Көрме • Бүгін, 18:05

ЖИ көмегімен жаңарған мұра: Ежелгі петроглифтер көрмеге қойылады

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ерекше халықаралық мәдени жоба – «Таңбалы: Бабалар коды» көрмесі ұйымдастырылады. Іс-шара 2 сәуір күні сағат 15:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде өтпек, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЖИ көмегімен жаңарған мұра: Ежелгі петроглифтер көрмеге қойылады

Фото:

Көрме «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы мен фотосуретші Владислав Кимнің бірлескен жобасы ретінде ұсынылып отыр. Экспозиция таңбалы петроглифтерді заманауи өнер мен цифрлық технологиялар арқылы жаңа қырынан таныстыруды көздейді. Негізгі қағида – аутенттілік пен тарихи түпнұсқаны сақтау.

Көрме мазмұны терең символдық мәнге ие. Ежелгі петроглифтер «бабалар коды» ретінде қарастырылып, олар арқылы көне дүниетаным, мифология, табиғат пен ғарыш туралы білімнің көрінісі ұсынылады. Иммерсивті мультимедиялық шешімдер келушілерге киелі кеңістіктің атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді.

Көрменің басты мақсаты – Таңбалы петроглифтерін тірі мәдени мұра ретінде кеңінен насихаттау және оларды заманауи өнер құралдары арқылы кең аудиторияға қолжетімді ету. Осы арқылы тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау мен дәріптеу ісі жаңа деңгейге көтерілмек.

Экспозицияда жартас суреттерінің фотокартиналары, петроглифтер негізінде жасалған арт-объектілер және жасанды интеллект (ЖИ) қолданылған мультимедиялық технологиялар ұсынылады. Сонымен қатар келушілерге көрме каталогы мен петроглифтер негізінде әзірленген авторлық сувенирлер қолжетімді болады.

Алматыда Болат Мұхамедиев шығармашылығына арналған көрме ашылды

Көрме қонақтарының қатарында Алматыдағы ЮНЕСКО аймақтық өкілдері, шетелдік жартас өнері бойынша жетекші мамандар, Бүкіләлемдік мұра объектілерінің басшылары, сондай-ақ отандық археологтар, тарихшылар, этнологтар мен мәдениеттанушылар бар. Бұдан бөлек, музей саласының мамандары, білім беру ұйымдарының өкілдері және бизнес қауымдастығы да қатысады.

Көрме аясында «Жартас суреттерін витринасыз ұсыну: жартас өнерін таныстыру және оны кеңінен насихаттаудың заманауи тәсілдері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Бұл алаңда мамандар мәдени мұраны сақтау мен таныстырудың жаңа әдістерін талқылайды.

Аталған көрме мен конференция «Таңбалы» музей-қорығын жартас өнерін зерттеу және насихаттау жөніндегі әлемдік деңгейдегі орталық ретінде нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар мәдени мұраны сақтау бойынша тұрақты тәжірибелерді қалыптастыруға жол ашады.

Алматыда қазақы тазы иттердің көрмесі өтті

Соңғы жаңалықтар