақсатында жұмыс сапарымен кел­ген “Егемен Қазақстан” республикалық га­зе­ті” АҚ президенті Сауытбек Абдрах­ма­новты қабылдай отырып, бір сағатқа дерлік созылған емен-жарқын әңгімені Ах­метжан Смағұлұлы Азиадаға дайындықтан баста­ғаны енді түсінікті болар. “Азиадаға 85 күн қалды,– деді әкім. – Жарыстың 11 түрінің 8-і бізде өтеді. Сондықтан, әри­не, негізгі сал­мақ Алматыға түседі. Жа­рыс­тар өтетін спорт нысандары: Балуан Шо­лақ спорт ке­шені, “Медеу” мұз айдыны, Әл-Фараби даң­ғылының тау жағын пер­делеген Ермен­ді жотасындағы шаңғымен секіру тұғыры негізінен дайын. Спорт сарайы мен Ме­деу­де сынамалық жарыстар сәтті өткізілді. Шым­бұлақтағы байқау бә­се­келерді жел­тоқ­­санда ұйымдастыру жос­парланған. Медеу мен Шымбұлақты жал­ғас­тырған 4,5 шақырымдық аспалы жол да тартылып бітті. Дүйсенбіде өзім жүріп көрдім. Тама­ша! 114 кабина бар. Әр кабинаға 8 адамнан отырады. Бұл әуе жолы 12 қараша күні салтанатты түрде ашылмақ. Осыдан соң Ме­деу жаққа бейсауат мәшине кіргізіл­мейді. Медеудің өзінде 1000 мәшинелік тұрақжай болады, оның 200-і жер астын­дағы паркингке қойылады. Жарыстар ке­зін­де 4 мыңға дейін адам келеді деп кү­ті­луде. Шымбұлаққа арнаулы көліктен басқа мәшинелер мүлдем жіберілмейді. Медеуге дейін автобустар қатынайды. Ал, бөгетті көрем деушілер үшін “Шатл” шағын автобустары қызмет етеді. Азиадаға келетін спортшылар мен қонақтар жататын қонақ үйлер сайланып қойылды. Олардың бас­шыларымен әңгіме өткізіліп, талаптар түсін­дірілді, қауіпсіздік, медициналық қыз­мет, басқа да мәселелер мұқият ойлас­ты­рылды. Айтқандай, фристайл мен биатлон, шаңғы спорты түрлерінен Талғардағы “Табаган” спорттық-сауық кешенінде және шаңғы һәм биатлон стадиондарында өтетін жарыстарға қатысушылардың да тоқтайтын жері, тынығатын тұрағы – Алматы. Мұның өзі Азиадаға, оған қатысушыларға қызмет көрсетудегі біздің міндет-жауап­кершілігімізді еселей түседі”. Ахметжан Есімов бұдан әрі шетелдік мей­­мандарға арналып “Мәдени Азиада” ат­ты арнайы бағдарлама әзірленіп жат­қан­­дығын баян етті. Оның өзі 7 бағыттан тұра­ды екен. Театр, кино, көрме, концерт – бәрі осы­ның ішінде. Арнайы “Қазақ ауылы” ба­ғыты аясында халқымыздың ұлттық салт-дәс­түрі, өнер-мәдениеті, тарихы паш етілмекші. Ахметжан Смағұлұлы Азиаданың Алма­тыға бергені де, алда берері де көп деп отыр. Алқалы жарысқа дайындық барысында қала біршама көркейіп, қаншама көшелер мен даңғылдар жаңа түрге енген. Айналма шы­ғыс жолының да негізгі бірінші кезегі аяқ­талып, іске қосылған. Мұның орталықтағы көлік қыспағын жеңілдетіңкіреуге, эко­ло­гияны сақтауға әсері сезілуде. Медеу мен Шым­бұлақта өткен жылы 8, биыл 4 под­стан­са іске қосылды. “Азиада болмаса, бұ­лар қайда-а?!..” дейді Ахаң. Сөйтіп Азиа­да­ңыздың арқасында жалпы қаланың да энергиямен жабдықталу жайы анағұрлым жақсарыпты. Әкім өз қаласының абаттанғанын, көр­кей­генін, көгалданғанын мерейлене айтуда. Шымбұлақ, Бутаковкаға барар жолдардағы биік дуалдар алынып, құрылыс тығыздығы босатылып, су жағаларына салынған үйлер реттестіріліп, қала бойынша жаңадан 29 гүл­зар-саябақтар мен спорт алаңдары ашылған көрінеді. Жаңадан құрылған Алатау ауда­нындағы игі жақсылықтар, шешімін тапқан түйткілдер әңгіме өзегіне тартылды. Осы аудан аумағынан арнайы 346 гектар жер бө­лініп, жаңа индустриалдық аймақ ашылғалы жатқаны да жағымды жаңалықтай әсер­лен­дірді. Екі жыл бұрын Алматыда проблемалы 16 мың үй үлескері болса, қазірге дейін солардың 12 мыңының мәселесі шешілген. Қалған 3 мыңы да алдағы бір жыл ішінде үй алуға сенімдері нық. Бұдан әрі қала әкімінің қадап айтқан жа­йы мыналар болды. Республика бюдже­тінің төрттен бірі Алматы қаласының түсім­дерінен құралады. Оның нақты көлемі – 584 миллиард 625 миллион теңге, яғни 27 пайыз. Бұл орайда Алматыға теңесер ешкім жоқтығы да айдан анық. Жылдан-жылға өсім, ілгерілеу. Айталық, салық өткен жыл­дың тиісті мерзімімен салыстырғанда биыл­ғы 10 айда 65 миллиардқа артық жиналып­ты. Ішкі жалпы өнімнің 20 пайызы осында. 37 банктің 34-і осында. Тауар айналымының үштен бірі осында. Тәуелсіздіктің 20 жыл­дығы қарсаңында метро жүріп мерейленер күн де алыс емес. Қаржы орталығы – Ал­маты. Бизнес орталығы – Алматы. Эко­но­микалық өркендеу орталығы – Алматы. Мәдениет, зиялылық әлеует орталығы – Алматы. Қалалардың еркесі – Алматы. Еркеғали Рахмадиев аға мерейжасқа келген екен. Алматының әкімі уақыт тауып, қазақ музыкасының майталманына сый-сияпатын жасаған. Ғұлама ғалымдар жұбы Серік Қирабаев аға мен Әлия Бейсенова апайды отасқандарының 60 жылдығымен құттықтауды да парыз санапты. Мінеки, ару Алматы қаласы да, оның әкімі де қай жағынан алғанда да өз биігінен табылып отырғандығы осы емес пе. “Егемен Қазақстанның” басшысына осындай жан сүйінер жағдайларды бүкпесіз баяндай келе, Ахметжан Смағұлұлы қала тіршілігі бас газеттің бетінен жүйелірек көрінсе деген базына тілегін де, әрі ел өмірінің, Елбасы саясатының айнасындай басылымға риясыз тілектестігін де білдірді. “Егеменге” жазылу деңгейі былтырғыдан төмендемейтіндігіне сендірді. Өз кезегінде Сауытбек Абдрахманов Астана Саммиті қарсаңында журналист қауымы жұмыла атқарып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Алматы. ----------------------------- Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.