07 Қыркүйек, 2010

“Кадр мен қадірдің арасындағы өлшем”

440 рет көрсетілді

Жазылған жайдың жаңғырығы

(“Егемен Қазақстан” 2010, 25 тамыз)­ “Егемен Қазақстан” газетінде 25 тамызда тілші Б.Тайжанның “Кадр мен қадірдің арасындағы өлшем” атты мақаласы жарық көрді. Біздер, Қызылорда облысының бір топ ардагерлері, ол мақаламен таныс­қаннан кейін, өз ойымызды жеткізуді жөн көрдік. Осы толғандыратын тақырыпқа негіз ойлы ақсақалдың газет қосынына те­ле­фон шалып: “Шымкенттің ажарын кір­гі­зіп отырған, көп тірліктің басын қайыр­ған облыс басшысы А.Мырзах­ме­товтің соңғы кездері кадр ауыстыруды жиілетіп, кей­бір іскер жігіттерге қиянат болып жат­қан жоқ па?” деген сұрағы болған екен. Өнегелі өмір қашанда өміршең. Ел жақсы мен жайсаңды қалың топтан жаңылмай танып, еңбегінің әділ бағасын беріп отырады. Деңгейі биік, дәрежесі дара азаматтарын замандас­тары кейінгі ұрпаққа әрдайым ұлағат тұтады. Өйткені, халықтың айрықша ықыласын иеленген айдыны тұнық аза­маттың тұғыры қашанда берік, еңсесі қашанда биік болмақ. Кадрлар тұрақтанбай қоғамда эко­номикалық және әлеуметтік тұрақтану болмайды. Қазіргі таңда кадр саясатын жүргізуге Елбасымыздың өзі үлкен мән беріп отыр. Кадр іріктеу, орналастыру және тәрбиелеу мәселелерін жүйелен­ді­ру қажет. Оның үстіне тәжірибелі кадр­лармен қатар жас, жігерлі, нарыққа бейімделген кадрлар арасында үйле­сімділік саясатын жүргізген жөн. Егер білім мен теорияны тез арада үй­ренуге болатындығын, ал практика­лық тәжірибе ондаған жылдар бойы жиналатындығын және оның ішінде ұйымдастырушылық қабілет жүздеген кадрлардың арасында санаулысында ғана кездесетінін ескерсек, жоғары мем­лекеттік қызметтерге тарту үшін кадр­ларды іріктегенде төменнен жоға­ры қызметтерді басынан өткерген, тау­қыметін көріп, қыр-сырын меңгерген­дердің ішінен таңдап, үлкен мекемелер мен кәсіпорындардың, басқармалар­дың, аудандар мен облыстардың бас­қару жүйесін сеніп тапсырса, барынша аз қателескен болар еді. Елбасының тарапынан ескертулер бол­ғанымен, өз командасын жасақтау, небір тәжірибелі, өнегелі, іскер кадр­лардың ретсіз, жөнсіз босатылуы, ауыс­тырылуы азаймай келеді. Егер орнына барған кадрлардың іскерлігі жоғары болып жатса, сөз жоқ, ал екі сөздің басын құрай алмай, өздерінің қосары аз, жоғарының берген тапсырмаларына ғана бас шұлғып отырғандарының жиі кездесетіні, артында қолдаушысы бар­лар­дың ғана ауыспай, иә деңгейлес қыз­метке ауысу немесе қызметтері жо­ғарылайтындары да жоқ емес. “Кадр бәрін шешеді” деген темір­дей тегеурінді қағида ешуақытта да мә­нін жоймақ емес. Қазіргі Қазақстанның қалыптасуына жасампаздық жұмыс жасалып жатқан кезеңде бізді тек жоқтан бар жасайтын талантты, білікті (жердің көгін көктейтіндей), қабілетті, қасиетті және жаны да, ары да таза кадрлар ғана ілгерілете алады. Олар же­ке басының жүріс-тұрысы, сөзі, тұр­мысы, жұмыс істеу мәдениетімен, ізде­нуімен, жаңашылдығымен жұртқа өнеге болып, ешбір оқшауланбай, өз хал­қымен бірге күліп, бірге қиналуы тиіс. Тәуелсіз мемлекетімізді өркениетті елге айналдыру жолындағы қажырлы істе ежелгі жұрт – қазақ халқына, оның көзі ашық, көкірегі ояу аза­мат­тарына зор тарихи жауапкершілік жүк­теліп отыр. Тілші Б.