07 Қыркүйек, 2010

Әлем өткен аптада

364 рет көрсетілді
Соғыс аяқталды Өткен аптаның басты оқиғасы АҚШ-тың Ирактағы әскери мис­сия­сының аяқталуы болды. Енді бұл елде 50 мың АҚШ әскері қалғанмен, ол Ирак қарулы күш­терін дайындау мәселесімен шұ­ғылданады. Жеті жылдан аса уа­қытта АҚШ әскери миссиясын жү­зеге асыруға 1 трил­лион дол­лар­дан астам қаржы жұмса­лыпты, 4400 әскері қаза тауып, 35 мың адам жараланыпты. Келесі жылдың аяғында АҚШ өз әскерін толық алып кетпек. Президент Барак Обама сайлау науқаны кезіндегі уәдесінде тұрды. * * * Карзай келісімді қалайды Ауғанстан президенті Хамид Карзай “Талибан” қозғалысымен келісім жүргізетін кеңесті жасақ­та­ды. Оның құрамы 50 адамнан тұрмақ. Көп үміт соның құрамына жүк­телмек. Өйткені, онда бұрын­ғы жасақшылар да, әйелдер де, оппозиция өкілдері де, сондай-ақ үкімет мүшелері де бар көрінеді. Бұл қарсыластарға, яғни “Тали­бан” жағына айтарлықтай сенім тудырады. * * * Арың таза ма? Қырғызстан президенті Роза Отунбаеваның мемлекеттік қыз­метке алғанда адамдарды жалған­дық детекторынан өткізу туралы жарлығы расында да таңданарлық оқиға. Адалдықты полиграф кө­мегімен анықтау сірә қылмыс­кер­лерге қатысты шара болса керек. Әңгіме идеяға, мүддеге адалдық туралы болса, жалғандық детек­то­рынан уақытша үкімет мүше­ле­рінің көпшілігі өте алмайтын шы­ғар. Бұл елде бүгінгі одақтастар ертең бір-біріне жау болуы әдеттегі нәрсе іспеттес. * * * Қорғанысқа қаржы аямайды Сауд Арабиясының үкіметі әскерилер мен қауіпсіздік қызметі адамдарының жалақысын көбейту туралы шешім қабылдады. Елдің бір жылда қорғанысқа жұмсайтын қаржысы 41 миллиард долларды құрайды. Бұл дегеніңіз мемле­кеттік шығынның үштен бірі. Осылайша бұл ел қорғанысқа ең көп қаржы жұмсайтын елдердің біріне айналып отыр. Мұнда қарулы күштер құрылымдарында 175 мың адам бар. Халқының санына шаққанда бұл да аса жоғары көрсеткіш. * * * Каддафи ақы сұрайды Қазір Еуропаға Африкадан келіп жатқан иммигранттар шын мәнінде үлкен проблемаға айна­лып отыр. Біраз елде ол әлеу­мет­тік, тіпті саяси қиындықтар ту­дыр­ды. Ливия көсемі Муаммар Кад­дафи Еуроодақ басшыларынан бұл мәселені шешу үшін, яғни африкалықтардың ағынын тоқтату үшін 5 миллиард еуро беруді талап етті. Әйтпесе Еуропа қара құр­лыққа айналады деп қорқытты. Ал африкалықтарды қалай тоқта­та­тынын нақты айтқан жоқ. * * * Жерлеу орны дайын Ресейдің ЛДП көсемі, әркез оғаш ойлары, әдепсіз әрекет­те­рімен көзге түсіп жүретін Влади­мир Жириновский жұртты тағы бір таңдандырды: ол біраз атақты адамдар жерленген Троекуров зиратынан өзін жерлейтін орын сатып алған көрінеді. Бұл үшін Жириновский 2 миллион рубль тө­лепті. Өлсе көмусіз қаламын де­меген шығар-ау, өлгенде де бе­дел­­ді жерде жатқанды ойлаған болар. * * * Тәжіктерге тиісті Бір жанкештінің Тәжік­стан­ның Қоджанд қаласында өзін-өзі жаруынан 25 адам жарақаттанған, ал жергілікті БАҚ хабарларына қарағанда, 10-15 адам қаза тапқан көрінеді. Бұның қайсысы шындық екенін уақыт көрсетер, ал бір шын­дық – оны жүзеге асырған Өзбекстан ислам қозғалысы екені. Согди облысындағы Исфара қаласы экстремистердің орталығы саналады және олар осында бел­сенді әрекет жасайды. Кезекті бұл әрекеттерін олар осы қалада қыл­мыстары үшін түрмеге жабылған серіктерін босатуға арнаған екен. Бірақ бұл олар үшін сәтсіз аяқталып, тек жанкештінің өзін құрбан ету әрекетімен шектеліпті. * * * Қайта келген өрт жаман Ресейде аптап ыстық басыл­ған­нан кейін алапат өрт те сая­быр­лағандай еді. Бірақ бейсенбі күні Волгоград және Саратов об­лыстарында тілсіз жау қайта шап­қандай болды. Одан 502 құрылыс, оның 380-і тұрғын үй күлге ай­налды. Ең жаманы – одан 20 адам зардап шегіп, оның алтауы қазаға ұшыраған. Қатты жел өртті өршіте түскен. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.
Соңғы жаңалықтар

Доллар бағамы қайта өсті

Қаржы • Бүгін, 16:12

Ұқсас жаңалықтар