Алматыда “Қазақстан Республикасы, Беларусь Республикасы және Ресей Федерациясы біртұтас экономикалық кеңістігін қалыптастыру аясында салық және кеден заңнамасын дамыту. Трансферттік баға белгілеудің жағымды және жағымсыз тұстары” атты конференция болып өтті. Көпшілікке белгілі, биылғы жыл Қазақстанның Кеден одағына енуімен ерекшеленеді. Ал, енді біртұтас кеден аумағын қалыптастыру барысында отандық тауар өндірушілерді қолдау және сонымен қатар олардың мүддесін қорғау мәселесі күн тәртібіне қойылған өткір мәселелердің біріне айналып отыр. Қалыптасқан жағдайға орай Қазақстан салық төлеушілер қауымдастығы Кеден одағы құрылымында салық әкімшілігі және кедендік бақылаудың тиімді әрі таза жүйесін құру мәселесінің өзектілігіне баса назар аударып отыр. Мұның өзі шындап келгенде еліміздің экономикалық дамуына қуатты серпін беретіндігі айдан анық.
Конференция жұмысын ашқан Қазақстан салық төлеушілер ассоциациясы басқарушы кеңесінің төрайымы Ж.Ертілесова, Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Д.Ерғожин күн тәртібіне қойылған мәселелер төңірегінде сөз қозғады. Әрине бұл орайда елімізде стратегиялық маңызды ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ іскерлік белсенділікті арттыру және инвестицияларды тартуға лайықты жағдайларды қалыптастыру үшін заңнаманы тұрақты түрде мониторингілеу және жетілдіріп тұрудың қажеттілігі назардан тыс қалған жоқ. Жиында сонымен қатар “Трансферттік баға белгілеу туралы” заңды одан әрі жетілдіріп толықтырудың қажет екендігі де атап айтылды. Қазақстан, Беларусь және Ресей елдерінің біртұтас экономикалық кеңістігін қалыптастыру аясында салық және кеден заңнамасын дамытуға арналған жиында сөз алғандар бірқатар күрделі мәселелер туралы өз ойларын ортаға салды.
Жиында Беларусь Республикасы салық органдарының Кеден одағы жағдайында жанама салықты алу тәжірибесі мен Ресейдегі трансферттік баға белгілеуді қолданудың тәжірибесі де жан-жақты әңгіме болды. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, конференцияға қатысушылар Кеден одағы мен біртұтас экономикалық кеңістіктің болашағы, салық салу және трансферттік баға белгілеу саласындағы заңнамаға енгізіліп жатқан өзгерістер бойынша сала басшыларымен пікір алмасу және олардан кейбір сауалдарға түсіндірмелер алу мүмкіндігіне де ие болды.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
АЛМАТЫ.
* * *
Пайдаланылмаған қаражат тұтынушыларға қайтарылуда
Табиғи монополияларды реттеу агенттігі тұтынушылар мүддесін қорғау бағытында бірқатар шараларды жүзеге асыруда. Соның бірі табиғи монополистердің тарифтік саясатты дұрыс қолдануын қадағалау бағытындағы жұмыстар. Осы жұмыстардың барысы жөнінде жуықта агенттік төрағасының орынбасары Анатолий Шкарупа журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді. Оның айтуынша, өткен 2009-2010 жылдардағы жылыту кезеңінде сыртқы температураның неғұрлым жоғары болуына байланысты республиканың 12 өңіріндегі есептеу аспаптары орнатылмаған тұтынушылардан жылу қызметін көрсететін монополистердің 651,56 млн. теңгенің ақшасын игермегендігі анықталды. Тұтынушылардың аталған санатынан жиналған жоғарыдағы қаржы оларға кері қайтарылатын болды. Осы бойынша қазірдің өзінде 10 өңірде аталған жұмыстар қызу жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Алматы қаласында тұтынушыларға өндірілетін ақшалай қаражат 71,6 млн. теңгені, Астана қаласында 256,5 млн. теңгені, Қапшағай қаласында 1,76 млн. теңгені, Ақтөбе облысында 0,7 млн. теңгені, Жамбыл облысында 15,8 млн. теңгені, Шығыс Қазақстан облысында 24,9 млн. теңгені, Қостанай облысында 10,5 млн. теңгені, Қарағанды облысында 188,5 млн. теңгені, Қызылорда облысында 11,6 млн. теңгені, Петропавл қаласында 4,8 млн. теңгені, Екібастұз қаласында 0,7 млн. теңгені, Оңтүстік Қазақстан облысында 64,2 млн. теңгені құрап отыр. Жылу қызметі үшін жеке тұтынушылардан төлемақы жинаған кезде оның мөлшері сырттағы ауа райының қаншалықты суық екендігіне байланысты әртүрлі болып келеді. Аяз қатайған кезде кететін жылу шығыны да арта түсетіндігіне байланысты қызмет бағасы да қымбаттай түседі. Жұмсалған жылу мөлшерін есептейтін аспаптар орнатылған тұтынушылар үшін осы мәселе алдын-ала ескеріліп отырады. Ал өлшегіш аспаптар орнатпаған тұтынушылар бірыңғай тариф бойынша төлейтіндігі белгілі. Сондықтан олар ауа райының жылы болуына байланысты жылу шығыны аз жұмсалған кезде бірыңғай тариф бойынша төлейтіндіктен ұтылып қалуы әбден мүмкін. Агенттік міне, осы жәйтті ескеріп, олардың мүддесін қорғап отырады. Жоғарыдағы шара осының бір мысалы. Біз мұндай шараларды әр маусым бойынша тұрақты жүргізіп отырамыз. Мәселен, былтыр осындай жолмен 800 млн. теңгедей қаражат жылу өлшегіш аспаптар орнатылмаған тұтынушылардың пайдасына шешілген болатын, – деп түсіндірді баспасөз мәслихатында Анатолий Шкарупа. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.