Тайжан қоғамда орын алып отырған кадр мәселесіндегі жетістіктер мен олқылықтарды көкейге қонымды дөп басып көрсеткен. Оңтүстік Қазақстан облысындағы игі істердің негізгі ұйытқысы, өзегі бо­лып жүрген бірқатар аудан әкімдеріне лайықты баға берілген. Әсіресе, И.Әбі­шев, С.Әбдіқұлов, Б.Сыздықов туралы білдірген лебіздері бізге қатты ұнады. “Жақсы лебіз жан семіртер” деген даналыққа ден қойып, әрбір салада атқарылған ақ та адал істі дер кезінде ел, халық алдында орнымен бағалап, осыған орай қошемет-құрмет жасалуы әділеттілік болмақ. Сонымен қатар, тілші кейбір бас­шы­ларға сын көзбен қарап, ой елегінен өткізген. Біздің Қызылорда облысы – Оң­түстік Қазақстан облысымен шекара­лас, қойы қоралас, қатар жатқан, кадр­лары өте таныс, проблемалары ұқсас облыс. Сондықтан да аталған мақа­ла­мен таныса отырып, азды-көпті өмірдің ащы-тұщысын көргеніміз бар, өз пікір­лерімізді білдіруді жөн көрдік. Әділ шешімге ешкімнің реніші бола бермейді, ал кадрға ретсіз, әділетсіз, қия­натпен атына, абыройына нұқсан келтірілсе, елдің арасында зәбірленген емес, зәбір берген басшының аты ай­ты­лып жүреді. Ондай облыс басшы­­лары да болған. Басшыға парасаттылық, кемеңгерлік белгісі – кішіпейілділік, кеңдік, са­бырлылық, ақылмен басқару жарасады. Лайым басшыларымыз соған лайық болғай. С.Шаухаманов, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы; Ж.Шарипов, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, облыстық мәслихаттың бақылау комиссиясының төрағасы; Т.Маханов, Қызылорда облысының құрметті азаматы, бұрынғы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты; Ж.Сарбалақов, экономика ғылымдарының докторы, ардагер; Ж.Бодықбаев, бұрын бірнеше аудан басшысы болған ардагер. * * * Белгілі журналист Бақтияр Тайжанның “Кадр мен қадірдің арасындағы өлшем” атты мақаласында кадр тәрбиелеу мен таңдауда орын алған кейбір кемшіліктер жайлы өте орынды жазылған. Соның ішінде Созақ ауданының әкімі туралы білдірілген пікір өте орынды деп білеміз. Созақбай Әбдіқұловтың көп жылдардан бері, оның ішінде соңғы он жылдан астам мерзімде ауданымыздың әкімі ретінде елдің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын кө­те­ру­ге сіңірген еңбегін Созақ елі жақсы біледі және оң бағалайды. Кадрдың еңбегін баға­ла­май, қызметке кадрды сұраныс немесе тап­сыр­ма бойынша тағайындау мүлде қате саясат деп есептейміз. Соның салдары қоғамның даму бағытына зиянын тигізетіні сөзсіз. Сондықтан да кадр мәселесін жоғары деңгейдегі басшы­лардың аса жауапкер­шілікпен қарап, халықтық пікірлерді ескере отырып шешкені жөн. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған­нан бері жан-жақты дамып, экономикалық-әлеуметтік өсу бағытында елеулі жетістіктерге жетіп, халықаралық беделі арта түскені бүкіл әлемге айқын. Әрине, бұл Елбасының жүргізіп отырған парасатты саяси бағытының, бүкіл республиканы мекендейтін барлық ұлт өкіл­дерінің ынтымағы мен бірлескен жұмысының нәтижесі. Алайда соңғы кезде осы жетістіктерді асыра бағалауға тырысу, тоқмейілсу, басшыны көрінер көзге тым асыра мақтау, жоғарыға көріну үшін толық негізделмеген ақпараттар беру, заңсыз және бітпеген құрылыстарды бітті деп жариялау сияқты фактілер жиі көрініс бере бастады. Тағы бір көпшіліктің көңіліне тікен болып қадалатын мәселе – ол сыбайлас жемқорлық, жең ұшынан жалғасу, парақорлықтың шенеуніктер тарапынан жиі орын ала бастауы. Міне, осыларды ойлана келе сана тәрбие­­шісі болып саналатын баспасөзде, оның ішінде біздің ақпарат құралымыздың бірегейі “Егемен Қазақстан” газетінің беттерінде жоғарыда айтқанымыздай толғандырар тақырыптардың жиі басылып отыруын қалаймыз. Таралымы жоғары, қоғамның өмірінде алатын орны өте зор бас басылымда алдағы кезде жетістіктермен қатар кемшіліктерді терең талдап, батыл да тиімді мақалалар жарияланады деп сенеміз. Газетте бүкпесіз ойлардың берілгені ләзім. Біздің осы пікіріміздің де басылуын сұранамыз. Қасымжан ӨМІРҰЛЫ, журналист. Аманбек МҰСАБЕКҰЛЫ, еңбек ардагері. Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған кенті. * * * Редакциядан: Екі хаттың авторлары меншікті тілші мақаласындағы көкейге қонымды ойларға қолдау білдірген екен. Расында да, бұрынғы кеңес кезеңінде кадрлармен жұмыс, оларды іріктеу, тәрбиелеу жөнінде оңды тәжірибе жинақталғаны талас тудырмайды. Ол тұста бөлімше немесе ұжымшар басқарып көрмеген адамның кеңшар директоры бола қалуы, кеңшар деңгейінің мектебінен өтпеген адамның ауданды басқара қалуы, сондай-ақ ауданда, қалада өзін танытпаған кісінің облыста лауазымды тұлғаға қол жеткізе салуы қиын, тіпті мүмкін де емес болатын. Әр нәрсенің өз жолы, өз жөні бар еді. Сонымен қатар, қазіргі заманның жүрдектігін, нарық заңдылықтарын, менеджмент сырларын жас мамандар тез қағып алатынын да ескерген жөн. Жас кадрлардың аяқ астынан жоғарылап жататын жайларының талайы өзін өзі ақтағанын көріп те келеміз. Тегінде, бар мәселе, орысша айтқанда, “золотая серединада”, яғни білім мен тәжірибенің алтын аралығын табуда болса керек. Тілші мақаласы да осы мақсатпен жарияланған, онда облыс басшысының көп тірліктің басын қайырып отырғаны да айтылған. Сонымен бірге, облыс, қала, аудан әкімдері жауапты қызметке тағай­ындалғанда оларға сол өңірдегі кадр мәселесі де сеніп тапсырылатынын ескермеуге болмайды. Мұның өзі әкім құзіретіне толық жататын мәселе. Мақаладағы жекелеген кадр ауыстыруларға қатысты тілектерге жұмыстың жақсара түсуіне орай айтылған ұсыныс, жанашырлық деп қараған орынды.
Соңғы жаңалықтар

Мәулен Әшімбаев Қытай халқына көңіл айтты

Парламент • 02 Желтоқсан, 2022

Шекараны бүкіл ел қорғайды

Қоғам • 02 Желтоқсан, 2022

Ұқсас жаңалықтар