04 Сәуір, 2015

Елшілік өкілінің қызығушылығы

229 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаевтың Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Корольдігінің  Қазақстан Республикасындағы елшісінің орынбасары Сара Пиккерингпен кездесуі болды. Ортсайлауком мүшесі Пиккеринг ханымды Орталық сайлау комиссиясының Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық жөніндегі қызметі, сондай-ақ, ел өңірлеріндегі сайлау комиссияларының жұмысы туралы ақпараттандырды. М. Сәрсембаев: «Қазақстан ОСК сайлау процесіне қатысты халықаралық форумдардың жұмысына, халықаралық ұйымдардың қызметіне белсенді қатыса отырып, шет мемлекеттердің халықаралық ұйымдарымен және сайлау органдарымен ынтымақтастықты дамыту бойынша жұмысты жалғастыруда. Сайлауды байқау жөніндегі түрлі ұйымдармен және бірлестіктермен ынтымақтастық – Ортсайлаукомның тұрақты тәжірибесі. Халықаралық байқау институтына қатысты айтатын болсақ, ол Қазақстан Республикасында  1994 жылдан бастап жұмыс жасайды. Байқау институты ағымдағы сайлау науқаны шеңберінде де ашылды. Осы сәтке Ортсайлауком аккредиттеген үш халықаралық ұйымның миссиялары (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ, ТМД және ШЫҰ) мен 19 шет мемлекеттің 236 байқаушысынан басқа 19 мемлекеттен шетелдік БАҚ-тардың еліміз Сыртқы істер министрлігі аккредиттеген 98 өкілі байқауды жүзеге асыра алады. Біз халықаралық байқау институты демократияны дамытудың қажетті және міндетті шарты ретінде  демократиялық сайлаудың өткізілуін, сондай-ақ, азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуын қамтамасыз етудегі маңызды элемент деп есептейміз», деп атап өтті ОСК өкілі. Пиккеринг ханым әңгіме барысында қазақстандық сайлау жүйесінің ерекшеліктеріне, кандидаттардың сайлауалды үгітін қаржыландыру түрлеріне, дауыс беру күні сайлаушылардың болжамды келуіне және басқа да сайлау рәсімдеріне қатысты өзекті мәселелерге қызығушылық танытты. Сонымен қатар, Пиккеринг ханым алдағы сайлауды байқау процесіне елшілік қызметкерлерінің қатысуы туралы тілегін білдірді. Кездесу соңында М. Сәрсембаев екі елдегі электораттық процестерді дамыту туралы тәжірибе мен ақпарат алмасу мақсатында одан арғы ынтымақтастыққа деген сенімін білдірді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.