06 Қараша, 2010

Сөз сойыл (Әзіл-оспақ, сын-сықақ)

1040 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
СҰРАҚ-ЖАУАП – Қалай ойлайсыз, қазір тауарды кімнен алған арзанырақ: өндірушіден бе, әлде оны өткізумен айналысатын дилерден бе? – Тауарды шығарып жатқан зауыттың күзетшісінен алған арзанырақ-ау деймін... * * * – Неғып жолда жол көлігі апаты жиі болады? Өйткені, біз алдағы күндердің жылдамдығына ие ертеңгі күннің көлігімен кешегі жолдармен жүйткіп жүрміз. * * * Әке, мына дағдарыс бізге әсер ете ме? – Балам, ол байшыкештерге әсер етеді, ал біздің жон арқамызды сыпырып туталақай етеді! * * * Біреу кешке әйеліне: – Қымбаттым, ертең үйге қызметтестерімді қонаққа ша­қырып қойдым. Барыңды салып, дастарқаныңды гүл-гүл жай­натуға тырысасың ғой, – дейді. Сонда әйелі: – Тағамдарды қалай дайындайын: олар жиі-жиі келгісі келіп тұратындай ма, әлде ендігәрі келместей етіп пе? – депті. * * * – Түс көруім шет тілде болса қайткен жөн? – Жаныңа аудармашы алып жатқан дұрыс. * * * – Апа, өмірлік нағыз махаб­батты қанша күтуге болады? Өмір бойы күтесің, қызым. Бірақ оған жеткенше уақыт өткізу үшін күйеуге шығып алған да дұрыс. * * * – Тіршілігің қалай? – Тура ертегідегідей. – Қалай сонда? Барған сайын қорқынышты. * * * – Сіз отбасылық өмірде бақыттысыз ба? Әрине! Әйеліміз екеу­міздің бір-бірімізді сүйетініміз сон­шалық, осымен үшінші рет ажырасқалы тұрған жері­мізден қайта татуластық. _______________________________ ҚАЙДАҒЫ МЕН ЖАЙДАҒЫ Газетке жазылған хат: “Құр­метті ре­дакция! Жа­қында ми­лиция қыз­мет­кер­лері үйіме ке­ліп, көп жыл­­дан бері күн-кө­рісім бо­лып кел­ген самогон ап­па­ратын тәр­­кілеп алып кет­ті. Білейін де­генім, мен ен­ді асы­рау­­шысы­нан айрыл­ған пенде ретінде зейнет­кер­лік­ке ерте шығуыма бола ма?”. * * * “Көлік жүргізушісі бол­сам да, бүгін кондуктордың орнына билет сатып көлік ішінде жүрдім. Ал ана құрған, кон­дук­тор­ды айта­мын, ішіп алып, айыр­мадан ұтылып, ел-жұртпен ұрсыса берген соң ол пәт­ша­ғарды рөлге отырғызып қойдым”. * * * Өтініш: “Мені айлықты көтерудің кур­сына жібе­руіңізді сұраймын”. * * * “Жалғызсырап жүрген ер­кекпін. Маңызды мәселе бо­йын­ша әйел адам­мен та­ныс­қым ке­леді. Теле­фон нөмірімді бере оты­рып айтарым, егер теле­фон­ды әйел көтере қалса, бірден нө­мір­­ден жаңылыппын дей қойыңыз...” * * * Хабарландыру: “Жар болар өмірлік қосақ іздеймін. Бірінші және соңғы қабатта тұратындар әуре болмай-ақ қойғаны жөн”. ______________________ КІМ КІМДІ ТАҢДАЙДЫ? Алаяқ аңқауды таңдайды, Аңқауды ол оңай алдайды. Ұры тұманды күнді таңдайды, Көбіне жиірек түнді таңдайды. Жалқау жайлы орынды таңдайды, Мешкей майлы орынды таңдайды. Жезөкше қалталыны қалайды, Тұзаққа түсірсе, түк қалдырмай талайды. Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ. Қызылорда. __________ ҚАЛТАФОНҒА ҚҰЛДЫҚ Қалтафон деп отырғаным – “сотовый” телефон. Пәлекетке құлдық! Ең алдымен, бетпе-бет келмей-ақ, жүзбе-жүз жүз­деспей-ақ кез-келгенге хат жазысып, айтарыңды ағыл-тегіл жолдайтының ғажап! Бастығым бассыздығымды айтып, иттерімді басыма қаптаған күннің ертеңінде аты-жөнімді бүгіп қалып, айда оған деген қыжылымды әріп­пен әспеттей теріп жолдап кеп жібердім. Сондағым: “Балық басы­нан шіриді. Қызметтің құлди­ла­ғанына бір өзің кінәлі. Бір орында омалып отыр­ғаныңа он жылдан асты. Қауаша­ғың­ның кеуіп қал­ғанын түсінсең етті. Зейнет­керлікке дейін сіре­сіп оты­ра бер­мек­пі­сің!? Жұмыс жүрсін десең, орныңды босат! Заман жастардікі. Қалғып-мүлгімей ес жинап, есің барда еліңді тап!” дедім. Ертесінде бастығыма бар­лай көз тастап едім, жүні жы­ғыл­­ған, дауысы да бәсең, ең­кіш тар­тып есеңгіреп қапты... Ішім­нен “қалтафонға құлдық” айттым. Қалтафонның тағы да бір-екі сұмдығын айтайын. Өзім де білдей бір бөлімді бас­қаратындықтан, келімді-ке­тімді кісі болып, кейбірі ұзақ-сонар “ертегі” айтып іш кептіріп отырғанда, айна­лайын қалтафон әнге басып, көзімді шарадай жандырады емес пе... Көл-көсір “көсемге” “айып етпеңіз” деп, “басекең еді” деп құтыламын-ай кеп. Кей-кейде қалтарыста өзі­ме кезіге алмай жүрген көкезу­ді көзім шалса, шыл­дыр­­ламаса да қалта құл­дығымды құла­ғыма тақап, анаумен амандас­қан болып, айда ұзақ-сонар әңгі­меге ерік беріп талтайып тұрып аламын... Ары тосады, бері тосады, шыдамның да ше­гі бар, қол сілтеп қарасын батырады... Үйде де көмегі тиеді... Әйелім әң­гі­мені әріден бас­таған­да, біл­діртпей қал­­та құл­ды­ғымнан Қилыбай құр­дастың нөмірін түртіп қоя қоя­мын... Іле-шала қоңыраулатқан Қилекеңе құлдық... Әңгімені әріден бастаған бо­лып телефонды өшірген қалпы ұзақ-сонар гөй-гөйді гулетемін келіп... Әйел қашанғы отырсын, тірлігі бар, басқасы бар, алара  қарап әріге кетеді. Несін айтайын, қалтафонның осындай-осындай ғаламат­тықтары­на риза болып жүргенімде, өзіме біреу хат жолдапты, әйелдің келесі кергуінен құтқарған бұған “бәрекел­ді” деп оқып отырмын. Онда: “Балық басынан шірісе, сенде біздегі бастың бірісің. Қыз­меттің кері кеткеніне бас бастықпен бірге сен де кінәлісің. Бір орында омалып отырғаныңа он жылдың жүзі болды. Біткен екенсің, басқара алмайды екенсің – орныңды өзгеге бұйырт! Құдайға шүкір, алымды да алғыр жастар жетеді. Орныңды босатшы, ертең-ақ ілгері кеткен істі көріп өзің де риза боласың. Миғұла болмасаң, мәмілеге кел, жөніңді тап!” делініпті... Қайтейік, бұған да құлдық... Ерсұлтан  ЖЕҢІС. Алматы. _______ ШЕН КЕРЕК ПЕ, ШЕКПЕН КЕРЕК ПЕ? “Баламды медресеге біл деп бердім, Шен алсын, қызмет қылсын деп бермедім”. Сабыр етіңіз, таңданбаңыз, мұны айтқан қазіргі емес, бұрынғының адамы. Ал қазіргілер ше? Баласы кейін пагон тағатын оқу­ға түссе – генерал болса дейді, тақ­пай­тын оқуға түс­се – баяғы, әкім (ауыл­дыкі емес) немесе министр болса екен дейді. Тәңірден сұрағанға келгенде тәбетіміз жақсы. Ол заңды да! Тәңір де тартынып қалып жатқан жоқ. Баяғыда кинодан