06 Қараша, 2010

Бізге балаларды медиазорлықтан қорғайтын заң керек

344 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мен бұл проблеманы бұрын да көтергенмін, алайда тиісті басқару орындары оған айтарлықтай мән бере қойған жоқ. Мәселе мынада, біз бүгінде өмірімізде болып жатқан ақпараттық және рухани өзгерістерден көш кейін қалып отырмыз. Әсіресе, жастар мен жасөспірімдерге компьютер­лік ақпараттың ықпалы туралы ойланбай келеміз. Әлдекімдердің тәп-тәуір бизнесіне айналған, көп ретте контрабандалық жолмен әкелінетін электрондық нұсқадағы ойындар балалардың мінез-құлқы мен психологиясына кері әсер ететін сұрапылға айналып барады. Астана мен Алматының, облыс орталықтарының супер­маркеттерінде, жеке клубтарда қаптап кеткен, осындай ойындарды көрсе­туге арналған орындар ар­қылы қатыгездік те, мейі­рімсіздік те, басқа да жа­ғым­сыз қылықтар да на­сихатталады. Оның нақты көрінісі қандай дегенге келсек, мектеп жасындағы балалардың арасында бо­лып жатқан, елдің жағасын ұстатқан оқиғалар жайында ойлануға тиіспіз. Топқа бө­лініп қақтығысу, қорқытып-үркітіп ақша жинау, қару жұмсау бір қаланың шеңбе­рінде емес, өңірлердің көп­шілігінде байқалуда. Ал мұ­ның сыры неде? Балаларға арналған ақпараттың бақы­лаусыз кеткендігінде. Аталған мәселенің өзек­тілігі соншалық, ол әлемдік деңгейде талайдан бері талқыланып келеді. 2006 жылы Гонконгте білім беру қоғамдары ұйымдастырған халықаралық ғылыми кон­ференцияда қаралды. 2007 жылы Сараевода шақырыл­ған “Біртұтас әлем. Білім беру және мәдениетаралық үнқатысу” атты салыстыр­малы білім беру қоғамдары кеңесінің ХІІІ конгресінде де арнайы сөз болды. Со­лар­дың бәрінде балалардың денсаулығы мен мінезіне кері әсер ететін элек­трон­дық және телевизиялық ақпараттар мен ойындарға қатаң бақылау орнатудың қажеттігі айтылды. Осы мәр­тебелі жиындарда кел­тірілген деректерге қарасақ, кабельдік арналар арқылы балалар күніне 17 өлім көрі­ністерін бақылап, 37 рет атыс-шабыс, ұрып-соғу се­кілді қатыгездік сценаларын көреді екен. Осының бәрінің алдын алу үшін АҚШ Конгресі 1954 жылдың өзінде теле­зор­лықтың әсері туралы мә­селені талқылаған. 1972 жылы медиазорлықтың кә­ме­летке толмағандарға теріс ықпалын 50 америкалық ғалым арнайы зерттеп, 5 томдық еңбек жазған. 2003 жылы осы елде “Балаларды бей­неойындардағы жыныс­тық қатынас пен зорлық­тардан қорғау” туралы заң қабылданыпты. 2005 жылы Ресей телеарналарының бір топ жетекшісі “Зорлық пен қатыгездікке қарсылық” хартиясына қол қойды, өздері басқарып отырған арналарда оған жол бер­мейтіндіктерін мәлімдеді. Осындай қадамға біздің те­лебасшылар барса, құптар­лық іс емес пе?! Көптеген өркениетті ел­дерде балаларды медиазор­лықтан қорғайтын арнаулы заңдар бар. Латвияда 1995 жылы қабылданған “Теле­ра­диохабар туралы” заңда оған тыйым салынды. АҚШ, Канада, Германия, Англия, Норвегия, Дания, Шведия, Аустрия, Фран­ция, Италия, Жапония, т.б. елдерде балаларды зиянды компьютерлік ойындар мен телекөріністерден қор­ғай­тын заңдар бұдан көп бұ­рын күшіне енген. Мұндай заңдар Грузияда 2001, Украинада 2003 жылы қа­былданды. Осындай қадамдарға біз де баруымыз керек. Супер­маркет дүкендерінде қаптап кеткен, бақылаудан тыс қалған компьютерлік ойын клубтарын мемлекеттік тұр­ғыдан қадағалайтын, сырт­қы елдердің телеарналарын ақпараттық сүзгіден өткізу туралы қойылып жүрген талаптарға жауапкерші­лік­пен қарайтын кез жетті. Республиканың кейбір мектептерінде болып жат­қан балалар өлімі туралы ойланғанда, кім-кімді де осы мәселе – ақпараттық қатыгездікті тоқтату мәсе­лесі толғандыруға тиіс. Бізге балаларды медиазорлықтан қорғайтын заң керек. Түрлі заңдарға сыналап енгізілген бірді-екілі баптарды зерттеп шығып, олардың жалпыла­ма әрі жайдақ екеніне, арнайы қарастырылма­ған­дықтан, көбіне орындал­майтынына көз жеткізген соң осылай деп отырмыз. Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты.