06 Қараша, 2010

Көшбасшы әйел қандай болуы керек?

1704 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Еліміздің қоғамдық-саяси өмі­ріне белсене араласып, өзінің ой-пікірлерін білдіруге әркімнің де құқы бар. Бұдан нәзік жандылар қауымы да тыс қалмайды. Бұл күн­дері Қазақстанда саясатта да, өзге салаларда да іскерлігімен таны­лып жүрген қыз-келіншектер аз емес. Қазір мемлекеттік қыз­мет­­­тегі әйелдердің үлесі 58 пайыз­­дан асады. Солардың бас қосатын “Сая­саткер әйелдер” клубы Ал­маты, Астана қалалары мен Пав­лодар, Батыс Қазақстан облыста­рын­да құрылған болса, енді Аты­рауда да осындай жаңа қоғамдық ұйымның алғашқы отырысы өтті. Оған Президент жанындағы Әй­елдер істері және отбасылық-де­мо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы, Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Гүлшара Әбдіқа­лықова қатысты. – Қазақстанда әйелдердің іс­керлігі, көшбасшылық танымал­дығы артып келеді. Әйелдер ат­қар­майтын жұмыс қалмады деуге болады. Олар билікте де, заң шы­ғарушы органда да өздерінің осал еместігін байқатып жүр. Мәселен, Ақтөбе облысының әкімдігінде екі құрбымыз орынбасарлық қызметті атқарады. Атырауда облыс бас­шы­­сының орынбасары лауазымына бір құрбымыз тағайындалды. Әр деңгейдегі мәслихаттарда қыз-ке­ліншектер сайлаушыларының ама­натына адалдық танытуда. Әсі­ресе, Қостанай өңірінің мәслихат­тарында ел аманатын жүктеген қыз-келіншектер көп, – деді Гүл­шара Наушақызы атыраулық саясаткер, іскер замандастарымен кездесуде. Атырауда да көшбасшылық та­лабын ел-жұрты қолдайтын қыз-келіншектер қатары көбейе бас­тағандай. Мәселен, облыстық мәс­лихат депутаты Әлия Бекқо­жие­ваның есімі алғашында кәсіп­керлік саласында кеңірек танымал болды. Әрине, оның кәсіпкерлігі алыпсатарлыққа мүлдем үш қай­наса сорпасы қосылмайды. Ха­лық­тың күнделікті тіршілігінің күйбеңімен көбірек бас сұғатын тұрмыстық қамту үйінің жұмысын жандандырудан бастаған кәсіпкер келіншектен көмек қолын сұ­рау­шылар жетерлік. Алғашқы еңбек жо­лын осында бастағаннан әлі та­бан аударған емес. Ол мұқтаждарға көмектесуден де тартынған емес. Сонымен бірге, өңірдегі кәсі­п­­керлер мен жұмыс берушілердің облыстық одағына да жетекшілік етеді. Кәсіпкерлердің сөзін сөйлеп, кедергілерді болдырмаудың қам-қа­рекетімен шапқылап жүретініне талай куә болғанбыз. Әсіресе, ке­ден­шілер мен кәсіпкерлерді жиі жүз­­дестіреді. Атқаратын қоғамдық жұ­мысы да жетерлік. Өз бағын мәс­лихат сайлауында сынап еді, сай­­­лаушылардың сеніміне ие болды. Мәслихатта да, өмірдің күн­де­лікті тірлігінде кездесетін былайғы сәттерінде де Әлия секілді жұрт­шы­лықтың сеніміне жол тапқанның бірі – Толқын Бейісқали. Өңірдің бір қиырындағы Қызылқоға ауда­нының мәслихатына хатшылық ете­тін Толқынның мамандығы мұ­ғалім. Мәслихаттың сессияларын­да, жұртшылықпен жүздесулерде салмақты ойын айтады. Атырауда