06 Қараша, 2010

Еуропарламент депутаттары – Мәжілісте

476 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасы­ның орынбасары, “Қазақстан Респуб­ли­касы – Еуропалық Одақ” атты Парла­мент­аралық ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы Владимир Бобров Еуро­парламенттің сыртқы саясат жөніндегі вице-президенті Адриан Северин бастаған Еуропарламент пен Демократия және ынтымақ жолындағы Еуропалық форум делегациясымен кездесті. Владимир Бобров меймандарға соңғы жылдары жүзеге асырылған конститу­ция­лық реформалар нәтижесі, Парламент Мәжілісінің құрылымы, заң шығару ісіндегі тәжірибелер туралы айтып берді. Еуропалық Одақ Қазақстанның сауда-экономикалық саладағы маңызды әріптесі болып табылады. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты нығайтуы туралы айта келіп, бүгінгі таңда еліміздің сыртқы сауда айналымының 40 пайызы Еуропалық Одақпен байланысты екенін тілге тиек етті. Жуырда Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың Бельгия Корольдігіне ресми сапары ынтымақ­тастықты дамытуға серпін қосты. Кездесуде тараптар сауда-экономи­ка­лық, гуманитарлық және саяси байла­ныс­тар туралы пікір алмасты. Сонымен қа­тар, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі жөнінде ой қозғалды. “Осы жылы біз Қазақстанды жақынырақ біле түстік. Жас мемлекет маңызды мәселелерді шешуге ұмтылыста өзінің ұстамдылығын көрсете білді”, – деді делегация жетекшісі, Еуро­парламент депутаты Адриан Северин. Астанада 1-2 желтоқсан күндері өткелі тұрған ЕҚЫҰ-ның Саммитіне үлкен маңыз беріліп отырғаны айтылды. Сондай-ақ парламентаралық байла­ныстарды дамыту, депутаттық комитет­тердің рөлін арттыру жайы сөз болды. Осы кездесуге Еуропарламент депу­тат­тары Кристиан Вигенин, Ричард Ноуит, Мартин ван Дамм, Норбер Жус­тен, Ян Маринус Виерсма, Катарина Не­ведалова қатысты. Қазақстан тарабынан Мәжіліс депутаттары Әмзебек Жолшы­беков, Гүлжан Қарағұсова, Шалатай Мыр­захметов, Алтай Тілеубердин қатысты. Айбатыр СЕЙТАҚ, журналист.