04 Сәуір, 2015

Рахмет саған, дәрігер!

837 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
20131204204121Жүрекке операция жасайтын Алматыдағы түрік-қазақ емханасына түстім. Осы жерде өлім көзіне елестеген адамның өмірі үшін күреске түскен ақ халатты абзал жандарға тап келдім. Осындайда шіркін-ай, осыдан тұрып кетсем, бар жақсылықты осы кісілерге жасар едім деп ойлайсың. Әрине, денсаулығы қыл үстіндегі адамның жүрегінен шыққан риясыз ақ алғысынан басқа қолда не бар... Менің айтпағым, осында жүрегіме ота жасаған жас кардиохирург Еркебұлан Ма­ғауин туралы еді. Еркебұлан мектепті бітірген соң Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медуниверситеттің емдеу ісі факультетіне оқуға түсіп, президент стипен­дия­сының иегері атанып, үздік дипломмен бітіріп шығады. Жас хирургтің әкесі Кен­жебек Мағауияұлы осы «Благо­дарное» ауруханасының бас дәрі­гері. Шипалы қолымен талай сырқатқа ем жасап жүр­ген білікті азамат. Шешесі Қайыр­гүл Құсманқызы ел алғысын арқалаған мейірімді медбике. Қазақта «Әке көрген оқ жонар» деген ұлағатты тәмсіл сөз бар. Бала болса да әке-шешесінің мамандығына көзі үйренген Еркебұланның жүрегі қалап алған мамандығын абыроймен атқарып жатқанына көзіміз жетті. Әрбір адамды қимас туы­сындай аялап, күн сайын өзі жасаған отасының барысын байқап, ақыл кеңесін айта отырып жарық күннің жақсы нұрын жаныңа құя біледі. Бүгінде мен ауылыма, туған-туыстарымның жанына оралдым. Жанымды маза­лаған аурудан сәл де болса айығып, бір жақсы күн кешіп жүрмін. Еркебұлан Кенжебек­ұлы­ның маған, мен сияқты ауруы дендеткен адамдарға жасаған отасы өте сәтті шығып, өмірге қайта оралып жатыр. Еркебұлан бұл жұмысқа бірден келмепті, кіші медициналық жұмыстан бастап жедел жәрдем дәрігері қызметін атқарған. Келе-келе «Бург Медикал Sema Hospital» ауру­­ханасында кардиохирург мін­детін біліктілікпен атқарып жүр. Осындай ел денсаулығы үшін жан аямай еңбек етіп жүрген азаматты тәрбиелеп, оқытып адам жанына араша дәрігер етіп шығарған Еркебұланның өміріндегі оқытушыларына, ата-анасына газет арқылы рахмет айтсам деп едім. Кардиохирург, емі шипа елгезек жан Еркебұлан Кенжебекұлының еңбегіне жеміс, өміріне бақыт тілеймін. Хамит ГЕРЕЕВ. Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Мақаншы ауылы.