07 Қыркүйек, 2010

Талғар Талдықорғанды тамсандырды

905 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Осыдан біраз жылдар бұрын: “Талғарым Алатаудың бөктерінде, Бір табан жақын жатыр көкте күнге” деп жырлап, сол өлеңді кітабымызға да енгізген едік. Ауданның мәдениет күндерінің салтанатты ашылу сәт­терінде осы жыр жолдары Алматы облысының әкімдігі мен Мәдениет сарайының ортасындағы кең алаң, ашық аспан астында күмбірлей қалықтап алдымыз­дан шыққанда кәдімгідей қуанып қалдық. Облыс орталығына 500 адам­дық үлкен делегациямен күллі Талғар қотарыла көшіп келіп жатқандай бол­ған ма­ңызы зор оқиғаға иненің жа­су­ындай болса да өзіңнің қатысты­лы­ғың­ды сезіну де аз ғанибет емес көрінеді. Талғар шын мәнінде де күнге, нұрға, жақсылық атаулыға жақын жер, ежелден құт дарыған өңір. Осы жайларды аудандардың мынадай мәністі мәдениет күндерін дәстүрге берік енгізген облыс әкімі Серік Үмбетов те, аудан әкімі Талғат Өмір­әлиев те баса айтты. Тұрар Рысқұлов сынды үлкен қайраткер туған, Бауыржан Момышұлының алғашқы батырлық ақ жолын бастап майданға аттандырған Талғар әрқашан өмір­шең  өнегеден жазған емес. Ұлттық театр өнерінің жұлдызы Ыдырыс Ноғайбаевты демограф Мақаш Тә­тімовті, қазақ баспасөзі саңлақ­тарының бірі Бекболат Әдетовті һәм басқа атақты түлектерін талғар­лық­тар орынды мақтаныш етеді. Соңғы уақытта Талғар даңқы дү­ниенің төрт тарабына тарады десек те болады. Шілде айында тау баурайындағы “Ақбұлақ” демалыс кешенінде табысты өткен ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министр­лерінің саммиті ел мен жердің қа­сиетін таныта түскендей. Ал келер жыл­дың басында Жетінші ақ Азиа­даның биатлон мен фристайльдан жарыстары Бесқайнар ауылдық округі аумағындағы биік таулы Табағанда өтпекші. Мұның бәрі тал­ғарлықтар үшін әрі мерей, әрі мол жауапкершілік жүктейтін үлкен сын. Соған орай үдеден де шығулы. Серік Әбікенұлының Талғар қайта өркен­деп-өрлеуді бастан кешіп жатыр деп жағымды баға беруі жайдан жай емес. Жолдар мен көшелерді жөн­деуге, жиекжолдар салуға бөлінген қыруар қаржы ілкімді игерілуде. 45 мың халық тұратын үш ауылдық округте газ желісі тартылып, құдай қаласа, көп ұзамай үйлеріне көгілдір отын кіргізіліп берілмекші. Шағын және орта кәсіпкерлік одан әрі даму үстінде. Қазір ауданда көкөніс өсіретін 36 жылыжай жұмыс істеп тұрса, жыл аяғына дейін олардың саны 70-ке жетіп жығылмақ. Талғар мәдениетінің тамыры тереңде. Орта ғасырларда мұнда Ұлы Жібек жолы бойындағы Талхиз қа­ласы сауда-саттығымен, өрелі өр­кениетімен дәуірлеп тұрған. Ендеше, Талғар қаласының орталығында та­рихи өлкетану мұражайын ашпаққа ниеттенуді өте құба-құп демекпіз. Бұл күндерде ауданда 4 мәдениет үйі мен 4 кітапхана қызмет етіп жатса, шалғайдағы Нұра ауылының мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге Елбасының “Жол картасы” бағдарламасы аясында 120 миллион теңге қаржы бөлініп, өнер орда­сының ғимараты қазірдің өзінде көз тартар кейіпке еніпті. Облыс әк­і­мінің қабылдауында сөз алған мәдениет үйінің директоры, өзі де өнерлі азамат, айтыскер ақын, әнші әрі сазгер, жуырда ғана Шымкентте өткен республикалық шешендік өнер байқауынан екінші орын алып жүлделі оралған Әбдіғани Бәзілхан осы игілікті жайларға қуанышын жасыра алмай, алғысқа толы лебізін түйдекті жыр шумақтарымен түйін­дегені жарасымды шықты. Сонымен бірге, тарихи Отанына жеткенше тағдыр