көшбасшылық талабымен таныл­ған­дар қатарын тек Әлия мен Тол­қынмен шектеуге болмайды. Он­дап, тіпті жүздеп санауға болады, дегенмен, бұл екеуін текке мысалға алып отырған жоқпыз. Бұл екеуі де ойын ашық, әрі жатық жеткізе алатын шешендік мектептен дәріс алғандай шебер сөйлейді. Тыңдау­шы сөзімен ұйыта алу да, тыңдата алу да оңай емес десек те, бұл жөнінен Әлия мен Толқынның бір артықшылығы байқалады. Атыраулық саясаткер әйелдер клубының алғашқы басқосуында аттарын атаған қос арудың алғаш­қылардың қатарында мүшелікке қабылданғанын орынды санадық. Рас, өзгелерін де құптаймыз. Оты­рыста Әлия да, Толқын да өз ойын білдірді. Және бір адам жөнінде ерекше тоқталудың реті бар. Аты­раулықтар ғана емес, өңірде алғаш құрылған “Теңізшевройлдай” шет­елдіктермен бірлескен кәсіп­орын­ның басшылары да айрықша құр­мет тұтатын Мәрия Қаражігітованы барша таниды. Қазақша, орысша және ағылшынша сөйлегенде та­лайды таң-тамаша қалдыратын Мәрия апаның жүзінен ұдайы шуақ төгіліп тұрады. Бірлескен кә­сіп­орында беделді лауазымда жұ­мыс істегенмен, қазақтың үлкенге – құр­мет, кішіге – ізет көрсету қа­ғидасымен, қарапайы­мдылы­ғы­нан танған емес. Өңірдің әлеу­мет­тік ахуалы үшін талай шыбын жа­ны шырқырап жүргенін көрдік. Бір­лескен кәсіпорын басшыла­ры­ның сөзін ағылшын тілінен қазақ­шаға тікелей аударма жасаудың алғаш­қы жүлдесін салған өнегесі жас аудармашыларға үлгі бол­ған­дай. Оны бірлескен кәсіпорын мен жұртшылық арасындағы дәнекер десе артық емес. – Көшбасшы әйел қандай бо­луы керек? – деп сауал тастады Мәрия Қаражігітова атыраулық саясаткер әйелдер клубының ал­ғашқы отырысында. – Рас, сая­сатта, не өзі жұмыс істейтін салада табысқа жеткенін орынды делік. Бірақ бұл аздық етеді. Көшбасшы әйелдің жетістігін тек мұнымен өлшеуге болмайды. Меніңше, көш­басшылыққа жетудің және бір жолы бар. Ол – өнегелік жол. Әй­ел ең бірінші, отбасының ұйыт­қы­сы, өмірге ұрпақ әкелетін, бала тәрбиелейтін ана екенін ұмытпауы тиіс. Қазақтың әйеліне тән ибалы мінезбен ерінің абыройын асы­рып, мейірімді, қайырымды, сана­лы ұрпақ тәрбиелеумен де өзге­лерге үлгі-өнеге болуы, ерек­ше­ле­нуі тиіс. “Әйел бір қолымен бесікті тербетіп, екінші қолымен әлемді әлдилейді”, деп тегін айтылмаған ғой. Қазақ әйелі соған лайық бол­ғанда ғана оның көшбасшылығына ешкім шек келтірмейді. Ұлағатты отбасынан алған тәр­биесін ата жолын жалғаған өз ба­ла­ларына үлгі-өнеге етіп, бір әу­леттің жан жылуы болып отырған Мәриядай жанның пікірі әр кімге ой салғандай. Айтқандай, саясат­кер әйелдердің Атыраудағы клу­бына Нұрлы Әйтиева жетекшілік ететін болды. Оны клубтас құр­былары бірауыздан қолдады. Ал клуб мүшелері ел экономикасын өр­кендетуге, мемлекетімізді әлем­де­гі беделді, қуатты, дамыған, зай­ырлы Қазақстан ретінде танытуға үлес қосу жөнінде қарар қабылдады. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.