04 Сәуір, 2015

Ұлттық саясатымыз – өзгелер үшін үлгі

347 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
фото3_Крглый стол_02.04.2015 Мәскеуде орналасқан «Россия сегодня» ақпарат агенттігінің мультимедиялық баспасөз-орталығында Ресей халықтары Ассамблеясының және Ресей ғалымдары академиясы Шығыстану институтының қамқорлығымен «ТМД кеңістігіндегі этносаралық қарым-қатынастар: Ресей мен Қазақстанның тәжірибесі» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Бұрынғы Кеңес Одағына мүше елдердің арасында Қазақстан мен Ресей этностық құрамы бойынша ең күрделі мемлекеттер болып саналады.  Осы орайда, екі елдің мемлекеттік ұлттық саясатын іске асыруға қоғамдық құрылымдар, яғни Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ресей халықтары Ассамблеясы белсенді қатысып отырғанын атап өту қажет. Қатысушылар ТМД кеңіс­ті­гін­дегі елдердің ұлттық саясаттары ерекшеліктерін қарастырып, эт­но және дінаралық ынтымақты сақ­тау мәселесінде екі елдің тәжіри­белерін талдап шықты және ағым­дағы қауіп-қатерлердің қазіргі қалып­тасып отырған саяси-әлеуметтік үде­ріс­терге ықпал ету деңгейін айқын­дауға тырысты. Іс-шараны бастау сөзінде Ресей халықтары Ассамблеясының төр­а­ғасы Светлана Смирнова Қазақ­станда мемлекет пен этномәдени бірлестіктер арасында өзара табысты қатынастардың ерекше тәжірибесі қалыптасқанын айтты. Сондай-ақ, ол Қазақстан халқы Ассамблеясы ресейлік әріптес Ассамблеядан бұрын құрылып, оған үлгі көрсетіп келе жатқанын атап көрсетті. Оның пікірі бойынша, Ассамблеяны Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі басқаратыны осы ұйымның қоғамдағы ерекше маңыздылығын айғақтайды. «Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы бастаманы Қазақстан хал­қы Ассамблеясы ұсынғаны қисын тұрғысынан өте орынды деп есеп­тей­мін, себебі, өз мемлекет басшысына сенім білдіру деңгейін көрсету аса маңызды және Нұрсұлтан На­зарбаев ең жоғары пайыздық дауыс алатынына сенемін», – деді С.Смирнова. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары (ҚХА) Анатолий Башмаков өз кезегінде әлемдік тарихта соңғы уақытқа дейін ұлт мәселесін тек екі жолмен шешуге мүмкіндік болғанын айтты. Еуропа елдерінде кең тараған «мультикультурализм» тәжірибесі бейнесінде барлық этностар бір «қазан ішінде» араласатын, немесе елдің атауын берген ұлтқа басымдық берілетін. «Қазақстан болса, өзінің көпұлтты халқын белгілі үлгілерге салмай, өзінің ерекше үлгісін қалыптастырды. Онымен ұлттардың алуан түрлілігі жойылмай, керісінше, көпұлттылық Қазақстан халқы бірлестігінің рухани негізіне айналды.  Барлығымыз өзімізді бір елдің азаматтары деп сезінеміз, сонымен де өз тарихи түптерімізді, ұлттық ерекшеліктерімізді және тілімізді ұмытпауға тырысамыз», –  деді А.Башмаков. Мәскеу Карнеги орталығы ғылыми кеңесінің мүшесі Алексей Малашенко этносаралық қарым-қатынас мәселесін ылғи өзгеріп тұратын ауа райымен салыстырды және керек жағдайда пайдалануға болатын қолшатыр құрастыра білу керек екенін атап көрсетті. Ол қандай  ахуалға да дайын болу қажет деп санайды. «Қазақстан шы­найы тиімді ұлттық саясат жүргі­зетін әлемдегі аз елдердің бірі», – деді ол. А.Малашенко, сондай-ақ, Қазақстан басшылығы іске асы­рып отырған ұлтаралық сая­сатты әлем­дегі ең табыстыларының біріне жат­қызатынын және бұл Қазақстандағы ішкі мемлекеттік тұрақтылықтың негізін құрайтынын айтып өтті. Сонымен қатар, сарапшының айтуы бойынша, еліміздегі ұлттық саясат үлгісінің ерекшелігі көп ұлттардың бір аумақта бейбітқатар тұру дәстүрімен, этностық және діни артықшылыққа жол берілмейтінімен, көпшілік арасында төзімді мінез-құлық мәдениетінің қалыптасуымен сипатталады. Аймақтық мәселелер инс­ти­тутының бас директоры Дмитрий Журавлев өз сөзінде Қытайдың көне тарихында айтылғандай, дәрігерге емделуші ауырған кезінде емес, аман-сау жүрген кезінде айлық төлегені туралы мысал келтірді. «Сонымен, Қазақстан халқы Ассамблеясы емделушінің дені сау кезіндегі дәрігері секілді қызмет етуде», – деді ол. Мұндай жағдай мемлекет басшылығының Ассамблеяға жеткілікті саяси назар беруінің арқасында мүмкін болып отыр, деп мәлімдеді Д.