Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен Сыр аймағындағы ұлттық мұрағат қорына жататын құжаттар электронды мұрағатқа көшірілмек. Облыстық мұрағат қорындағы құжаттарды сандық үлгіге көшіру мақсатында жергілікті бюджеттен 32 млн. 974 мың теңге қаржы қаралып, осы бағдарламамен жұмыс жасайтын ақпараттық технологиялар бөлімі үшін 4 штаттық бірлік берілген.
Сыр аймағындағы мұрағаттар қорларындағы құжаттарды сандық үлгіге көшіруге байланысты бөлінген қаржыға сәйкес тендер жарияланып, нәтижесінде “Летограф ИТ Консалтинг Қазақстан қызметі” ЖШС жеңімпаз болып танылады.
Летограф жүйесінің ерекшелігі – бағдарламалық кодқа өзгеріс енгізуді талап етпейді, қажеттілігіне қарай қызметін өзгертуге болады,-дейді “Летограф ИТ Консалтинг Қазақстан қызметі” ЖШС директорының орынбасары М.Прокопьева.
Бүгінде электронды мұрағат үшін арнайы автоматтандырылған бағдарламаны орнатуға Ресейдің Мәскеу қаласы мен Алматыдан арнайы атбасын бұрған мамандар щұғыл кірісіп те кетті.
Еркін ӘБІЛ. Қызылорда.
* * *
60 қол арба сыйлады
Облыс орталығындағы “Бақыт бағанасы” ескерткішінің алаңында “Бірлігіміз жарасқан!” республикалық акциясы аясында ақтөбеліктер айта жүретіндей әдемі шара өтті. Шараға қатысқан Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы “Денсаулық сақтау инвестициялық жобаларын басқару орталығы”ЖШС-нің бас менеджері Арынғазы Беркімбаев өзінің қаржысы есебінен 60 мүгедек адамға қоларба сыйлады. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова жергілікті биліктің мүмкіндігі шектеулі мүгедек жандарға қайырымдылық жасау мақсатында ұйымдармен, кәсіпорындармен, кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс жасап отырғанын жеткізді. Атымтай жомарттық танытқан азамат Арынғазы Беркімбаев қала әкімдігімен ақылдаса келіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық көмек көрсетуді шешкенін, мұның ақтөбеліктерге деген аз ғана қолдауы екенін айтты. Өз кезегінде сөз алған облыстық мүгедектер ұйымының төрағасы Федор Чемоданов пен сал ауруларына шалдыққан азаматтарды қорғау қоғамының төрайымы Құралай Бәйменова оған қайырымдылық көмегі үшін ризашылық білдірді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.