13 Наурыз, 2015

Өлімнен кейінгі өмір

1116 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
bolatbek_baymahanov Жуырда біз сондай бақытқа кенелген жандарға куә болдық. Ондай қуанышты сыйлаған небәрі 23 жастағы боздағынан айырылып, жүрегі қан жылап отырған ананың мұқтаж адамдарға баласының бірнеше ағзасын беруге тәуекел етіп, оның өмірін осылай жалғастыруды көңілге медет етуі еді. Алматы қаласындағы қатардағы №7 клиникалық аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болат БАЙМАХАНОВ бастаған отандық мамандарымыз екенін мақтанышпен айта аламыз. Мұндай күрделі операцияның жасалуы – шетелдіктерден бір кем емес мамандарымыздың жоғары кәсіби біліктілігін көрсетсе керек. Егер Қазақстанда донор мәселесі өз деңгейінде шешілер болса, қаншама адамның өмірін сақтап, ғұмырын ұзартуға болар еді...

Қазақстанда донор тым тапшы

Иә, бүгінде ағзалардың трансплантациясы – қазіргі замандағы емдеудің жаңа әдісі. Сол арқылы адамның өмірін ұзартып, өмір сүру сапасын жоғарылатуға болады. Әрине, ол үшін донорлық дене мүшелері қажет. Оған тірі донордан гөрі қайтыс болған адамның мүшелерін алу әлдеқайда тиімді. Десек те, бұл мәселеде әзірге тапшылық өте жоғары деңгейде. Көбінесе өмірден қайтқан адамның мүшесін алуға туыс­тары келіспей жатады. Сондықтан Қазақстанда трансплантологияның дамуы өлгеннен кейін ағзаларын басқа науқастарға беретін донорларға тікелей байланысты. Әлемдік өлшеммен қарасақ, бүгінде транспланттанттау – әр сәтті жасалған операциямен бағаланып, сол мемлекеттегі медицина дең­гейінің басты көрсеткіші болып саналады. Ең маңыздысы, қазір елімізде мықты кадрлық, интеллектуалдық, ғылыми және ресурстық әлеует, сондай-ақ заманауи технологиялармен жабдықталған база бар. Шүкір, көрсеткіштеріміз де жаман емес. Оған мемлекетіміз үлкен қолдау, көмек көрсетіп, қомақты қаражатын бөліп отыр. Мәселен, трансплантология Орта Азияда әзірге Қазақстаннан басқа елде қолға алынбаған. Ал елімізде бүгінге дейін соңғы 3 жылда 450 мүше ауыстырылған. Оның 10-ы жүрек, 45-і бауыр, 1 ұйқы безіне, қалғаны бүйрекке жасалған. Қазір Қазақстан бойынша 7 орталық мүше ауыстырумен айналысады. Бір айта кетерлігі, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында да трансплантацияны қолға алу қуантарлық жайт. Оның ішінде 108-сі Алматыдай ару шаһардағы №7 қалалық клиникалық ауруханада сәтті өтіп, осыншама адамның ғұмырын ұзартып отыр. Бұл әрине, Болат Бимендіұлы бастаған мықты команданың өлшеусіз ізденістері, ауруханадағы тәжірибе мен ғылымды ұштастырудағы ерен еңбектің нәтижесі. Олар алғашқы мүше алмастыруды 2012 жылы 30 мамырда туыстық донорлық трансплантация арқылы бүйрекке жасаса, сол жылы 12 қыркүйекте әлем бойынша АҚШ, Оңтүстік Корея, Италиядан кейін төртінші болып бірінші рет лапароскопия тәсілімен бүйрек пен ұйқы безін ауыстырып, ота сәтті өтті.

Александрдың төрт мүшесі төрт адамға өмір сыйлады

Биылғы жылдың 5 қаңтары күні аталмыш аурухана бүйрек алмастырудың 107-ші, бауыр трансплантациясының 7-сі сәтті жасалғаны жөнінде журналистерді жинап, баспасөз мәслихатын өткізді. Онда ми қызметі тоқтаған марқұм, Алматы қаласының тұрғыны Александрдың бірнеше мүшесі алынып, қажетті науқастарға алмастырылды. Бір бүйрегі мен бауы­ры №7 ауруханада екі науқастың қажетін өтесе, жүрегі арнайы бекітілген санитарлық ұшақпен Астанадағы Кардиологиялық орталыққа, бір бүйрегі Сызғанов атындағы Хирургия ғылы­ми орталығына жеткізілді. №7 ауруханада жасалған екі бірдей отаны мұндағы дәрігерлер өз күштерімен жүзеге асырған. Хирургтер жалпы бір донордан бірден 4 ағзаның алынуы өте сирек кездесетінін алға тартуда. Сонымен, бауыр алмастыру отасы 8 сағатқа созылған. Журналистердің өтініші бойынша профессор Баймахановпен бірге мұқият таспаға түсірілген, бұрын айтпақ түгілі түсімізге кірмейтін аса күрделі операцияны көру сәтіне ие болдық. Операция таза жасалған, ешқандай қан кету жоқ. Өйткені, олар бұғанға дейін 400-ге дейін бауырға қатысты әртүрлі операциялар жасап, тәжірибе жинақтаған. Ал бауырға трансплатация жасау үшін ондай тәжірибе жинақтау шарт дейді. Олай болмаса, бауыр ауыстыруға әркімнің тәуекелі жете бермейтін көрінеді. Ең қиыны бауырға баратын күре, көк тамырды тіккенде қолдың ебі керек екен. Өйткені, кішкене ғана ауытқу болса, бүкіл операция зая кетпек. Бір кезде барлық жалғанған тамырлар мұқият тексеріліп, қан жіберіліп, ең соңында өт жолы тігілді. Осылайша 23 жасар донор жігіттің бауырын алмастырып салғанын көргеннен кейін, журналистерге 40 жастағы Гүлназ Жармұхамедованың өзімен сұхбаттасуға жағдай жасалды. Әңгімеміз аурухана палатасында емес, дәлізде өтті. Діңкелеткен дерттен айыққан екі баланың анасы, ұстаз Гүлназдың өзі келіп, бар ықылас ниетімен өзін ажалдан алып қалған дәрігерлер мен донордың туыстарына рия­сыз алғысын білдіріп, жақында үйіне оралатынын қуана жеткізді. – Бауырымның ауырғанын бірден білмей, әбден асқынғанда байқадым, – деді Гүлназ. – Содан жарты жылдай ем жолын таба алмай жүрдім. Енді міне, сәті осы ауруханада түсті. Бесінші күн дегенде аяғымнан тұрып, өздігімнен тамақ іше бастадым. Бұл – Алланың құдіреті, одан кейін осы жердегі мықты мамандардың арқасы. Мен осында келгелі Қазақстан медицинасының қаншалықты алға дамығанын көріп, таңғалып, Президентіміз Н.Назарбаевтың, оның жүргізіп отырған саясатына деген көзқарасым, сенімім мүлдем өзгерді. Шынында, бізге шетелге шы­ғудың қажеті жоқ екен. Сондықтан менің өмі­рімді сақтап қалған аурухана ұжымына, оны басқарып отырған «алтын қолды» хирург Болат Баймахановқа, отаға қатысқан командасына, медбике, санитаркаларға мың да бір рахмет. Әсіресе, донорымның анасы мен жақын туыстарына алғысым шексіз. Александрдың маған сыйлаған өмірі, оның да өмірінің жалғасы. Гүлназдан кейін журналистермен кездесуге марқұмның бүйрегін алған жамбылдық 6 баланың әкесі 46 жастағы Қалмұхамбет Түбірқұлов та келді. Жүрісі ширақ, етжеңді жігітті көріп, күрделі операция жасалған науқас дегенге сеніңкіремейсің. Қалмұхамбеттің де екі бүйрегі жұмыс істемей, бір жарым жыл бойы аптасына үш рет гемодиализге қатынап қиналғанын айта келе: «Қаңтардың 6-сында дәрігерім шақырып: «Сіздің бүйрегіңізге сәйкес келетін донор келді, келісім берсеңіз, операция жасаймыз», деді. Әрине, қуана келісім бердім. Ешқандай қорқыныш болған жоқ. Операция сәтті шықты. Жағдайым да, тамаққа тәбетім де жақсы. Қазір диализге тәуелді емеспін. Сол үшін де аурухана дәрігерлері мен донордың туыстарына шын жүрегіммен алғыс білдіремін», – деді. Рас, адамның екі бүйрегі ауырып, жұмыс істеуін мүлдем тоқтатқанда, ол науқасқа балама ем – тек гемодиализ – демеуші ем әдісі тағайындалады. Гемодиализ дегеніміз – қанды бүйректен тыс «жасанды бүйрек» аппараты көмегімен тазарту. Яғни, науқас аптасына 2-3 рет 3-4 сағаттан қозғалмай аппаратта жатып, қанын түгелдей дерлік тазартып қайта құйдырады. Науқас осы емді өмірінің соңына дейін алады. Оның үстіне, өте қымбат ем. Үкімет жылына бір адамға гемодиализге 30 мың доллар жұмсайды. Ал бүйрек ауыстыруға бір рет 30 мың доллардай қажет. Ең бастысы, гемодиализ сияқты азапты емнен құтылып, қалыпты өмір сүреді. Бұл ретте экономикалық тиімділік жағын да атап өту керек. Ал бауырға ондай балама ем жоқ. Бауыр жедел ауыстырылмаса, науқастың өмірі алты, бір жыл ішінде-ақ қиылады. Сондықтан бауыр ауруында өлім-жітім көрсеткіші жоғары. Ауыстырылған жағдайда тәжірибе көрсеткендай науқас жүз пайызға айығып кетеді. Мәселен, жасанды жүрек адам өмірін 5-6 жылға, ал жүректі трансплантациялау 15-20 жылға дейін ұзартады екен. Мамандар науқастардың 30-40 пайызы жаңа ағзаға қол жеткізбеген күйі өмірмен қоштасатынын айтады.

Шариғат мүше ауыстыруға қарсы емес

Бір айта кетерлігі, көп жағдайда донорлыққа адамдардың діни наным-сенімі кедергі болатын сияқты. Әсіресе, мұсылмандар арасында. Бірақ дін өкілдері исламда тыйым жоқ деп отыр. Діндарлар мүше ауыстыруға қайшы емес, егер ол адам өмірін сақтап қалуға тегін берілсе дейді. Керісінше сауапты іс екен. Бірақ өлген адамның ағзалары ақша табу мақсатында жасалса, оған түбегейлі қарсы. Міне, бүгінгі баспасөз мәслихатының ерекшелігі, жиынға дін өкілдерін де осы даулы мәселеге қатысты өз пікірлерін білдіруге шақырыпты. – Шариғатымызда, ислам дінінде транс­плантацияға, яғни мүше ауыстыруға рұқсат етілген, – деді Тастақ мешітінің қызметкері Мұха­меджан Абдулмәжитов. – Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Денсаулық Алла тағаланың адамға берген аманаты, нығметі. Алланың сендерге берген нығметтерінен сендер де адамдарға беріңдер. Егер кімде кім бір адамның өмірін сақтап қалса, ол бүкіл адамзаттың өмірін сақтағанмен тең. Егер адам көзі тірісінде мүше ауыстыруға разы болса, оның туысқандары артынан оның мүшесін біреуге рұқсат ете алады. Өйткені, ол қаншама мұқтаж адамдардың өмірін сақтайды», делінген. Бірақ, шариғат бойынша адам мүшесін сатуға рұқсат жоқ, ол ақысыз болуы керек. Шіркеуден келген дін қызметкері Владимир Завадич те: «Біз адам өмірін сақтау үшін ағзаларды ауыстыруды қолдаймыз. Бірақ, түсік жасатуға, дене мүшелерін косметика саласына қолдануға түбегейлі қарсымыз. Қара базарда сатылады екен деп естиміз, ал дінде мүшені сатуға тыйым салынған», деді. Адам ағзасын қара базарда саудалаудың мүмкін еместігіне профессор Баймаханов та жау­ап бере кетті. Оның айтуынша, адам денесінің мүшелерін саудалау заңмен қудаланады. Қазақ­стан Республикасының «Азаматтар денсаулығын қорғау туралы» Заңында адам ағзасын саудалауға рұқсат етілмеген. – Ағза мүшесін ауруханадан бөлек жерде ауыс­тыру мүмкін емес. Өйткені, мұндай күр­делі ота жасауға барлығы 150-ге жуық адам жұмыл­дырылады. Оның 25-і ота залында жұмыс жасайды. Ол үшін арнайы зертхана, бөлме, қажетті аппа­ратура, қаншама маман қажет. «Қара базар» туралы қауесет шындыққа жанаспайды. Қазақ­станда бұл мәселеге барынша гуманистік көз­қараспен қарап, шешуші сөзді, әлбетте, донордың туыс­қандары айтады. Ал тірі донордан алынған трансплантация амалсыздан жасалып жатыр. Өйткені, оның екінші жағында донор берген адамның денсаулығын да ойлауымыз керек, – деді бас дәрігер. Транц

Донор қалай табылады?

Расында, «Донорды кім іздеп табады?» деген сауалдың туындауы заңды. Елімізде донор іздеп табуда осыдан екі жыл бұрын құрылып, жұмыс жасап жатқан үйлестіру орталығы бар. Оны білікті де тәжірибелі хирург, профессор Ж.Досқалиев басқарады. Ауруханаларға қандай да бір потенциалды науқас түссе, дереу үйлестіру орталығына ақпарат жіберіледі. Орталықтан үйлестіруші келіп, өлім туралы қорытынды биологиялық өлімнің немесе ми қызметі тоқтағанын дәлелдеп, расталуы негізінде уәкілетті орган белгілеген тәртіппен беріледі. Негізінен елімізде мүше алмастыруда кезек қарастырылған. Егер науқастың үш-ақ ай өмір сүру мүмкіндігі қалса, онда кезек алға жылжытылады. Демек, кезек жөнінде дау болмас үшін науқастың жағдайы балдық жүйемен өлшенеді. Ол тізім жыл сайын қайтыс болып кеткендері, трансплантация жасағандары бар, реттестіріліп отырылады. Болат Бимендіұлының сөзіне қарағанда потенциалды донор жеткілікті көрінеді. Мәселен, жылына көлік апатынан шамамен 3 мыңға жуық адам қайтыс болады десек, олардың жартысы жастар. Халықаралық тәжірибеде донор мәселесі қалай шешілген дегенге келсек, мамандардың айтуынша, әртүрлі тәжірибелер бар. Мысалы, көп елдерде азаматтар жүргізу куәлігін алғанда, қандай да бір жағдай болып жатса мүшесін беруге келісетіндігі компьютерде базада тұрады. Сондықтан адам қайтыс болған жағдайда туыстарын іздеп жатпай-ақ мәселе бірден шешіледі. Өйткені, адам көз жұмғаннан кейін жүректі – 4, бауырды – 6-8, бүйректі 24 сағат ішінде басқа адамға салып үлгеру керек екен. Ал кейбір елдерде егер сен тірі кезінде өзіңнің келіспегеніңді жазбаша қалдырмасаң, автоматты түрде туыстарының келісімінсіз-ақ мүшесін ала береді. Өйткені, ол қарсы болмаған. Қазір бұл мәселе бізде де талқылануда. Заңымызда рұқсат болғанмен, ертең сөз етіп жүрмесін деп туыстарының келісімін аламыз. Бұл – адами әрекет. Сондықтан ең соңғы сөз туыстарына қалдырылған. «Кім донор бола алады?» дегенге келсек, ин­фекцияға ұшырамаған, бауыры, бүйрегі, жүрегінің кінәраты жоқ кәмелеттік жастан 60 жасқа дейінгілер.

Қазақстанда мүше алмастыру тегін

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасын жүзеге асыру аясында 2012 жылы аталмыш аурухана алдында мүше трансплантациясын енгізу міндеті қойылған-ды. Оны орындау мақсатында қала бойынша трансплантологияны дамыту бағдарламасы қабылданған. Оған Алматы қаласы әкімдігі мен қалалық денсаулық сақтау басқармасы өте ыждағатты көңіл бөліп, қажетті технология сатып алуға, әрі сол күрделі отаны жасайтын мамандарды әлемнің ең мықты клиникаларында тәжірибеден өткізіп, даярлауда қомақты қаржы жұмсап, отандық медицинаның дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр. – Жалпы, трансплантология – ең жоғары мамандандырылған медициналық қызметке жататын, күрделі ұйымдастыруды қажет ететін ашық медицина, – дейді Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты Жанат Қасымжанова. – Бұл жерде өте жоғары кәсіби біліктілік, шеберлікпен бірге операцияға қажетті қолданылатын өте қымбат құрылғылар, тіпті әр кезеңде пайдаланатын ұсақ құралдардың өзі үлкен рөл атқарады. Бүгінде елімізде мүше алмастыру қызметі бәрі тегін. Ендеше, бұл операциялардың тиімділігі де сонда жатса керек. Қазір бүйрек, бауы­р алмастыруды қатардағы қалалық ауру­хананың хирургтері шетелдік мамандардың көмегінсіз өздері атқарады. Мұндай операция жасаудағы технология өз алдына, ал оның үлкен моральдық жағы да бар. Бұл жерде дәрігерлер тірі донор кезінде екі адамның өмірімен де күреседі. Өзім дәрігер болғандықтан, бұл операциялардың қаншалықты күрделі әрі асқан жауапкершілікті талап ететінін жақсы білемін. Басты айтарым, бұл емдеу орнының ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы емес, қатардағы қалалық аурухана жағдайында осындай бірегей операцияларға қол жеткізуі – тамаша жетістік, айтулы оқиға. Осындай күрделі оталарды қолға алып, іске асырған профессор Болат Баймаханов бастаған хирургтерге рахмет. Олар біздің мақтанышымыз. Рас, отандық трансплантологияның жылдан-жылға қарқын алып дамуы көрші елдердің де қызығушылығын тудырып отыр. Атап айтар болсақ, №7 қалалық аурухана республикада шетелдік азаматтарға ота жасаған жалғыз медициналық мекеме. Бүгінге дейін Қырғыз елінен келген екі азаматтың бүйрегі ауыстырылған. Әрине, олар өз донорларын әкелген. Ота нәтижесі өте жақсы. Қазір Өзбекстаннан да хабарласып, өтініш жасауда. Әрине, шетелдіктерге бұл қызмет ақылы. Бірақ, ақысы дүниежүзінде ең арзан деген Үндістаннан да төмен. Еуропа мен АҚШ-та орташа есеппен трансплантация 100-200 мың доллар көлемінде. Ал Қазақстанда ағза алмастыру құны орта есеппен 30-35 мың доллар шамасында болғанымен, қазақстандықтар үшін мемлекет кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетеді. Мәселен, №7 ауруханада өткізілген 108 трансплантацияның бәрі тегін жасалды. Үкімет тек қана ота жасауға ғана емес, операциядан кейінгі уақытқа да тегін дәрі береді. Себебі, олар тұрақты түрде дәрі ішіп тұруы керек. Оның үстіне әр ота жасалған адамның денсаулығын дәрігерлер мұқият бақылауда ұстайды. Себебі, нәтиже жіті бақылауға да байланысты. Дәріні азайту, көбейту, ультрадыбыстық тексеру жасауды ота жасаған мамандар өздері жүзеге асырады. – Мемлекетіміз қолдан келген көмегінің бәрін жасап отыр, – деді донорға қатысты өз ойымен бөліскен Болат Бимендіұлы. – Біз де үкіметтің үдесінен шығуға тырысып, күндіз-түні қажетті оталарды жасап, тамаша көрсеткіштерге қол жеткізіп жатырмыз. Тек халық енді осыны түсінуі қажет. Қалайда науқас адам өз проблемасымен қалмауы керек. Иә, өлім – хақ. Дөрекі айтқанымды кешірерсіздер, бірақ мәйітті жерге бергенше, басқа адамдардың да өмірін ойлап, осындай әрекетке барсақ – ол Аллаға да, адамға да жағатын сауапты іс емес пе? Мысалы, Испаниядағы кез келген шіркеуде: «Өз мүшелеріңді жерде қалдырып кет. Ол Жаратушыға емес, адамдарға қажет», деп жазылып қойылған. Сондықтан да ондағы денсаулық сақтау саласы, БАҚ пен ұлттық трансплантация бірлестігі Ұлттық донорлық бағдарлама бойынша мақсатты жұмыс істеп, нәтижесінде бүгінде Испания әлем бойынша мультиорган беруде алда келеді. «Доно» латын тілінен аударғанда «сыйлаймын» деген мағынаны білдіреді. Демек, елімізде трансплантологияның қарыштап дамуы – донорлық ағзаларға деген тапшылықта. Міне, осы мәселеге халық болып түсіністікпен қарасақ... * * *  ...Иә, адам өмірін ешнәрсемен өлшеуге болмайды. Ол бәрінен қымбат, сондықтан да құнсыз. Ал донор ретінде екінші адамға өмір сыйлау –  теңдесі жоқ жоғары адами қасиет. Журналистік мамандықтың мүмкіндігі ғой, өз басым осы ауруханада ағза алмастырудың нәтижесінде бірнеше науқастың қуанышына ортақтасқаным бар. Бірде өзінің екі кішкентай бөпесі бола тұра шынашақтай қыздың анасына бауырын бөліп бергеніне куә болдық. Гүлшаттың анасы Светлананың тірі қалып, жер басып жүруі үшін перзенттік міндетін, қарызын өзінің өмірімен өлшеуіне таңғалып, риза болмасқа шарамыз қалмады. Ал баласының осындай қадамға барғанына жүрегі елжіреген ана: «Қызыма барлық аналардың атынан шексіз алғысымды білдіремін. Мен қызыммен мақтанамын», дегенде көңіліміздің толқығаны рас… Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.