06 Қараша, 2010

Салаға салмақты қолдау қажет

343 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Сенаттың Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінде “2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” заң жобасындағы көрсеткіштерді талқылау аясында ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламаларын бюджеттік қолдау, аграрлық сектор салаларын әртараптандыру, аймақтық инфрақұрылымдарды нығайту мәселелері қаралды. 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет бойынша Қаржы министрінің орынбасары Л.Кармазина баяндама жасады. Белгілі болғанындай, 2011 жылғы республикалық бюджет түсімі 4 трил­лион 41 миллиард теңгені, 2012 жылы – 4 триллион 465 мил­лиард, 2013 жылы 4 триллион 470 миллиард теңгені құрайды деп белгіленіпті. Корпоративтік табыс салығы 20 пайыз мөлшерінде қалса, мұнай экспортына кедендік ставка тоннасына 20-дан 40 долларға арттырылған. Комитетте сондай-ақ “Қазақ­стан Республикасының Ұлттық қо­рынан 2011-2013 жылдарға ар­нал­ған кепілдендірілген трансферт туралы” және “Республикалық және облыстық бюджеттер, рес­пуб­ликалық маңызы бар қала, ас­та­на бюджеттері арасындағы 2011-2013 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы” заң жобалары да талқы­ланды. Экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары Қ.Бишімбаевтің сөзіне қарағанда, жергілікті бюджеттердің кірістері болжамға сәйкес 2011 жылы 922 миллиард теңге, 2012 жылы – 999,4, 2013 жылы 1 триллион 79,1 мил­лиард теңге көлемінде жоспар­ланып отыр екен. Бюджеттік субвенциялар көлемі 2011 жылы 789,9 миллиард теңге, 2012 жылы – 880,6 және 2013 жылы 865,8 мил­лиард теңге көлемінде қа­лып­тас­ты­рылыпты. Кепілдендірілген транс­ферт 8 миллиард доллар кө­лемінде айқындалған. Макроэко­но­микалық болжам бойынша 1 дол­лар бағамы 150 теңге болып бел­гіленіп отыр. Соған сәйкес Ұлт­­тық қордан республикалық бюд­жетке аударылатын кепілден­ді­рілген транферттің көлемі 1 триллион 200 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар, белгіленген саланы мемлекеттік қолдау ба­ғыт­тары туралы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары М.Ора­заев, Көлік және коммуникация ми­нистрінің орынбасары Д.Көтер­беков түсініктер беріп, депутаттар сауалдарына жауап қайтарды. Сенатор Баймаханов Павлодар каналына 436 миллион теңге бө­лінсе, ал Қызылорда облысындағы ма­гистралдық каналдарға былтыр тек 88 миллион теңге қарас­ты­рыл­ғандығына қынжылыс білдірді. Сондай-ақ депутат астық экспор­тын күшейтуге деп сұралған өткен жылы тасымалдау үшін тоннасына 40 доллар болып белгіленген қар­жының қайда, кімнің қалтасында кеткендігін сұрады. Сенатор бюд­жеттен бөлінген 12,7 миллиард тең­генің 5 миллиарды бір меке­ме­ге берілгендігімен де бөлісті. Ю.Кубайчук Қарағанды облы­сы­ның Ұлытау ауданындағы мем­лекеттік табиғи қорығына қаржы қарастыру жайына назар аудартты. 5 миллион теңге археологиялық қаз­ба жұмыстарына, 67 миллион теңге мұражай ғимаратын күрделі жөндеуге, 11 миллион теңге мұражай экспозицияларын құруға, 3 миллион теңге полиграфиялық өнім шығаруға жұмсалуы көздел­ген. Бұл сұраққа жауап берген Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Ж.Құрманғалиева Ұлы­тау ұлттық мәдени-тарихи және табиғи мұражайына деп 2011 жыл­ғы республикалық бюджетте 26 миллион 928 мың теңге қарас­тырылғандығын алға тартты. Ал археологиялық қазба және өзге де жұмыстарға қаржы 2012 жылғы бюджетті талқылаған кезде тағы қаралатын болды. Бұдан басқа, депутаттар көп­те­ген жергілікті мәселелерге назар аудартты. Атап айтқанда, заң жо­ба­сына сапалы ауыз сумен қамта­ма­сыз ету, әлеуметтік саланың құ­ры­лыс нысандары, АӨК-тің бә­секеге қабілетті салаларын дамыту, өңдеу секторлары, суармалы жерлердің тиімділігін арттыру мәселелеріне қатысты жиырмадан астам ұсыныс енгізілетін болды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.
Соңғы жаңалықтар