17 Қазан, 2015

Бекзат болмысты тұлға

494 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Атырауда жұртшылық өкілдері көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаевты соңғы сапарға шығарып салды Кеше Қазақстан жұртшылығы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаевты соңғы сапарға шығарып салды. Қайраткермен қоштасу рәсімі Атыраудағы Д.Нұрпейісова атындағы мәдениет үйінде өтті. Қаралы митингіде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Елбасының көңіл айту жеделхатын оқып берді. Марқұмның отбасына Үкіметтің атынан көңіл айтты. Қаралы митингіге Үкімет мүшелері, Сенат пен Мәжіліс депутаттары, ірі компаниялар басшылары мен бизнестің өкілдері қатысты. Нұрлан Балғымбаев кең танымал тұлға еді. Әрине, әуелі ел ішіне Балғымбай қариядан тараған Қойшығара мен Өтеп, Өтәлі мен Салтанат, Мақаш мұнай­шы­лығымен танылды. Әкесі Өтеп пен оның бауырларының Отанға адал қызмет ету үлгісінен тәлім алған Нұр­лан да әулеттің мұнайшылық кәсі­бін жалғастыруды қалады. Жоға­ры білім алды, қарапайым мо­то­ристің көмекшісі болып ең­бек жолын бастады. Мұнайлы өңір­­лердің «қара алтынын» ел игі­лі­гіне жарату үшін аянбай еңбек етті. Мұнайшылықты қаласа да дана Абайдың «Талап, еңбек, терең ой» қағидатын темірқазықтай ұс­тан­ғанын онымен жұмыстас, әріптес болғандар айтады. Қандай жауап­ты жұмыстарды атқарса да талап­шыл болудан, адалдықты ардақ тұтудан айнымапты. Мінез­ді еді, айтқан уәдесінен таймаушы еді, дейді Нұрлан Өтепұлын жақсы білетіндер. Оның КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі ми­нистр­лігінің мұнай өңдеу жөніндегі бас басқармасына жұмысқа шақы­рылуына зеректігі мен білім­ді­лігі, тура жолдан таймайтын талап­шылдығы себеп болғаны даусыз. Нұрлан Өтепұлының есімі бұ­рынғы Одақ құрамындағы елдер­ге ғана емес, Қазақстанмен іскер­лік, экономикалық байланыс орнатқан елдердің баршасы­на кеңінен таныс. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібін өркендетудің бастауында тұрды. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Мұнай және газ министрлігін, кейін осы саладағы ұлттық компанияны басқарып, ел экономикасының жетекші буынына айналған саланы қарқынды өркендетуге өлшеусіз еңбегін сіңірді. Бір ғасырдан астам мұнай мен газ өндірілген Атыраудағы мұнайшылардың әлеуметтік тұр­мысын оңалтуды көздеп, эколо­гиялық ахуалы нашарлаған елді мекендерді жаңа қонысқа көшіруде де көшелі іс атқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы күн­дерінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отандық экономи­каны өркендету саясатын қолдап, сенімді серігіне айналды. Оның нарықтық экономиканы басқара білетін менеджерлігі, ұйым­дас­тырушылық қабілеті Пре­мьер-Министр лауа­зымында жар­қырай көрінді. Елбасы көрнек­ті мемлекет және қоғам қайрат­кері Н.Балғымбаевтың туған-туыс­тарына, жақындарына жолдаған көңіл айту жеделхатында «Өз Отаны мен халқын қалтқысыз сүйген Н.Балғымбаевтың бол­мысы­на қарапайымдық пен зиялы­лық, нағыз бекзаттық тән еді. Хал­қы­мыз оның есімі мен еңбегін ұмыт­пай, әрдайым қастер тұтатын бола­ды», деп көрнекті тұлғаның адам­гершілік қасиеттерін орынды атап өтті. Қаралы митингіде Нұрлан Бал­ғым­баевтың қарапайым мұнай­шыдан көрнекті мемлекет және қо­ғам қайраткеріне дейінгі өмір жо­лындағы адамгершілік қасиеттері, Отаны мен халқына деген патриот­тық сезімі кеңінен айтылды. Көр­некті тұлға Атыраудағы зиратқа жерленді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ.