06 Қараша, 2010

Атқарылған жұмыс айтарлықтай

526 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Шешімін күткен мәселелер одан да көп Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қа­білетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы” атты 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан хал­қы­на Жолдауын іске асыру шең­берінде 2005-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республи­ка­сында Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың мем­лекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында ұлттық ме­дицинаның мәртебесін көтеру­ге, денсаулық сақтау саласындағы заңнамаларды кодификациялауға, оны халықаралық стандарттармен үйлестіруге, азаматтарға медициналық қызметтер көрсету деңгейін жақсартуға, денсаулық және денсау­лық сақтау мәселелеріне деген қоғамның көз­қа­расын өзгертуге бағытталған “Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Қазақстан Республикасының Кодексі қабылданды. Аталған Кодексті қабылдаудың нәтижесінде денсаулық сақтау саласын реттей­тін заңдардың мүмкіндігінше барынша мол нормаларын біріктіруге, ұлттық заңнама­лар­дағы өзара қарама-қайшылықтарды жоюға, нормаларды халықаралық стандарттарға сәйкес үйлестіруге қол жеткізілді. Кодексте халықтың денсаулығын сақтауды заңды тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған аса ауқымды шаралар белгіленді. Кодекс нор­маларын іске асыру аясында, нормалардың қол­дану пәрменін қамтамасыз ету үшін ден­саулық сақтау саласындағы бірнеше заң акті­леріне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Тұтастай алғанда, Кодексті іске асыру шең­берінде мынадай ауқымды жұмыстар атқа­рылды: – Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілді. Ол-науқастың дәрігерлер мен ме­дициналық мекемені өз еркінше таңдау прин­циптеріне, бәсекелестік кеңістікті қалып­тасты­руға және медициналық қызмет көрсету үдерісін жақсартуға, медициналық көмектің ашық та айқын болуына, нақты нәтижеге негізделген; – нақты нәтижеге негізделген ақысыз ме­дициналық көмектің кепілді көлемін қаржы­лан­дырудың жаңа моделі енгізіліп отыр. Яғни, әрбір науқасты емдеуге қажетті төлем мөлшері медициналық қызмет көрсетудің сапасын қада­ғалау арқылы анықталады. Әрбір стационарлық емдеу мекемесінде науқастың медициналық қыз­мет көрсетуге төлеген қаржысы туралы ақ­па­рат емдеуге жатқызу порталы арқылы белгілі болады; – дәрілік заттарды, медициналық мақ­сат­тағы бұйымдарды сатып алу және олармен қам­тамасыз ету жөніндегі “Бірыңғай дистрибью­тор” анықталды. Оның негізгі мақсаты тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шең­бе­рінде дәрілік заттарды, медициналық мақсат­та­ғы бұйымдарды сатушыларды табу, олармен келісім-шартқа отыру арқылы тапсырыс беру­шілерді дәрілік заттармен, медици­налық мақ­саттағы бұйымдармен қамтамасыз ету болып табылады; – “Темекі мен темекі бұйым­да­рының қауіпсіздігіне қойылатын та­лаптардың” техникалық регламенті­нің жобасы әзірленді; – жекеменшік кәсіпкерлік су­бъек­тілеріне әкімшілік қысым жа­сауды азайту, бизнеске заңсыз ара­ласуға жол бермеу, кәсіпкерлік сек­торлардың дамуына жан-жақты қо­лайлы жағдай жасау мақсатында сани­тарлық-эпидемиологиялық қызметтерді тәуекелдермен басқару жүйесі енгізілді, егер белгілі бір кәсіпкердің қызметі халыққа қауіп-қатер туғызбайтындай болса, онда оларды жоспарлы тексерудің саны бірнеше есе кемитін болады; – практикалық денсаулық сақтаудың ба­сымдылығы мен қажеттілігін ескере отырып, жо­ғары оқу орындарының стандарттарымен үй­лестірілген орта буын медициналық кадрларды даярлаудың жаңа стандарттары енгізілді; – барлық медициналық ғылыми-зерттеу институттарында, ғылыми медициналық орта­лық­тарда және жоғары оқу орындарында әлем­дік тәжірибеде бар, оқшауланған Әдеп мәсе­ле­лері жөніндегі комиссиялар құрылды. Олар­дың құрамына денсаулық сақтау саласының қызмет­керлерінен басқа қоғамдық ұйымдар­дың, діни конфессиялардың өкілдерін енгізу көзделген. Құрамына 5 инновациялық объектілер – “Ана мен баланың ұлттық ғылыми орталығы” АҚ, “Республикалық нейрохирургия ғылыми ор­талығы” АҚ, “Республикалық балаларды сауықтыру орталығы” АҚ, “Республикалық же­дел жәрдем ғылыми орталығы” АҚ және осы жыл­дың аяғына дейін құрамына “Респуб­ли­ка­лық кардиохирургия ғылыми орталығы” АҚ енетін “Ұлттық медициналық холдинг” құрыл­ды. Бұл клиникалар халыққа арнайы және жоғары білікті медициналық қызмет көрсетеді. Алайда, қазіргі таңда, денсаулық сақтау жүйесінде қордаланып қалған проблемалар бар және олар аз емес. Атап айтсақ: 1. Ана мен бала өлімі ең өзекті проблема күйінде қалып отыр. Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің статистикалық деректеріне сүйенсек: – 2009 жылы 10 мың тірі туған балаға шаққанда 1 жасқа дейінгі шетінеген балалар 182,2 болса, бұл көрсеткіш 2007 жылы 144,3-ті (2008 ж. 207,6) құрады; – 2009 жылы республика бойынша 133 ана өлімі тіркелген, ал 2008 жылы мұндай жағдай 113 болған еді. 2. Халықты дәрі-дәрмек, дәрілік заттар және құралдармен қамтамасыз етуде мынадай проблемалар орын алуда: – республиканың денсаулық сақтау ұйым­дарын сапалы, тиімді дәрі-дәрмекпен, дәрілік құралдармен қамтамасыз ету жеткіліксіз; – дәрі шығаратын ірі компаниялармен тікелей келісім-шарттың болмауы дәрілер баға­сының әжептәуір қымбаттауына алып келуде; – өздерінің дәрі-дәрмек сақтайтын жеке дәрі қоймалары мен ақпараттық ресурстар желісі болмай отыр; – препараттардың нағыз өзі емес, олардың үшінші елдерде шығарылатын аналогтарының сатып алынуы олардың сапасының төмендігіне себепші болуда. 3. Медициналық жүйелердегі кадрлардың біліктілігі төмен, бұл медициналық жоғары оқу орындарында кадрларды дайындаудың сапасын көтеруді қажет етеді. 4. Қымбат тұратын медициналық құрал-жабдықтардың пайдаланылмауы: – қымбат тұратын медициналық жабдық­тар, құралдар мен приборларды сатып алмас бұ­рын, олармен жұмыс істейтін мамандарды алдын ала дайындап алуды ескеру қажет. Қазір емдеу ұйымдары заманауи медициналық жаб­дық­тар, құралдар мен приборларды алып отыр, алайда дәрігерлер олармен жұмыс істеуді біл­мейді. 5. Аймақтарда сайлаушылармен кездесуде, азаматтарды қабылдау кезінде олар мынадай өтініш айтқан болатын. Денсаулық сақтаудың Бірыңғай ұлттық жүйесін енгізудің нәтижесінде дәрігерлер күнделікті №066 форманы толтыру­лары қажет. Бұл көп уақытты алады, яғни дәрі­герлердің өздерінің айтуынша, бір емделушіге кемінде 30 минөт қажет. Осыдан келіп, шынын айтсақ, дәрігерлердің науқасты емдеуге уақыты қалмайды. Егер осы форманы міндетті түрде толтыру қажет болса, онда мұнымен науқастың денсаулығына жауапты емдеуші дәрігер емес, белгілі бір менеджер айналысуы қажет емес пе? 6. Ең үлкен проблемалардың бірі –  әлеуметтік мәні зор сусамыр (диабет), гемофия (қан ауруы), қатерлі ісік (онкологиялық) ауруларымен ауыратын науқастарды емдеу болып отыр. Өкінішке қарай, мемлекеттік бюд­жет қаражаты есебінен осы санаттағы науқас­тар­ды түгелдей дерлік қажетті дәрі-дәрмекпен, дәрілік құралдармен жеткілікті түрде қам­та­масыз ете алмай келеміз, дегенмен, жеңілдетіл­ген диспансерлік есепке қою, тиянақты мони­торинг жүргізу, тағы басқалар арқылы оларға ерекше назар аударып, қамқорлық жасауға мүмкіндігіміз жетеді ғой. Тұтастай алғанда, “Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Кодекс­ке қол қойылған кейінгі бас-аяғы бір жылда оны іс жүзіне асыру жолында белгілі жұмыстар атқарылды. Осыған қарамастан, ағымдағы жылдың ішінде Кодексті іс жүзіне асыруда бірқатар проблемалық мәселелер де туындады. Атап айтар болсақ: 1. Халық медицинасы саласы бойынша 54-бапта уәкілетті органның құзыреті нақтылан­баған, денсаулық сақтау ұйымының емшіге сертификат беру құқығын аккредитациялаудың тәртібі мен денсаулық сақтау ұйымының емшіге сертификат беру тәртібі айқындалмаған. 2. Кодексте көрініс таппаған мінез-құлық­тық-психиаторлық сараптама жүргізу қажеттігі туындап отыр. Осы сараптаманың түрі бой­ынша нормативтік актілерде, психологтардың мәртебесін анықтауда, психологтардың қыз­мет­терін лицензиялауда қарама-қайшылықтар бар. 3. Мемлекеттік меншіктегі денсаулық сақ­тау субъектілерін “Жеке кәсіпкерлік туралы” Заңның нормаларына сәйкес бақылау жүргізу ешқандай логикаға сыймайды. 4. Кодексте бірнеше қажетті нормалар орын таппаған, сонымен бірге, бірқатар негізгі ұғымдардың редакциясы айқын жазылмаған, бұ­лар өз кезегінде фармацевтік қызметпен ай­на­лысқан кезде фармацевтика рыногына қа­тысушыларға белгілі қиындықтар алып келеді. Осыған байланысты азаматтардың денсау­лы­ғын сақтаудың заңнамалық базасын жетіл­ді­ру және Кодексте белгіленген тәртіпке сәй­кес өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Динар НӨКЕТАЕВА, Мәжіліс депутаты.
Соңғы жаңалықтар