теперішін де аз көрмеген осынау оралман жігіттің: “Тарықсаң – Талғарға бар” деген сөздің рас­тығына көзім жетті” деп тәмсілдеуін де Серік Әбікенұлы жылы шы­раймен күлімсірей қолдады. Әрбір келген сайын жаңарып көркейе түскен Талдықорғаннан да үйренерлік үлгі жетерлік. Жақында мұнда ел Президенті Нұрсұлтан На­зарбаев болып, жұмысқа жақсы баға беріп кеткенін білеміз. Бір ғажабы, облыс биыл мол астық жинады. Бас­қа да экономикалық-әлеуметтік көр­сеткіштер жоғары. Қызылағаштағы қасіретті қиыншылық елдік пен бірліктің арқасында артта қалып, ол жерге кент орнады. Соңғы уақытта бой көтерген Достық үйі, Тілдер сарайы, Спорт кешені Жетісудың көркіне айналды. Кербұлақ өңірінде туған қазақтың ұлы ақыны Сүй­інбай, Қабанбай батыр ескерткіштері баба­лар рухына, әрі өткен тарихқа құр­метіміздің белгісіндей. Талғар ауда­нының әкімі Талғат Өмірәлиев пен аудандық мәслихат хатшысы Рая Ыд­ралиева бастап Жетісудың бұлбұлы ақын Сара ескерткішіне гүл шоқта­рын қойғанда шуақты сезімге бө­лен­геніміз содан болар. Алдағы уақытта мұнда біртуар Нұрғиса ес­керт­кішінің орнатылатыны бір ға­нибет болмақ. Осы ретте Талғарда да қастер тұтар­лық тұлғалар бар. Мы­салы, Райым­бек батырға бата берген абыз Әлме­рек абыз бабамызға аудан орталы­ғы­нан неге ескерткіш қой­мас­қа?.. деген орынды ой тілге тиек етілді. Мәдениет күнінің бағдарламасы да бай болып шықты. С.Сейфуллин атын­дағы облыстық орталық кітап­ханада Талғардан түлеген атақты демограф ғалым Мақаш Тәтімовтің таяуда ғана баспа жүзін көрген “Демографияның жаһандануы” атты аса құнды ғылыми еңбегінің тұ­сау­кесері өтті. Осы арада айта кетсек, Алматы облысы әкімінің қолдауы­мен жылына елу-алпыс аталымға дей­ін шығып жатқан ақын-жазу­шы­лар кітаптарының арасында талғар­лық авторлар да баршылық. Облыстың орталық алаңы мере­келік әдемі сәнмен көз тартады. Паннолар ілініп, екі жақ қатарда қол­өнер мен көркемсурет көрмелері қойылған. Ұлттық-мәдени орта­лықтар әрқайсы өз шатырларының алдына келушілерді қарсы алуда. Киіз үйлерде қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін бейнелейтін қолөнер­шілік заттары көрсетілуде. Бесқайнар ауылынан келген Діл­дәгүл Байдолдақызы киіз үйдің ішін­де тұтынылатын қазақтың ұлттық қолөнері мен күнделікті қолданбалы бұйымдарын әкеліпті. Аяққап, тұс­киіз, оюлы сырмақтар, көрпелер, кес­телі жастық, піспекті күбі, сан­дық деймісіз – бәрі осында. Діл­дә­гүлдің өзі ата салт-дәстүр мен ұлт­тық қолөнерді дәріптеу жөніндегі қо­ғамдық бірлестіктің жетекшісі екен. “Хантәңірі” атты қазақ этно­ауы­лын құрып, халыққа қызмет етіп жатқан көрінеді. Оның құрамында тауда тігілген сегіз қазақ үйі бар. Олар “Ақорда”, “Мұражай”, “Отау”, “Мә­дениет үйі”, “Шеберхана”, “Асүй” деп аталады. Әр үйдің жа­сауы әр­түрлі. Елуге дейін мейман қабылдай алады. Келіп тамаша­лау­шылар қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық мәдениетінен мол мағлұ­мат­тар алуда. “Ділдәгүлдің этноауылына жалпы қауымның, шетелдік мейман туристердің қызы­ғушылығы үлкен” дейді Талғар ауданы әкімінің орын­басары Райхан Садықова. Сұранысқа орай мұнда семинар сабақтары да өткізіледі. Тап­сырысқа сай сірне, табақ-табақ ет, бүрмеқарын, жау­бүйрек сияқты көп­теген ұлттық тағамдар да әзір­ленеді екен. Осы арада бізді аудандық білім бө­лімінің бастығы Клара Әбдіха­лықова “Зергерлік әшекейлер” атты шатырға бастап барды. Сөйтсек, он­да