04 Сәуір, 2015

Құтқару жұмыстары жалғасуда

319 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Шарайна Бұған дейін хабарланғандай, Охот теңізінде ресейлік «Дальный Восток» траулері суға батып кеткен болатын. Соңғы мәліметтерге қарағанда, кеменің бортында 132 адам болған. Олардың 81-і ресейлік және 51-і шетелдіктер көрінеді. Шар-1Қазіргі кезде Охот теңізінде жоғалып кеткен балықшыларды іздестіру жұмыстары жалғастырылуда. Құтқарушылар 3 сәуір күні тірі қалған теңізшілерді ең жақын Сахалин портына бағыт ұстанған «Андромеда» кемесіне отырғызған. Жағдайлары өте ауыр дегендерді тікұшақпен Магадан қаласындағы ауруханаға жөнелткен. Күшті жел іздестіру жұмыстарына елеулі кедергі келтіруде. Құтқарушылар ішінде тірі қалған адамдар бар деп есептелген балықшылар кемелеріне әлі де болса жақындап бара алмай отыр. Құтқару операциялары 10 мың шаршы шақырым аумақта жүргізілуде. Санкцияны алу шарттары аталды Еуропа одағы мен АҚШ Иранға қарсы санкцияның күшін жою шарттарын атады. Шектеулерді алып тастау үшін Теһран ядролық бағдарлама бойынша өз мойнына алған міндеттемелерді орындауы тиіс. Ол үшін Иран алдымен МАГАТЭ инспекциясынан өтуі керек. Лозаннада өткен халықаралық делдалдар «алтылығы» мен Иран арасындағы келіссөздердің нәтижелері міне, осындай. Еуроодақ билігі келіссөздер қорытындысы бойынша МАГАТЭ жұмысының қорытындысына орай Теһранға қарсы санкцияны алып тастау туралы шешім қабылдады. Иран тарабы болса уранды байыту жөніндегі жаңа нысандар құрылысын салудан 15 жылға бас тартуға өз келісімін беріп отыр. Осы уақытқа дейін жинақталған ядролық отын қорлары ендігі жерде тек ғылыми мақсаттар үшін ғана пайдаланылатын болады. БРИКС Грекияға көмектесе ме? Осы айдан бастап құрамына Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және ОАР кіретін БРИКС тобына Ресей төрағалық етеді. Бұл елдердің азаматтары Жер шары халқының 42 пайызын құрайды, әлемдік ІЖӨ-нің 27 пайызын да осы елдер өндіреді. Шар-3Белгілі болғанындай, БРИКС тобының бүгінде экономикалық ауыр жағдайды бастан кешіп отырған Грекияға көмектеспек ниеті бар көрінеді. Тіпті, БРИКС-тің даму банкі қазірдің өзінде-ақ Грекияға көмек көрсетуге дайын. Саясаттанушы Пол Крейг Робертстің пікірінше, мұндай жағдайда Грекия батыстық қаржы институттарынан теріс айналып, Батыстың тонауына ұшыраған өзге елдердің де одан үлгі алуы мүмкін. Оның айтуына қарағанда, Грекияның БРИКС-пен ынтымақтасу мүмкіндігі Испания, Италия, Ирландия, сондай-ақ, Португалия сияқты мемлекеттердің де назарын аударып отыр. Хуситтер қашуға мәжбүр болуда Әуе соққыларынан кейін хуситтер Адендегі президент сарайынан қашып шыққан.  Ереуілшілер кескілескен ұрыстардан кейін осының алдындағы күні ғана президент сарайын басып алған болатын. Хуситтер саудиттер бастаған коалиция ұшақтары резиденция аумағындағы олардың позицияларына соққы жасағаннан кейін қашуға мәжбүр болған. Осының алдында Аден қаласы үшін болған қақтығыста кем дегенде 44 адамның қаза тапқаны белгілі болып отыр. Айта кету керек, хуситтерге қарсы «Шешімділік даулы» атты әскери операция наурыздың соңында басталды. Бахрейн, Катар, Кувейт және БАӘ авиацияларының қолдауымен саудиялық Әскери әуе күштері Йемен аумағының елеулі бөлігіне бақылау орнатқан ереуілшілер позицияларын бомбылауды бастаған болатын. Кейін коалицияға Египет, Иордания, Марокко, Пәкістан және Судан елдері қосылды. Ашық теңіздегі 66 күн Осыдан екі айдан астам уақыт бұрын теңізде жоғалып кеткен АҚШ азаматын оның жанынан өтіп бара жатқан кеме тауып алған. Бұл туралы журналистерге жұма күні америкалық жағалау күзеті қызметкерлері хабарлаған. 37 жастағы Луи Джордан үстіміздегі жылдың 29 қаңтары күні жоғалып кеткен көрінеді. Белгісіз себептерден ол жүзіп келе жатқан яхта істен шығып, соның салдарынан кемені үйге қарай бұрудың реті келмеген. Немістің Houston Express танкері Джорданды Солтүстік Королина штаты жағалауынан 320 шақырым жерден тапқан. Олар оны Америка аумағына әкелгеннен кейін, жағалау күзетінің тікұшағы Вирджиния штатының ауруханасына жеткізген. Джорданның айтуына қарағанда, ол қолымен ұстаған балықпен қоректеніп, жаңбыр суын ішудің арқасында тірі қалған. Бұрынғыға тағылған айыптар Қытайдың жоғарғы халық прокуратурасы Қытай компар­тиясы саяси бюросының тұрақты комитетінің бұрын­ғы мүшесі, арнаулы қызметтің бұрынғы басшысы Чжоу Юнканға сыбайлас жемқорлыққа барды және мем­лекеттік құпияларды таратты деген айып тағып отыр. Шар-2Таратылған хабарға қарағанда, жоғарғы халық прокуратурасы тергеу барысында Чжоу Юнканның «пара алғанын, қызмет бабын жеке басына пайдаланғанын, мемлекеттік құпияны таратқанын» анықтаған. Жария етілген құпиялардың сипаты туралы әзірге нақты мәліметтер жоқ. Өткен жылдың желтоқсанында партиялық тәртіпті бұрмалады деген күмәнмен Чжоу Юнканды партия қатарынан шығарған болатын. «Синьхуа» ақпарат агенттігінің хабарына қарағанда, бұрынғы шенеуніктің адвокатпен жұмыс істеуге құқы бар. Хатшы – жаңа лауазым Оңтүстік Корея президенті Пак Кын Хе КХДР тарапынан қауіп бар деген желеумен киберқауіптерге бақылау жасауды күшейту жөнінде шешім қабылдаған. Үкімет осылайша 31 наурыз күні киберқауіптер бойынша хатшы лауазымын бекіткен. Ренхап ақпарат агенттігінің жұма күні таратқан мәліметтеріне қарағанда, бұл лауазымға елдің қарулы күштері кибернетикалық штабының бастығы Син Ин Соб тағайындалған. Жоғарыда аталған агенттіктің ақпараттары бойынша, докторлық диссертацияны АҚШ-та қорғаған генерал Син Ин Соб киберқауіпсіздік және кибернетикалық терроризммен күрес саласындағы сарапшы болып табылады. Интернет материалдары негізінде дайындалды.