ғана көретін генерал дегеніңіз... пожалыста, “честь” беріп те, қол беріп те амандас, керек болса құшақта, бәрімізге жетеді. Ал, қызмет дегеніңіз де қыруар. Жұмыртқадан шыға салып теңізге қарай тапа-тармағай жүгі­ретін теңіз тасбақасының бала­ларындай медресесін (оқуын) біті­рер-бітпестен қызмет іздеп шауып жүрген ел. Дұрыс! Көз майын тауысып не үшін оқыды онда? Оқудың қандай қиындықпен келетіні жайында жаныңнан шошытатын небір бейнелі сөздер бар. Солардың бірі, осы көз майын тауысу. Шамның майы таусылса, өшетінін білеміз. Көздің майы да сол. Сондықтан, оқымасақ оқымай кетейік, майымызды тауыспайық. Бірақ, шен керек, қызмет керек. Ал, ол үшін диплом керек. Міне, сол дипломыңызды оқымай-ақ алудың жолын таптық біз қазір. Оның айғағы – диплом бар, білім жоқ көбімізде. Ал, білімі жоқ деп іске жарамай қалып жатқан адам тағы жоқ. Сонымен, қасқыр тоқ, қой түгел. Басқаша айтқанда – коммунизм! Бірақ, сол басында арман етіп, кейін жеріген коммунизмді тұрғызу үшін үш қайтара оқу керек болды. Оқыдық та. Сонда, шеке тамыры ты­рыс­қан, ашушаң атаның тілімен айтқанда, “не құдай ұрды бізді?”. – Құдай ұрған жоқ, ақша деген әзәзіл сара жолдан бұрды, “Титаниктің” капи­танындай рөл­­ге барып тұрды, – дейді біреулер. Жаны бар бұл сөздің. Себебі, қазіргі ұранымыз – ақша, ақша және ақша! Шен керек пе, шекпен керек пе, қызмет керек пе, тіптен құрмет керек пе... ақшаң болса бәрі болады. “Группа түгелдей “взносын” берді, ешқайсысын құлатпа”, – деп, бетке ұстар бір жоғары оқу орнының бір оқытушысының әріптесіне тастап кеткен “запискасын” бір бетке ұстар (оппозициялық емес) газет тілшісінің қолға түсіргендігін кезінде бәріміз оқығанбыз. Ал, заңгерлер даярлайтын тағы бір бетке ұстар оқу орыны рек­торының оқытушыларға: “Сту­денттердің арқасында айлық алып отырсыңдар, құлат­саңдар өз обалдарың өздеріңе”, – дегенін өз құлағыммен естігенім бар. Бұл – түк істемесең де, айы-күні жеткен баланың өзі-ақ дү­ниеге келетіні сияқты, оқы­масаң да мерзімі жеткен соң дипломың қалтаңа келіп түседі деген сөз. Білімнің бар екендігін рас­тай алмайтын сол қатты қағаз түбінде бізді, қоғамы­мызды сазға отырғызып кетпесе деңіз. Сағаділдә ӘЖІБАЕВ. Алматы. ________ АТ ҚОЙҒЫШ Менің құрдасым Жарықбай балаға ат қойғыш. Нарықтың алғашқы жылғы қыспағына түсіп, осыған дейінгі барлық жиған-тергенін тауысып, оның үсітіне ақша да ауысып, арып-ашып жүргенде әлжуаздау болып дүниеге келген тұңғышының атын Арықбай қойған еді. “Өтпелі кезеңнен несібесі бар екен, тарықпаспыз сірә” деп ырым қылып, былтыр баға біткен бой бермей босап кеткен мезгілде туған ұлының атын Тарықбай қойды. Сол босаған баға күн сайын аспанға көтеріліп шарықтаған шақта Жарықбай жарықтық тағы бір ұлды болып, “әй, нарық деген осы екен ғой, босаған бағадай тез өсер ме екен” деп ырымдап үшінші баласының атын Нарықбай қойды. Ат қойғыш құрдасым мен зайыбының дені-қарны сау болса әлі де талай-талай