17 Қазан, 2015

Ұлт ұраны – Ұлытау

1424 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Улытау 11. Ұлытаудың басынан көш келеді, Ұлы күннің тұсауын кескен еді. Ұлан-байтақ тарих әлі күнге, Ұлытаудың атынан сескенеді.   Ұлытаудың басынан көш келеді, Ұлылықтан басталып, хош келеді. Ұмытылған ғасырлар шаңы басып, Ұлы армандар ұрпаққа көшкен еді.   Ұлытаудың басынан көш келеді, Ұмтылмасаң ұстарың бос келеді. Ұмтыл, ұлтым, Ұраның – Ұлытауың, Ұққаныңды жау менен дос көреді.   Ұлытаудың басынан көш келеді, Ұлы күннің мақсатын ескереді. Ұлар-дауыс ұлтымның ой-арманы, Ұрпағыма өлмейтін сес береді.   Ұлытаудың басында ұлы арманға, Ұйып тұрып, ұлт болып қуанғанда. Ұлытаудың басында жанған шырақ, Ұйытқып жанып, айналды шырағданға.   Ұлағаттап ерлікті шерге бөккен, Ұран салып еркіндік келген өктем. Ұясына намыстың қонақтаған, Ұлар-ойдың үні де елге жеткен.   Ұлытаудың басында ұлағат бар, Ұлы күннің тынысын сынап, ақтар. Ұлан-байтақ даламды жырмен сүйдім, Ұлдың даусын естісін бұла-бақтар.   Ұлы Дала! Ұлы Тау! Ұлық бәрі, Ұмытылды зар заман ғұрыптары. Ұлтымыздың Басшысы – Елбасымыз, Ұлытауды қадірлеп, ұлықтады.   Ұлықтады өткенін халқымыздың, Ұлы екенін айғақтап салтымыздың. Ұран тастап Елбасы ел бастады, Ұйқымызды оятып жалпымыздың.   «Ұлы қазақ» деді ол арғы атамыз, Ұлытауға ұлт туын орнатамыз. Ұлы көштің басы бар, баяны бар, Ұлағаттап ертеңге жалғатамыз.   Ұлтым қандай, жаңаға жұлқынғандай, Ұл мен қызым уақытпен құлпырғандай. Ұраны бір ел едік, қыраны бір, Ұран салсам халқым бар ұмтылғандай.   Ұмтыл, халқым, есең бар өткен күнде, Ұғармысың сен оған жеткен күнде. Ұлытаудың төрінде сөз өрейін, Ұғып алсын, куә боп көк пен күн де.   Ұлы тілім, ұлы діл, ұлы дінім, Ұлттың жаны сенде ғой күні бүгін. Ұлытауым – ұлы арман алдымдағы, Ұлытауым – ұлылық, ірілігім.   Ұлытауым – мақсатым, мұратым да, Ұлы сөзбен бостандық гүл атуда. Ұлтымызды төрт құбыла, сегіз қиыр, Ұлағаттап, күллі әлем ұнатауда.   Ұлытауым – ұлы жол, ұлы баян, Ұзақ, сәтті жол түссін құбыладан. Ұжымым бар, аты оның – Қазақстан, Ұлы таңда нұр шашқан шұғыладан.   Ұлытауым, төріңде шешілейін, Ұғар сөзді ірікпей, көсілейін. Ұсынғаным – ұлтымның қазынасы, Ұйқы ашатын самал боп есілейін.   Ұлытауым – сұхбатым, сырым менің, Ұмытылмас, шаң баспас шыным менің. Ұмсындым да, жанымды жайып салып, Ұлтыма ғұмыр бер деп күбірледім.   Ұлан-байтақ жерімнің қасиеті – Ұлы, ұлы бабалар өсиеті. Ұлытауым, ұлы елдің биігісің, Ұл-қыздарың қашанда бас иетін.   Ұлытауым – намысқа қолбасымыз, Ұлы істерге аттансақ – жолдасымыз!» ...Ұзақ сөздің қысқасы, сұхбаттан соң, Ұлытауға бас иді Елбасымыз. 2. Құлагерін көңілімнің жаратайын, Балдай сырын жанымның жалатайын. Ұлытауым – ата сөз, шежіре шал, Баяныңды барынша таратайын.   Көшкен желдің өлеңім ұйқасындай, Көңіл көзі жабылған – ұйқы ашылмай. Байтақ елдің Ұлытау батысында, Сарыарқаның сары алтын құйқасындай.   Терісаққан, бір жағы Қараторғай, Әулиеата, Желдіадыр дара таудай. Айбастың дарасы бар алтын жапқан, Аяққамыр, Шотқара – Қаратаудай.   