04 Сәуір, 2015

Астана мен Ақтөбеде өткен семинарлар

209 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Астана мен Ақтөбе қалаларында сайлау ұйым­дас­ты­рушылармен және сайлау процесіне қатысушылармен «2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру мен өткізу» атты тақырыпта семинарлар өтті. Астанадағы семинарды Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мен Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясы ұйымдастырды. Оған Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары В.К. Фоос, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Т.В.Охлопкова және Орталық сайлау комиссиясының аппараты қаржы-бақылау бөлімінің меңгерушісі М.Б. Мұхаметова, ТМД-дан Байқаушылар миссиясы штабының жетекшісі Е.А.Слобода, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының сайлау мәселелері жөніндегі маманы Лусиан Раул Мурешан, Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның өкілі Н.К.Тілеукенов қатысты. Ал Ақтөбеде Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен болған семинардың жұмысына Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Ж.Сүлеймен, сондай-ақ, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының байқаушылары Роберт Харли Брандстеттер мен Хелена Мария-Тертту Лаатио қатысты. Аталған іс-шараларға қатысушылар ретінде, сондай-ақ, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттардың сенім білдірілген адамдары, байқаушылар, бұқаралық ақпарат құралдары мен Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері шақырылды. Семинарлар шеңберінде сайлау науқанын қаржылық, материалдық-техникалық, ұйымдастырушылық және ақпараттық қамтамасыз етуге қатысты мәселелер, сонымен қатар, сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, байқаушылардың, азаматтық қоғам институттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара іс-әрекетінің тиімділігін арттырудың түрлері мен әдістері талқыланды. Бірлескен жұмыстың маңызды бағыттарының бірі ретінде сайлау процесіне қатысушылардың бәрінің сайлау заңнамасы нормаларының бұлжытпай сақталуын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді. Пікірталас барысында сайлау процесін құқықтық және құжаттамалық қамтамасыз ету, сайлаушылардың тізімдерін түзету бойынша жұмысты ұйымдастыру, сайлауды ақпараттық сүйемелдеу, сайлауалды үгітті жүргізу және дауыс беру күніне дайындық мәселелері аса қызығушылық тудырды. Ортсайлауком мүшелері құқық қолдану тәжірибесінің өзекті мәселелері жөнінде бірқатар түсіндірмелер берді. Сайлау учаскелерінде дауыс беруді ұйымдастырудың рәсімдік мәселелеріне және дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссияларының іс-әрекеттеріне ерекше көңіл бөлінді. Өз тарапынан аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, семинарда талқыланған тақырыптар жөнінде пікір алмасты. «Егемен-ақпарат».