04 Сәуір, 2015

Жан-жақты қадағаланады

258 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстандағы сайлауларды байқау жөнін­дегі Республикалық қоғамдық комиссия об­лыстық филиалының таныстырылу рәсі­мінен кейін біз оның төрағасы Сергей Худя­ковты әңгімеге тартып, алдағы жұмыс жоспарлары жайлы сұраған едік. Ол былай деді: – Біз сайлау үдерістеріне қо­ғамдық негізде атсалыса­тын­дығымызға қарамастан, үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр­ғанын жақсы түсінеміз. Өйткені, еліміздің әрі қарай дамуы, келешек тағдыры айқындалатын тарихи таңдау ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Ал комиссия жұмысына тоқталатын болсақ, оған жан-жақты әзірлікпен келіп отырмыз. Оның құрамына түрлі қоғамдық ұйым мүшелері енген. Шеттерінен тәжірибелі, мұның алдындағы сайлауларға қатысып, кәсіби жағынан әбден ысылған жандар деуге болады. Облыста құрылған сайлау учаскелеріне өкілдерімізді жіберуді ұйғарып отырмыз. Бүгінде жергілікті сайлау учаскелерінде жұмыс істеуге ынта білдірген 700-ге жуық байқаушы мен ерікті дайындық курстарына жіберіліп, әдіс­теме­лік, тағы басқа қажетті құрал­дармен қамтамасыз етілуде. Біз сайлауға қатысушы ре­тінде ғана емес, оған дейін жүргізілетін үдерістер ағымында заң талаптарының сақталуын, олқылықтарға жол бермеу, орын алса, дереу түзету мәселелеріне де араласатын боламыз. Өйткені, демократиялық қоғамда өмір сүргендіктен, барлық рәсім­дердің қатаң сақталуы, талапқа сай жүргізілуі басты басымдық ретінде көрінуі тиіс. Қазірдің өзінде сайлаушылар тарапынан сауалдар қойылуда. Олардың бірде-бір өтініш-тілектерін аяқасты қалдырмау мақ­сатымен штабта байланыс қызметін жандандырудың бар­лық мүмкіндіктері қарастырылған. 26 сәуір күні өтетін пре­зи­денттік сайлау өзгелер сықылды байқаушылар қауымына да келелі міндеттер жүктеп отыр. Сын сағаттан мүдірмей өтуге қабілет-қарымымыз толық жетеді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.