04 Сәуір, 2015

Мақсат – кандидаттарға жағдай жасау

203 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елімізде президенттік сайлау бойынша Республикалық қоғамдық комиссия жұмысын бастады. Кеше облыс орталығындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров  атындағы мемлекеттік университетте осы комиссияның филиалы ашылды. Комиссия тапсырмасы  сайлау процесі айқындығын, дауыс берушілердің сайлау күні өз еркін білдіруін қамтамасыз ету болып табылады. Кезектен тыс президенттік сайлауды байқайтын республикалық қоғамдық комиссияның өңірлік филиалы Ломов көшесі, 64 үй, университеттің 101-ші аудитория­сында орналасқан. Комиссия өз қызметінде қоғамдық ұйымдармен, азаматтармен бірлесіп жұмыс істеуді көздейді. Негізгі мақсат – сайлау науқанының әділ өтуін қамтамасыз ету. Осыған орай қоғамдық комиссия филиалының отырысы болып өтті. Отырысты жүргізген филиал төрағасы Елдар Қалиев республикалық және облыстық БАҚ-өкілдеріне арналған арнайы брифингте бір ғана негізгі мәселе бар. Ол – еліміздегі президенттік сайлау бойынша Республикалық қо­ғам­дық комиссияның атқаратын қызметін көрсету деді. Қоғамдық комиссия мүшесі Арман Ешмұ­ра­товтың айтуынша, жалпы мақ­сат­тары – сайлауды дұрыс өткізу. Оның заңға сәйкес өтуі өте маңызды. Комиссияның тағы бір мін­деті – сайлау кезінде бар­лық кандидаттарға бірдей қолай­лы жағдай тудыру. Канди­дат­тардың сайлауалды штаб­тары­ның, облыстық сайлау комиссияларының және БАҚ-тардың тарапынан жүргізілетін үгіт-насихат шаралары барысында еліміздің сайлау заңнамаларының сақталуына қоғамдық бақылау жасау. Комиссия мүшелері сайлау күні сайлау учаскелерінде отыратын байқаушылар үшін де арнайы семинар-тренингтер өткізе бастайды. Бастысы – олар «Сайлау туралы» Заңды білуі шарт. Ал Елдар Қалиевтің айтуынша, қоғамдық комиссия мүшелері электораттық науқан кезінде барлық кандидаттарға бірдей жағдай жасаумен айналысады. Сондықтан қоғамдық комиссияның міндеті – сайлау барысында оның әділ өтуін және сайлаушылардың өз еркін білдіруін қамтамасыз ету болып табылады. Жалпы, облыстық сайлау учаскелерінде барлығы 576 бай­қаушы жұмыс атқаратын болады. Облыс орталығына алдағы 26 сәуірде өтетін президенттік сайлауда байқаушы болатын Еуро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының өкілдері келді. Осыған орай, облыс орталы­ғында шет мемлекеттердің бай­қау­шыларына жәрдемдесу орталығы ашылды. Мұнда байқаушылар қажетті ақпаратқа қол жеткізіп, сайлау науқанының соңына дейін жұмыс істейтін болады. Саяси шараны байқауға облысқа АҚШ пен Швейцариядан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан екі өкіл келіп отыр. Байқаушылар өңірімізде айдың соңына дейін болып, барлық сайлау комиссияларының жұмы­сымен танысады. Шет мемлекеттердің байқау­шыларына жәрдемдесу орталы­ғының жетекшісі Любовь Богнаттың айтуынша, бұл орта­лықтың басты мақсаты – байқаушылардың жұмысына жағдай жасау. Біз мамандарға мемлекеттік емес ұйым, БАҚ, мемлекеттік орган өкілдерімен кездесу ұйымдастырып, оларға қажетті барлық ақпаратты, құрал-жабдықтарды беретін боламыз. Орталық еліміздің сайлау туралы заңнамасына сәйкес ашылып отыр. Қазір аймақтық сайлау комиссиясы байқаушыларға нормативтік-құқықтық база құрып, сайлау бөлімшелері жайлы деректер дайындауда. Алдағы уақытта өңірімізге Эстония мен Германиядан байқаушылар келеді деп жоспарланған. Комиссия мүшелері сайлау учаскелерінде сайлау болатын күні қоғамдық бірлестіктерден қатысатын байқаушыларға бірқатар семинар-тренингтер өткізеді. Ең басты талап – «Сайлау туралы» Заңды білу. Филиал офисінде кезекшілік орнатылды. Ал қоғамдық комиссия өз қызметінде қоғамдық ұйымдармен, азаматтармен жұмыс жүргізуді жоспарлауда. Сайлау соңында қоғамдық комиссия өз жұмысының қорытындысын жариялайды. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР.