04 Сәуір, 2015

Әбігерге түскен әлем

274 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Биіктікке бәсекелестік Швейцариялық Альпіде  кәрі құрлықтағы ең биік нысан бой көтермек. Бұл биік ғимаратта Азиядан және Таяу Шығыстан келетін туристерге арналған сәнді де салтанатты қонақ үй орналаспақ. Дагдарыс-1Альпі тауының етегіндегі теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте  орналасқан Вальс атты швейцариялық деревняда биіктігі 380 метр болатын зәулім құрылыс нысаны салынбақ. Бұл зәулім ғимаратта қоныс тебетін қонақ үйде қалталы алпауыттарға арналған 100 нөмір орналасады. Әрбір нөмірдің құны 1000 швейцарлық франктен (1000 доллар көлемінде) 25 мың франк аралығында болады деп белгіленген. Швейцариялық бизнесмен, Вальс тау шаңғысы курортының иесі Пайес Труфферге бұл зәулім қонақ үй 200 миллион франк қаржыға түседі деп болжану­да. Мамандардың айтуынша, құрылыс нысанын салу барысында сметалық құнның еселеп өсуі ғажап емес. Schweiz am Sonntag агенттігінің айтуы бойынша, Альпіде бой көтеретін қонақ үй америкалық сәулетші  Том Мэйннің жобасымен салынады. Оның ерекшелігі, болашақ зәулім ғимараттың төменгі қабаттары бар болғаны 30х15 метр аумақты алады. Зәулім ғимараттың тұрақтылығы оның тереңге созылған іргетасының арқасында қамтамасыз етіледі. Швейцария билігі бұл ғимаратты салу үшін алдымен жергілікті тұрғындардың рұқсатын алуы керек. Сол үшін биылғы жылдың күзінде арнайы референдум өткізілетін болады. «Өзім шыққан тауым биік болсын» дегендей, жұмыр басты пенде үнемі биіктікке ұмтылады. Олардың бұл қиялы құрылыс нысандарын салу барысында  көне дәуірден бері көрініс тауып келді. Египет пирамидаларын былай қойғанның өзінде, көне дәуірдегі римдіктер 7-8 қабат үйлер салған. Кәрі құрлықта ХІХ ғасырға дейін 6 қабаттан артық үй салуға ешкім әуестене қоймаған екен. Себебі, жоғары қабаттардағы үйлеріне баспалдақпен көтерілуді қиынсынған. 1854 жылы Элиша Грейвз Олис қауіпсіз лифт ойлап тапқаннан кейін адамзат биік үйлер салуда бәсекелестікке көшті. Осы орайда, ең бірінші зәулім ғимарат – Чикаго қаласында 1884 -1885 жылдары салынған 10 қабатты Home Insurance Building атты ғимарат болды. Ал 1913 жылдан 1930 жылға дейін планетамыздағы ең зәулім ғимарат сәулетші Френком Вулворт Манхэттенде тұрғызған 60 қабатты, биіктігі 241 метр Woolworth Building атты ғимарат болып келді. Одан кейін 1931 жылы бірінші орынға биіктігі 381 метрді құрайтын, 102 қабаттан тұратын Empire State Building ғимараты шықты. Америкалық байлық пен барлықтың белгісін паш еткен Empire State Building ғимараты 41 жыл бойы жер бетіндегі ең зәулім құрылыс нысаны ретінде паш етілді. Empire  ғимаратында 6,5 мың терезе, 73 лифт, 1860 баспалдақ болды. Бұл ғимаратта 21 мың адам еңбек етті. Ғимараттың 86-шы қабатында көру алаңы орналасты. Ширек ғасыр ішінде бұл көру алаңын 110 миллионнан астам адам тамашалаған. Әлемдегі ең биік ғимарат 1 миллиард долларға бағаланды. 1972 жылы планетадағы ең биік ғимарат атағын World Trade Center иеленді. Оның биіктігі 417 метрге созылып, 110 қабатты құрады. Бұл ғимарат ширек ғасыр бойы әлемдегі ең биік ғимарат атанып келді. Өкінішке орай, ол 2001 жылы 11 қыркүйекте лаңкестер қолымен құлатылды. Қазіргі таңда жер шарындағы ең зәулім ғимарат Дубай қаласындағы Бурдж-Халифа ғимараты болып табылады. Оның биіктігі 828 метрді құрайды. 163 қабаттан тұратын бұл ғимараттың жалпы аумағы 344 мың шаршы метрді алып жатыр. Білетіндердің айтуынша, бұл ғимарат 100 шақырым қашықтан көрінеді екен. Дубайдағы осы зәулім ғимарат көптен бері қалталылардың көз жауын алып келеді. Әлемдегі ең бай адам саналатын Сауд Арабиясының ханзадасы Альвалид бен Талал жақында Kingdom Tower атты биіктігі 1 шақырымнан асатын зәулім ғимарат салатындығы туралы ниетін білдірді. Сондай-ақ, Жапонияның Taisei Corporration атты құрылыс компаниясы биіктігі 4000 метр болатын Х-Seed атты зәулім ғимараттың құрылысын салу туралы жоспарын жария етті. Биіктігі 4 шақырымды құрайтын