тамаша тарихи аттарға қарық болатынымызға күмән жоқ. Аталық ӘБДЕШҰЛЫ. Маңғыстау облысы. _________________ СОТТАҒЫ «СОЛАҚАЙ» СӨЗ – Айыпкер, сіз 22 қараша күні ертеңгі сағат 10-да қайда болып, не істедіңіз? – Сот мырза, тура сол күні, сол уақытта сіздің алдыңызда болып, 5 маусым күні кешкі 8-де не істегенімді баяндаған болатынмын… *** – Мен сізге екі-ақ сұрақ қойдым, сіз соған 1000 теңге сұрайсыз,– деп ренжіпті біреу заң жөніндегі кеңесшіге, – тым көп емес пе? – Үшінші сұрағыңыз үшін тағы 500 теңге, – депті сонда заңгер. *** – Сіз күйеуіңізге нендей айып тағасыз? – Ол мені мысыққа теңеді. – Содан? – Нағыз мысықсың деген соң, байқап көрейін, төрт тағандап топ ете қалам ба деп үшінші қабат балконынан өзімді-өзім лақтырып кеп жіберсем… *** – Сіздің күйеуіңізбен ажы­ра­суы­ңыздың се­бе­бі не­де? – деп сұ­рай­ды сот арыз бе­руші әйел­ден. – Оған тиісудің ешқандай себебін таба алмай дал болып жүрмін. *** – Көршіңіз үйіңізге кіріп, тапа-тал түсте зорлық-зомбылық жасады деп айып тағасыз ғой? Иә! Он жыл көрші болып тұрып бір-ақ рет бас сұққанына жыным келді! Ондай ойы бар, бұрыннан-ақ “кіріп-шығып” жүрсе қайда қалып еді!.. _____________________________________ ҚҰЛҚЫН ҚУЛЫҚ Бір пенде өзінше қулық ойлап тапқан болды. Ол неке сарайын тө­ңірек­теп жүреді де, үйленіп үй болып жатқан бір топқа қосыла салады. Он­дағы қулығы осы топпен жүріп ішіп-жеу, қыз-келіншекпен танысып көңіл көтеру. Қай топқа кірмесін жігіт жағы бұны қыздың туысы екен деп, ал қыз жағы жігіттің ағайыны болар деп ойлай­тынын біледі... Бірде құдай ұрып, бұл қосыла қалған топтағы қыз жағы бұның итжеместі жеп жауласып ажырасқан бұрынғы әйелі жағынан екен... Біразы алара қарап, қауқылдасып барып бұның иттерісін басына қаптасын... Сол тойдан ауруханаға түсіп айығып шыққан соң бұл ендігәрі бөтен біреудің той-домалағына жоламайтын болған... Ал ауру қалса да әдет қалмай­ды екен, бұл тек қайтыс болған пенде атаулының жерлеуінің бас-аяғында тапжылмай жүреді... Әзірше қарны тоқ. Негізі қуып жатқан ешкім жоқ, өйткені өлген кісінің бар танысын ешкім тап басып тани бермейді емес пе... Константин МЕЛИХАН. _______________________ ЖЕТІ СТАКАН АРАҚ Жеті жасқа жеткенше, Жерден таяқ жегізіп, Сәбиін қазақ тыймаған. “Жеті қазынаның бірі” деп, Итін де қазақ сыйлаған. Құдайың да жеті нан, Садақаң да жеті сан, Жердегісін кім білген... Аспанда жеті қарақшы, Жетімен, қане, таласшы. Мен жетіге иланам, Арақ құйған екенсің Жеті стакан құй маған! ДҰҒА Өтірігін айтарда – Құдайды куә қылады. Серік болып сайтанға, Тірі адамға дұға қылады. ЖЕБІР Кеңес өкіметінің аламаны, Енді коммерсант болып саналады. Бұрын жесе жасырынып, Қазір қадалған жерінен қан алады. БІР КҮН Күні өтті әзіл-сықақ күлкінің, Баға бейне құйрығындай түлкінің. Келешекке көзі жетпей көпшілік, Амалсыздан ойлап жүр-ау бір күнін. Бәкеш АЙСИН. Қостанай. _____________________________ Мүйісті жүргізген Берік САДЫР.