Журавлев. Ғалымның пікірінше, ұлтаралық проблеманың басты себебі – кедейшілік пен келешексіздікте. Қазіргі кезде Жер шарында шие­леніскен түрлі этносаралық дағда­рыстардың негізінде әлеуметтік теңсіздік факторы жататындығына көптеген мысалдар бар, деп аяқтады сөзін ғалым. Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты штаб-пәтерінің басшысы Мәдина Нұрғалиева еліміздегі этносаралық ахуалды сипаттайтын әлеуметтік зерттеулер көрсеткіштерімен бөлісті. Оның мәліметіне сәйкес, Қазақстандағы түрлі этностық топтар өкілдерінің 88,7%-ы елімізде өз­дерін жақсы сезінеді, 61,8%-ы өзі тұрып жатқан аймақтағы ұлт­аралық қатынастарды тату деп бағалайды, ал 28,9%-ы бейтарап деп санайды. Азаматтардың 75%-ы басқа этнос өкілдерімен іс жүргізуге, 90%-дан астамы бір ұжымда оқуға және қызмет етуге, көрші және дос болуға, 63%-ы өзге ұлттың өкілімен отау құруға дайын. М.Нұрғалиеваның айтуынша, Отанымызда азаматтық және этностық бағыттарды қамтитын Қазақстан ұлтын қалыптастыру сая­саты жүзеге асырылуда. Халықаралық Түркі академия­сының сарапшысы Тимур Козы­ревтің айтуынша, этносаралық ынты­мақтастықтың қазақстандық үлгісі қай ел үшін де тиімді. Өйт­кені, бүгінде Қазақстан қоғамы эт­носаралық дағдарыстарға қарсы жоғары иммунитетке ие болып отыр. Ал Мәскеу мемлекеттік ха­лықаралық қатынастар институты талдау орталығының директоры Андрей Казанцев қазіргі таңда әлемнің түрлі аймақтарында этно және дінаралық факторларға байланыс­ты дау-дамайлар көбейгенін айтты. Оның пікірінше, елдегі қалыптасқан ұлтаралық ауызбіршілік мемлекеттік саясаттың мақсатты орындалуының нәтижесі. РҒА Шығыстану институты жанындағы Орталық Азия мен Кавказды зерттеу орталығының өкілі  Станислав Притчин өзінің сөзінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде бірлескен идеологиялық, мәдени-гума­нитар­лық мәселелерге жауапты ин­теграциялық органдар әзірше құрылмағанына өкініш білдіріп, болашақта мұндай мемлекет­аралық құрылымдар пайда болатынына сенімді екенін жеткізсе, Мәс­кеу қаласындағы Лев Гумилев орта­лығының директоры Павел Зари­фуллин Қазақстанның этносаралық саясатының оң тәжірибесін Еура­зиялық экономикалық одаққа мүше елдерге таратуды ұсынды. Жалпы алғанда, қатысушылар қазіргі таңда елімізде жүзеге асырылып келе жатқан этно және кон­фессияаралық келісім үлгісі әлемдегі ең тиімді үлгілердің бірегейі деген ортақ ұстаным білдірді. Сарап­шылар үштұғырлы тіл саясаты, экономикалық реформаларға басым­дық беру, қоғамда барлық ұлттар мен әлеуметтік топтардың өмір­лік мүдделерін ескеру секілді Қазақ­станның Ел бірлігі доктрина­сы негізгі ережелерінің артық­шы­лықтарын ерекше атап өтті. Іс-шара соңында қатысушылар Қазақстандағы іске асырылып келе жатқан этносаралық мемлекеттік саясат пен тәжірибе өзге де шетелдер мен ТМД мемлекеттеріне практика тұрғысынан пайдалы екенімен бірауыздан келісті. Со­ны­мен қатар, сарапшылар алдағы президенттік сайлау мәселесіне ар­найы тоқталып, әлеуметтік-экономикалық, ұлтаралық және дінаралық ынтымақ саласындағы Қазақстанда қол жеткізілген оң нәтижелер арқасында елде ішкі сая­си ахуалдың тұрақтылығына еш нәрсе қауіп төндірмейді деген ортақ пікірге тоқтады. Сәулебек БІРЖАН.