04 Сәуір, 2015

Геологтар мерекесі аталып өтті

453 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
06-04-2015-geolog 01Сәуір айының алғашқы жексенбісі – Қазақстан геологтарының кәсіби мерекесі. Осыған орай кеше Астанада арнайы мерекелік жиын өтті. Оған Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев қатысып, геологтарды төл мерекелерімен құттықтады.  «Өздеріңіз білетіндей, елі­мізде индустрияландыру бағдар­ламасы іске қосылғаннан бері  гео­логия саласына айрықша көңіл бөлініп отыр. Өткен бесжыл­дықта айтарлықтай көп жұ­мыстар атқарылды. Бұл сіз­дер­дің еңбектеріңіздің арқасында.  Сондықтан сіздерге, барлық гео­логтар қауымына алғыс білді­ремін. Алдымызда әлі де біраз міндеттер тұр. Біз осы міндетт­ерді орындауға барлық күш-жі­герімізді жұмсап, мақсат­тарымызға жетеміз деп сенемін, деген Әсет Исекешев,  геологтарға зор денсаулық, еңбектеріне жеміс, отбасыларына амандық тіледі. Министр одан әрі бұл саланың мемлекеттің экономикалық сая­сатында басымдыққа ие болып отырғандығын ерекше атап өтті. Бұл ретте осы жылы ұлт­тық ком­паниялардың, ірі жер қой­науын пайдаланушылардың және инвесторлардың қатысуы­мен геологиялық барлау жұмыс­тары­ның 5 жылдық бағдарламасын іске асыру басталғанын тілге тиек етті. Министрдің айтуынша, биылғы жылдан бас­тап 2015-2019 жылдарға арнал­ған геологиялық барлау жұмыстарының мем­ле­кеттік бағдарламасы жүзеге аса бас­тайды. «Осыған орай, бұл бағытта арнайы қаражаттар қам­тылып отыр. Әлемдік күрделі ахуал­дың орын алғанына қарамас­тан, аталған бағдарламаны жү­зеге асыруға республикалық бюджеттен 7 млрд. теңге, ал «Нұр­лы Жол» бағдарламасы аясын­да Ұлттық қордан қосымша 6 млрд. теңге бөлініп отыр»,  деді Ә.Исекешев. Оның айтуын­ша, осының өзі бағдарлама аясындағы жұмыстарды биылдың өзінде жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, қазіргі таңда геологиялық барлау секторына шетелдік инвесторлар тарту да өзекті мәселе болып табылады. Министрдің сөзіне қарағанда, геология мен тау-кен өндіру саласына инвестициялар тарту бағытында Қазақстан Канада, Австралия, Бразилия, Оңтүстік Африка Республикасы секілді елдерден айтарлықтай артта қалып отыр. «Сондықтан да, Елбасының тапсырмасына сәйкес, бүгінгі күні ауқымды жұмыстар атқарылуда. Заңнамаларға өзгерістер енгізіліп, процедуралар жақсарып жатыр», деді Ә.Исекешев. Аталмыш мереке биыл төр­тінші рет ресми түрде ата­лып өтілуде. Бұл 2011 жылдың қазанында Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Н.На­зар­баевтың Жарлығымен еліміздегі кәсіби және басқа да мерекелер тізімінің жаңа редакциясымен бекітілген болатын. Міне, содан бері сәуір айының алғашқы аптасы да геологтар үшін айрықша кезең. Соңғы бірнеше жылда гео­логия және жер қойнауын пай­далану саласында елеулі өзгерістер байқалады. Айталық, минералды-шикізат кешенін басқару жүйесін өзгерту, салада инвестициялық ахуалды жақсарту үшін жағдайлар жасау, озық технологиялар трансферті, инфрақұрылымдарды дамыту және сала жұмыстарының кәсіби деңгейін көтеру бойынша реформалар басталды. Ал бұл жаңғыру, жаңару, даму даңғылында  әрқашан адам еңбегінің үлесі, адам еңбегінің күші орасан маңызды рөл атқаратыны анық. Қай сала болмасын қажырлы адам еңбегінің арқасында ғана ілгерілей түспек. Адамзат кез келген жұмыстың, әр мамандықтың абыройлы екендігін және де адамның өз жұмысына қаншалықты жауапкершілікпен қарап, қаншалықты ынта-жігер­мен жұмыс істейтініне байланыс­ты болатынын әрқашан мойындап отырған. Ал еңбек, әсіре­се, әр мамандықтың төл мереке­лері тұсында айрықша аталып, еңбектері елене түседі. Иә, барлық кәсіп өздігінше ерекше және маңызды. Әр кәсіптің өзінің жұмыс ерекшелігі, өзінің қайталанбас тарихы, өз құндылығы және өз ба­тыр­лары бар. Осы ретте кешегі сал­танатты жиында да саланың бірқатар үздіктері түрлі номина­циялар бойынша марапаттал­ды. Мәселен, 182 геологқа Ал­ғыс хат, грамоталар мен марапат­тар табыс етілді. 77 маман «Қазақ­стан Республикасының құрмет­ті кен барлаушысы», «Қазақ­стан Республикасының кен бар­лау үздігі» мен «Қазақстан Респуб­ликасының кен орындарын алғаш ашушы» номинациялары бойынша марапатталды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».