17 Қазан, 2015

Ақтөбелік өнім көрсетілді

278 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Әсет ИсекешевКеше Ақтөбеге Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев жұмыс сапарымен келді. Министр жұмыс сапарын өңірдегі Қазақстанның индустрияландыру картасына енген бірден-бір ірі нысан – «Қазхром» ТҰК» АҚ ферроқорытпа зауытымен танысудан бастады. Жобаның құны 843 миллион АҚШ доллары тұрады, жылдық қуаты 440 мың тонна жоғары сапалы феррохром өндіруге мүмкіндік береді. Жобаны пайдалануға берудің нәтижесінде 290 жаңа жұмыс орны ашылды. Содан кейін Әсет Исекешев облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастауы­мен «Технодом» ЖШС және Ақтөбе мұнай қондырғылары зауытында болып, өндірістің қазіргі таңдағы жағдайымен танысты. Министрдің келесі барған нысаны – Ақтөбе рельс арқалығы зауыты. Бұл кәсіпорын да Қазақстанның индустрияландыру картасы аясында салынған. Оның құны 82,7 миллиард теңге тұрады. Зауыт толық қуатына шыққанда жылына 430 мың тонна өнім шығарады. Бәрінен бұрын мұнда жоғары жылдамдықтағы магис­тральдарда пайдаланылатын Р65 маркалы ұзындығы 120 метр термотөзімді рельстер шығарылады. Қалған 230 тоннасы сортты прокат темір өнімдері болып келеді. Нәтижесінде «Қазақстан темір жолы» АҚ рельс өнімдеріне деген сұранысын толық қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан нарығына шығу да қарастырылуда. Бұдан басқа зауыт құрылыс индустриясының анағұрлым өсіп отырған сұранысын да қамтамасыз етеді. Әсет Исекешев, Бердібек Сапарбаев, сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы» АҚ президенті Асқар Мамин, «Siemens S.p.A» компаниясының бас директоры Джузеппа Феррарио, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, ТМД және Балтық елдері теміржол әкімшіліктерінің өкілдері зауыттағы рельстің шығарылу үдерісіне қатысты. Салтанатты сәтте «Ақтөбе рельс арқалығы» зауыты» ЖШС директоры Андрей Кузьмин шараға қатысушыларға технологиялық үдерісті тереңірек әңгімеледі. – Елбасының тапсырмасымен Ин­дустрияландыру картасы аясында қысқа мерзімде Қазақстанда жаңа темір­жол машиналарын жасау саласы құрылды. «General Electric», «Alstom», «Talgo», «Siemens» сияқты әлемдік көшбасшы компаниялармен әріптестікте жүк және жолаушы тепловозы, электровоз, вагондар, ірі вагондық құймалар, құрылымның техникалық құралдары өндірісі бойынша жаңа зауыттар   іске қосылды, – деді «Қазақстан темір жолы» АҚ президенті Асқар Мамин. Ақтөбе рельс арқалығы зауытында Қазақстандағы теміржол машиналарын жасауды дамыту және халықаралық ынтымақтастыққа арналған дөңгелек үстел болды. Талқылау барысында «ТұлпарТальго», «Электровоз құрастыру зауыты» «Локомотив құрастыру зауыты» сияқты теміржол өнімдерін шыға­ратын кәсіпорындардың және «Қазақ­стан даму банкі» АҚ қолдауының экспорт­тық тетіктерінің тұсаукесері болды. Дөң­гелек үстел аясында Ақтөбе рельс арқа­лығы зауытының дайын өнімдерін жеткі­зуге Әзербайжан, Белоруссия, Грузия, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз­стан теміржол әкімшіліктерімен ынты­мақ­тас­тық туралы меморандумға қол қойылды. Әсет Исекешев және облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ индустриялық аймаққа барды. Мұнда өнеркәсіп өндірісі және 2015 -2019 жылдары үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша көшпелі жиын өтті. Жиында облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев еліміздің Индустрияландыру картасына өңірден жалпы сомасы 799,9 млн. теңге болатын 12,8 мың жұмыс орны ашылатындай 91 инвестициялық жоба енгізілгенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығында жалпы құны 552,6 миллиард теңге болатын 71 жоба іске қосылып, 6,6 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығында жалпы сомасы 247,3 миллиард теңге тұратын, 6,2 мың жұмыс орны ашылатын 20 жоба жүзеге асырылуда. Биылғы жылы жалпы сомасы 9,4 миллиард теңге тұратын, 689 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Көшпелі жиында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында қол байлау болып отырған кейбір мәселелер де ортаға салынды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.