07 Қыркүйек, 2010

Шуақ пен шапағат

539 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
SOS Қазақстанның балалар қалашығына 10 жыл Мейлі жақсы болсын, жаман бол­сын, әйтеуір жаһандық жаңа­лықтарға тез бейімделіп келеміз. Бір жағынан, әрине, түсінетін адамға бұл да жақсы. Әлемдік көштен қалмау, жаһандық даму үрдістеріне жаңа болмыспен, жаңа серпіліспен араласа білу дегендей, тағысын тағы кете бермек. Бірақ, жаһандық көш деп алып, мейлі қисыны келсін, келмесін, әйтеуір дұрысқа да, бұрысқа да, басымызды тықпалай бермегеніміз жөн секілді. Ежелден бері халқымызда “же­тім” деген сөз ауызға көп алынбай­тынын жақсы білеміз. Имандылық пен бауырмалдылықты ұлт тәр­бие­сінің темірқазығына айналдыратын даңғыл жол Құдайға шүкір, салын­бады емес, салынды. Дегенмен, ХХ ғасыр басталғаннан бері халқымыз­дың ұлттық санасы неше түрлі сырт­қы факторлар кесірінен ула­нып келе жатқаны рас. Соның жа­ғымсыз көрінісі “жетім” деген сөзді қойып, “жетімдер үйі” деген атау орнығып барады. Кезінде, құлаққа жағымсыздау естілетін сол сөзді айт­пақ түгілі, ол туралы ойлаудың өзі адамның санасына, одан қала берді жүрегіне инедей қадалып, әсер етуші еді. Ал қазір ондай сөздер қанша жерден көп айтылып жатса да, байқап отырсақ, ешкім­нің жүрегі де, санасы да былқ ет­пейді. Мың жерден қоғам болып қарсы күресіп, жетім балалардың санын азайту қамын жасап жатсақ та адамдардың уланған сана-сезі­мін, өз өміріне деген жауапкер­ші­лігін, ұрпағына деген сүйіспен­ші­лігін, ең бастысы, адамдық айна­сын түзетуге шамамыз жетпей отыр. Иә, әр мемлекет жетімдердің санын азайту үшін көптеген істер жасап жатыр. Халықаралық қорлар да жетім балаларға қамқорлық көр­сетуде. Олар көбіне бір ғана мақсат аясында жұмыс жасайды. Яғни же­тім балаларға мейілінше көмек көр­сету десек, сондай халықаралық қор­дың бірі – SOS Kіnderdorf Іnternatіonal қоры. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ата-аналарынан айырылған жетімдерге қамқорлық көрсету мақ­сатында 1949 жылы Австрияда Герман Гмайнер деген меценат өзінің барлық қаражатына балалар қалашығын салады. Бұл қалашық­тың салынуы халықаралық қордың құрылуына негіз болады. Осы қор ая­­сында бүгінде жетім балаларға ар­­нал­ған қалашықтардың саны 450-ге жетіп отыр. Ал біздегі ананың аялы алақанынан айырылған ба­лаларға арналған осындай қалашық 1997 жылы алғаш рет Алматыда, одан кейін 2000 жылы Астанада жә­не 2005 жылы Теміртауда бой кө­терді. Халықаралық қордың тіке­лей де­меушілігімен салынған қала­шықтар еліміздегі жетім балаларға қамқор­лық жасап жатса да, же­тім балалар мәселесі әлі түпкілікті шешілмей жа­тыр. Сол 2000 жылы Астанада құ­рылған “SOS Қазақ­станның ба­ла­лар қалашығы” өткен жексенбі күні өздерінің 10 жыл­ды­ғын атап өтті. Қалашықта тәрбие­ле­ніп жатқан бүлдіршіндерді құт­тық­тауға халықаралық SOS Kіn­der­­dorf Іn­ter­natіonal қорының прези­ден­ті Хель­мут Кутин арнайы келді. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған жас жүректерге аз да болса медеу бол­сын деп Білім және ғылым минис­тр­лігі, Астана әкімдігі, Республика­лық ұланның гвардиясы, Мұсылман қыз балалар және аналар департа­менті мен қаланың бірнеше кәсіп­орын­да­ры балалар қалашығына келіп, өз­де­рінің сыйлықтарымен жас жеткін­шектерді қуантты. Балалар қалашы­ғында мерекелік сахна ұй­ымдас­тырылып, балалар құттықтау­шы­ларға ән мен биден шашу шашты. “Он жыл бұрын біздің қала­шы­ғымыз Астананың бір бөлігіне айналғанына қуанып едім. Балалар­дың жақсы өмір сүрулеріне біз де, сіздер де қолдарыңыздан келген көмекті аяған жоқсыздар. Осыдан үш күн бұрын Қазақстанның бі­рінші ханымы Сара Назарбаеваға Қазақ­стандағы балалар мен отбасы­лардың жақсы өміріне сіңірген елеулі еңбегі мен Балалар қалашы­ғының қалыптасуы мен дамуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін Ха­лық­аралық SOS Kіnderdorf Іnternatіonal қорының жоғары дәрежелі “Құр­метті алтын сақинасы” сыйлығын табыстаған болатынмын. Ал енді мінеки, бүгін өз балаларымның ор­тасындамын. Мен үшін бұдан ар­тық бақыт жоқ шығар” – деп ағы­нан жарылды халықаралық SOS Kіnderdorf Іnternatіonal қорының президенті Хельмут Кутин. Балалардың көздеріне қарап, ерік­сіз ойға батады екенсің. Оларға ұлттық тәрбие мейлінше көп бе­ріл­се екен дейміз. Кейін, еліміздің да­муына олар да бір кірпіш болып қа­­ланаты­нына зор үмітпен қарай­сың. Бірақ, жетімі бар қоғамнан жетімі жоқ қоғам әлде­қайда мейі­рімді, салиқалы, қайы­рым­ды бола­ты­нын әсте ұмытпасақ екен. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ. --------------------------------- Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.
Соңғы жаңалықтар