бұл ғимарат Фудзияма тауының бейнесін елестететін болады, дейді сарапшылар. Азия құрлығындағы жаңа банктің әлеуеті Бұдан бұрын газетімізде хабарлағанымыздай, Қытай Халық Республикасы әлемдік қаржы сахнасында ерекше қызығушылық туғызған ірі жеңіске жетті. Аспан-асты елі жарғылық капиталы 100 миллиард доллар тұратын  Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкін (АІІВ) құрған болатын. Дагдарыс-2ҚХР-дың Хайнань провинциясында өткен Азиялық экономикалық форум шеңберінде Ресей Федерациясының бірінші вице-премьері Игорь Шувалов  Ресей де осы жаңа қаржылық институтқа мүше болатындығын мәлімдеді. Ол Азия инфрақұрылымдық инвес­тиция банкіне мүше болу туралы шешімді ел президенті Владимир Путиннің қабылдағанын атап көрсетті. ҚХР қаржы министрі Лоу Цзивэй Ресей Федерациясының АІІВ банкіне мүше болу туралы шешімін Қытай басшысы Си Цзиньпиннің қуана қабылдағандығын айтты. «Төраға Ресейдің Азия инфрақұрылымдық инвестициялық банкіне мүше болу туралы шешімін қызу қолдады. Қаржы министрлігінің атынан мен де Ресей Федерациясының президенті Путиннің бұл көреген шешіміне шын жүректен алғысымды білдіремін», деді министр. Азия құрлығындағы қаржы сахнасында Аспанасты елінің толық үстемдік құрғанына АІІВ банкі құрылғаннан кейінгі оқиғалар толық дәлел болады. Азия – Тынық мұхиты аумағындағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға арналған АІІВ банкіне қазірдің өзінде 27 мемлекет мүше болды. Бұл ретте банкке мүше болуға Еуропаның Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Швейцария және Люксенбург сияқты жетекші мемлекеттерінің мүше болуы да бұл қаржы институтының болашақта әлемдік қаржы сахнасында ерекше рөл ойнайтындығын көрсетсе керек. Азия құрлығының қаржы сахнасында Бейжіңнің толық үстемдік құрғанын АІІВ банкіне Жапонияның мүше болуы да дәлелдейді. Бұған дейін Азия даму банкінде Жапония мен Америка басымдық танытып келген еді. Енді Азия даму банкіне бірден-бір бәсекелес АІІВ болғалы тұр. Жаңа қаржылық орталықтың бұл міндетті абройымен атқаратынына сарапшылардың сенімі мол. «Фридом Финанс» инвес­т­ициялық компаниясының бас­қарма басшысы Георгий Ващенко Қытай сөз жүзінде емес, іс жүзінде  әлемдік қаржы саласында көшбасшылыққа қол жеткізіп келеді. Сонымен бірге, ҚХР Азиядағы өзінің шешуші рөлін барынша көрсетіп отыр. Бұл ретте ең алдымен АҚШ-қа Азия құрлығында Аспанасты елінің көшбасшы болатындығын дәлелдеу мақсатында АІІВ банкі құрылып отыр. Аталмыш өңірде мұндай жетекші банктің құрылуы Ресей үшін де пайдалы, дейді. Түркияның электр желілеріндегі тоқырау Осы аптада Түркияның бірқатар аудандары, сонымен бірге Ыстамбұл және Анкара сияқты ірі қалалары электр жарығынсыз қалды. «Хүрриет» газетінің хабарлауынша, электр жарығының дүркін-дүркін сөндірілуі елдегі ауруханалардың, өнеркәсіп орындарының және көлік жүйесінің қызметіне ерекше нұқсан келтіруде. Дагдарыс-3Түркияның Эгей теңізінің жағасынан Иран шекарасының бойында орналасқан елді мекендер, оның ішінде Анталия курортты қаласы жарықсыз қалды. Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, Түркияда электр қуатына қатысты мұндай келеңсіздік соңғы 15 жыл бойы болмаған екен. Бірқатар мамандар, электр қуатының үзіліспен берілуі жоғары вольтты желілерде орын алған келеңсіздіктен болып отырғандығын алға тартады. Жақында Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглы NTV телеарнасы арқылы осы мәселеге байланысты арнайы сөз сөйлеп, жоғары вольтты электр желілері арқылы қуат беру мәселесінде орын алған тоқырау мысалдарын жан-жақты тексеретіндігін мәлімдеді. Осыған байланысты арнайы комиссия құрылған. Түрік кәсіпорындары мен бизнесі конфедерациясының төрағасы Сулейман Онтака электр қуатындағы үзілістің өндірістік кәсіпорындарға үлкен шығын келтіріп отырғандығын мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен аптада іс жүзінде электр жарығын өшіру оқиғалары күн сайын болып тұрған. Дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».