04 Сәуір, 2015

Аспанға нұр шашқан әуендер

329 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
19 Нұрғиса Тілендиев атындағы «Өз елім» атты IV фестиваль-байқауында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солистері жеңіске жетті. Атап айтсақ, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Мейір Бәйнешов «Классикалық вокал» аталымы бойынша Бас жүлдені иеленсе, әйелдер даусы арасында Айзада Қапонова гран-приді қанжығасына байлады. Ал, Әсем Сембина байқаудың бірінші жүлдесіне қол жеткізді. Еске сала кетейік, өнер байқауы 30-31 наурызда ҚазҰӨУ орган залында өткен болатын. Оған Қазақстан мен Ресейдің барлық аймақтарынан келген 16 мен 35 жас аралығындағы музыканттар, кәсіби вокалистер қатысты. Құрамында белгілі музыкант­тар, аса көрнекті мәдениет қай­рат­керлері Нұрғали Нүсіпжа­нов, Алтынбек Қоразбаев, Бағ­дат Сәмединова, Азамат Жыл­тыркөзов, Ұлан Кенжебеков, Бибігүл Жанұзақ бар қазылар алқасын КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова басқаруының өзі бұл шараның биік деңгейде өткенін айғақтай түссе керек. Ал, байқау бағдарламасында негізінен КСРО халық әртісі, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туындылары кеңінен қамтылды. Мейір Бәйнешов байқаудың бірінші кезеңінде тенорларға тән «Абай арманы» әнін, «Өз елім» және «Құстар әнін» шырқады. Екінші айналымда әнші «Алатау» (бағдарлама бойынша тенорлар міндетті түрде орындайтын ән), «Әжеме» әндерін халықаралық жарыстардың жеңімпазы, «Ас­тана Опера» театрының музы­калық кеңесшісі Раушан Бескем­пірованың сүйемелдеуімен орындады. – Бұған дейінгі қаншама жеңістеріме қарамастан қатты қобалжығаным рас. Маған барлық жақын достарым қолдау көрсетті, сол үшін оларға үлкен алғыс білдіргім келеді. Биыл ерлер даусы арасындағы бәсеке өте тартыс­ты өтті. Әсіресе, студенттер мен аймақтардан қатысушылардың дауыстары керемет екен, – дейді М.Бәйнешов бізбен әңгімесінде. Лирикалы-колоратуралық сопрано Айзада Қапонова, Нұрғиса Тілендиев шығармаларының орын­далуы өте күрделі болып келетінін айтады. Алайда солист бағдарламадағы сопраноларға міндеттелген «Ақ шағала» және «Кел, еркем, Алатауыма» және «Баянауыл вальсі», «Қарлығаштар туралы ән», «Жан-жарым» туындыларын ойдағыдай шырқап берді. – Мен Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына табыну­шылардың бірімін, оның әндерін өте жақсы көремін, қайда жүрсем де бұл әндерді жанымды салып шырқаймын. Бүгін жеңіске қол жеткізе алмағандар мойымаулары керек, – деп А.Қапонова әріптестерінің ірі бәйгелерден топ жара беруіне тілектестік білдірді. «Өз елім» фестивалінің лауреаттары мен қазылар алқасы мүшелерінің қатысуымен өткен Конгресс-холдағы жеңім­паз­дарды марапаттау рәсімі гала-концертке ұласты. Классикалық вокал (ерлер және әйелдер), домбыра және дирижерлар сайысының «дирижер» номинациясы бойынша гран-при Берік Батырханұлына (Алматы), І орын Әлішер Қасқырбайға (Астана), II орын Абылай Тілепбергенге (Алматы) тисе, Қуаныш Исмаилов (Алматы) пен Әділет Азбаев (Астана) ІІІ орынды иеленді. «Классикалық вокал» аталымы бойынша І орын – Расул Жармағамбетов (Алматы), ІІ орын – Азат Мәлік (Астана), ІІІ орын – Артур Габдиев (Алматы) пен Алтынбек Әбілда (Астана) еншісіне бұйырды. «Классикалық вокал» аталымы бойынша әйелдер арасындағы сайыста Айзада Қапонова (Астана) бас жүлдені еншілесе, Әсем Сембина (Астана) І орынды, Бибігүл Тыныштық (Қызылорда) ІІ орынды иеленді. Ал, Ақбота Серікболова (Алматы) мен Мәдина Айдарбекова (Қызылорда) ІІІ орынды бөлісті. Сонымен қатар, үздік концерт­мейстерлер Алияр Өтетілеу (Ал­маты) мен Ләйлә Сейітова дип­ломмен марапатталды. «Домбыра» аталымы бойынша гран-при иесі – Тоғжан Үмбет,           І орынды Бауыржан Жолдыбеков иеленді. Астана әкімінің кубогы «Дом­быра» номинациясы бойынша Тоғжан Үмбетке табысталды. Салтанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ. АСТАНА.