аудан мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары жасаған қолөнер бұйымдары көз жауын алып тұр екен. Бесағаш ауылындағы №29 орта мектептің еңбек пәнінің мұғалімі, қолөнер шебері Ботагөз Исма­қо­ва­ның және шәкірттерінің қолынан шыққан тоқыма бұйымдары, киіз қуыршақ түйе, кәдесыйлар тартым­ды көрінді. Ал Қызылту-4 ауы­лын­дағы №24 орта мектептің мұғалімі әрі жеке кәсіпкер, зергер ұста Сайлау Ботабеков атақты қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлының шәкірті болып шықты. Оның кү­міс­тен соғыл­ған жүзік, білезік, сақина, сырғалары көпшілік назарын аударды. “Шертер” ЖШС басшысы Ба­қытжан Ділмановпен де осы көрме­лерді аралап жүріп кездестік. Бұл жігіттер Алматыда 1992 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Енді кәсіпті кеңейтіп, Талғар ауданының Қайрат ауылында ұлттық саз аспап­тарын жасайтын ерекше фабрика ашқалы жатқан көрінеді. Ол үшін заңды түрде жер алып, игілікті іс соңына ықтият­тап түсіпті. Нақ осы жерде талғарлық ұста Кәрім Ахметов жасаған, құны 8 мың долларлық алтындатқан әбзелді ер-тұрманды сүйсіне, қызыға тама­шалаушылар қарасы да әжептәуір болғанын айтсақ дейміз. Алматыдағы республикалық көр­кемсурет академиясының Бесағаш ауылындағы филиалы бірсыпыра туындыларды көрмеге қойыпты. Қазақстанға Еңбек сіңірген қайрат­кер, осы ауылдың тумасы Амандос Ақанаев бастаған филиал сурет­ші­лері Талғар ауданы әкімдігінің қол­дауымен “Бесағаш” атты этно­лан­д­шафтық парк жобасын жүзеге асы­ру­да. Жалпы, жоба тарихи ескерт­кіштерді, обаларды қорғау мақсатын көздейді. Осыған жалғас шатырда Ә.Марғұлан атындағы Археология институты бөлімі Іле алқабындағы Ұлы Жібек жолы бойындағы орта­ғасырлық үлкен қалалар санатында болған Талхиз және Қойлық қалашықтары бойынша материалдар ұсыныпты. Бұл арада да Талғар тарихының тағылымынан көп сыр аңғарғандаймыз. Түрік этномәдени бірлестігі төра­ғасының орынбасары Гуняш Тұр­сынова өз диаспорасының мәдениеті мен салт-дәстүрінен сыр шертетін көрмелерін аса бір ақжарқын кө­ңіл­мен таныстырды. Түрік бауыр­лар­дың “Бахар” ансамблінің мүшелері де осы арада. Барабан, мей, зарп, саз, зурна атты саз аспаптарын таң­сық көре тамашаладық. Бұлардан бас­қа славян, грек, ұйғыр этно­мә­дени бірлестік­терінің төрағалары Жан­на Третьяк, Константин Му­ра­тиди және Розахун Дугашевтардың да Талғардағы белгілі де сыйлы адамдар екенін білеміз. Республикаға танымал спорт қайрат­кері К.Мура­ти­ди солардың бәрінің атынан об­лыс әкімінің қабылдауында тебі­реніске толы жүрек сөзін жеткіз­ген-ді. Мәдениет күнінде бізді Гүл­дала ауылының Тілек Жүсіпов деген жас жігіт, жеке кәсіпкері таңыр­қатқанын айтпай тұра алмаймыз. Ол әуелі кәсіпкерлікті “Шүкір” атты дүкен­нен бастап, одан “Үміт” атты базар­ға жол ашып, жуырда “Ниет” деген спорт сарайын тұрғызған. Ұйғыр ау­данында “Шипалы” атты шипажайы ел игі­лі­гіне қызмет етуде. Өзінің ту­ған ауылы Сүмбеде мешіт салдыр­ған. 150 адамды жұмыспен қамта­ма­сыз етіп отыр. Жасап жатқан қайы­рымдылықтары қаншама. Осындай шарапатты ісіне сүйсінген қауым­ның Тілек сияқты кәсіпкер­лерге тілек қосары, тілекші болары да белгілі болып қалғандай. Кешке қарай Талдықорғанның орталық алаңында Талғар өнерпаз­дары ән-күйін қалықтатып, билерін құйқылжытып, тамаша концерт берді. Қорғанбек АМАНЖОЛ. --------------------------------- Суреттерді түсірген Жұмабай МҰСАБЕКОВ.