Обалысай, бір жағы Аяқбұлақ, Қаракеңгір, Сарыкеңгір келер құлап. Жүрген жері Жошының қымыз ішіп, Құрық салып құланға, саят құрап.   Ақ күмістей қайнаған Ордажылан, Қанатын күнге жайған алмас қыран. Кет Бұға саусағынан саз боп шыққан, Жошының жан азасы – «Ақсақ құлан».   Күй болып өткен күннен жеткен аңыз, Күн астынан Күнікей өпкен ауыз. Қорым боп қорып жатыр бұл даланы, Сақалын самал сауып өткен абыз.   Мезолит, неолит пен қола дәуір, Жез бен тас кіріккенде болады ауыр. Екеуі енші алғанда серттен тайған, Темірің қан майданда – қара дауыл.   Мұзбелдің шоқысына қыран қонар, Мұнартқан мұнаралар ұран болар. Тоқтамыс Едігемен айқасқан жер, Бауырлар шайқасқанда ылаң болар.   Қос батыр, қос ханымыз ерегескен, Серт беріп, семсер сілтеп, серелескен. Екеуі бір қыратта жатыр енді, Не көрдік көз байлаған төбелестен.   Сыр айтады сырықты обаларым, Тоқтауыл, Домбауылдай молаларым. Талдысай, тал бойыңда бір мінің сол, Жаманайбат жайыңды жобаладым.   Тұлпар мініп, ту алған бабаларым, Қайда қалды темірден тағаларың? Сарысуың сағыныш бұл күндері, Ащыкөлді амалсыз жағаладым.   Байқоңырдың өзені құмға сіңді, Басып алып бойына тұл ғасырды. Бетпақдала безеріп тіл қатпайды, Барақкөлің бозарған сырға сынды.   Арғанаты алыстан сыр айтады, Сыр мен бірге шер менен мұң айтады. Теректінің таулары бойын түзеп, Тіршіліктің тал бойын тыңайтады.   Алаша хан, қай кезең, қай ғасырым, Ұлытауым айтқан ғой айға сырын. Хандығымның сан қилы кезеңдері, Аша салмас көрінген жайға сырын.   Азаттық кеп алынды шідерлерім, Оған дейін төзімді үнемдедім. Жезқазғанның аймағын желе шолып, Ұлытаудың маңайын түгендедім.   Дәуір мұнда қалғиды алмасқалы, Ұлытаудың жұлдызды мәңгі аспаны. Кенді аймақтың кеудесін ашып кеткен, Сәтбаевтың сүрлеуін шаң баспады.   Елге нұрын шашады ержетіп күн, Ұмыттырып болғанын кем-кетіктің. Қаныш аға жолымен жүрген кезде, Ізін көрем ізашар керзі етіктің.   Ізін көрдім дүрбелең, сан бұлаңның, Қоламтаны үрлеумен жандырармын. Палеолит дәуірін іздеп едім, Түстім келіп ізіне Марғұланның.   Ағалар-ай, айбоздар, ардақтылар, Алыс-алыс дәуірге самғап тұрар. Айтар сөзі қашанда салмақтылар, Арғы күнді бергімен жалғап тұрар.   Көңілімнің картасы – көне тақыр, Ұлытауым, ұлтыңды еле, батыр. Баубек болып жалғасып сөздің серті, Жүрсін болып жыр төгіп келе жатыр.   Тас дәуірі сол күннен тіл қатады, Шақпақ тастар шындықты жырлатады. Қола дәуір қолқаңды суырады, Түн ұйқыңды тынымсыз ұрлатады.   Шежіресін жайып сап бұл даланың, Сағымынан сөз теріп, сыр бағамын. Айбалта мен қылыштан жөн сұрасам, Тіл қатады күмбірлеп құмыраларым.   Туған жердің әрқашан ұлтан ұлы – Ақын деген елінің жыр-тамыры. Ұлытаудың төсінде ұлық болған, Көне сақтың құдірет Күн тәңірі.   «Күннен туғам» деп жырлап Мағжанымыз, Жырын жазған – қазына, маржанымыз. Ұлытау бұл – ұлтымның қазынасы, Ұлытау – бұл – ар-иман, мал-жанымыз.   Жағам бүтін – жауларым жармасқаным, Жапан түздің көп көрдік шаңды аспанын. Жат көзділер сұқтанса байтағыма, Қынында әлі қылпыған алдаспаным.   Тарихым бар таусылмас – дүр-өнерім, Өткен күннің бағасын біледі елім. Терістігім туралы теріс айтқан, Тентек ойды дүрелеп жіберемін.   Бұған куә өшпейтін Таңбалытас, Ел емеспіз елпілдек, арманы пәс. Жанымызды береміз жер дегенде, Жасық емес жұртымыз жалғаны лас.   Ұлы Жібек жолында сан іздерім, Таптым әзер, тауып ап, тағы іздедім. Оғыз-қыпшақ заманы ойымда тұр, Одан бері адаспас тәрізді едім.   Адаспаймыз, адаспас жолымыз бар, Алтын орда, Хан орда төріміз бар. Ақордадан жол шықты Ұлытауға, Алаш деген ардақты қолымыз бар.   Ерлігі ұран, егемен еліміз бар, Ұлан-байтақ, ұлысты жеріміз бар. Жаһан келсе жайнаған төріміз бар, Елтаңбамыз, Гимн мен Мөріміз бар.   Достық деген салатын әніміз бар, Дәулетіне сәулет сай сәніміз бар. Ынтымақшыл, мейірлі жанымыз бар, Қарға тартар қазақты қанымыз бар.   Ырыс толы дархандай даламыз бар, Жаһан білер жайнаған қаламыз бар. Айта берсек айтатын сан аңыз бар, Айдай әлем, көз тастап қараңыздар.   Елордамыз бар біздің – Астанамыз, Сарыарқада бой тіккен жас қаламыз. Симпозиумдар, Құрылтай, Саммиттерді, Осы жерде біз, қазақ, басқарамыз.   Жаңа заман, жайнаған жарық нұрсың, Күн сәулесін көңілдің алып тұрсың. Қазақстан – көшінде планетаның, Қазағымды күллі әлем танып білсін!   Құлақ түрсең шежіре, қарт аңызға, Төрт құбыласы Отанның ортамызда. Аспан мен жер бұл жерде тоғысады, Менделеев кестесі картамызда.   Түстік біздер ежелгі сайрар ізге, Жоғың болса, жас күнім, жайнап ізде. Бәйтеректің басында күн қонақтап, Аппақ нұрын төгеді ай да бізге.   Көз суарар көргендер келбетіне, Туған елім жатқанда тербетіле. Жаһан келіп жанарын толтырсын деп, Жұлдыздарды қондырдық жер бетіне.   Таулар сөйлеп, көл күліп, жайнаған өр, Жанның нұры, самалға айнала бер. Жерұйығың дәл осы – Қазақ елі, Қазақстан ұраны – Мәңгілік Ел!   Бір халықпыз, бір елміз, жыр-әніміз, Тұрақты елдің ту ұстар құралымыз. Ұлытаудың төрінде ұлтқа жеткен, Мәңгілік Ел – мәңгілік ұранымыз.   Беу, Ұлытау, атамыз, батамыз да, Бой бермейміз біз енді жат аңызға. Ақ селеуі – ақ шашы Ұлытаудың, Бабалардың сақалын сатамыз ба?   Жоқ, сатпаймыз сақалды – намысымыз, Ар, ұят пен басталды жаңа ісіміз. Жаңа ғасыр біздікі, танысыңыз, Жаңа күндер, біздермен табысыңыз.   Азат ел боп кеңейді өрісіміз, Жылдан-жылға көбейді жеңісіміз. Жаңа заман, біздерге назарың сал, Жаңа таңдар, біздермен көрісіңіз.   Ұлытауым, қарт бабам, жан жырласым, Иығыңды заманың талдырмасын. Азат елім, сен мәңгі егемен бол, Көңіліңді бұл ғасыр қалдырмасын. 3. Тіл қатады бүгінге аңыз қашық, Ұлытауды қалмапты сағым басып. Байтақ Отан, барым сен, бақытым сен, Жүрегімді көр менің, жанымды ашып.   Жүрегімді көр менің «Елім» деген, Жаһан айтса жақсысын, көңілденем. Туған елді жырлауға тіл берді Алла, Осы шығар шын бақыт, өмір деген.   Айдай әлем, ордамды – Отанды көр, Ту көтеріп, Тәуелсіз атандық ел. Қағба алдында халқымды ауызға алып, Көкке қарай қол жайдым: «Батаңды бер»!   Шапағаты бой кернеп шуақ күннің, Шыбын жанды ел үшін шырақ қылдым. Жаным толқып, тебіреніп, жылап тұрдым, Мәңгілік Ел болсын деп – Қазақ Елі, Бір Алладан тек соны сұрап тұрдым! Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ.