04 Сәуір, 2015

Өркениет өріне өрлеу

228 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
экономикасы кері шегінбеген әлемдегі санаулы елдер қатарындағы Қазақстан үшін басым бағыт болып қала беретінін Дубай төріндегі шара тағы бір айғақтап берді султан-1  Біріккен Араб  Әмірліктерінен  қуанышты хабар мұхит өрлей, теңіз көктей өтіп, құстай  ұшып жетті. Қызылжар өңіріне! Сүйіншілеген – облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдоллаев. Атына заты сай бауырымыз дүниенің төрт бұрышына жақсы таныс  еліміздің тағы бір биік шыңды бағындырғанын бөліскенше асыққан сыңайлы. Алдында облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров бастаған топ  Қазақстан делегациясының құрамында   БАӘ-ге сапарлап кеткенін естігенбіз. Асықпайық, аптықпайық, олжалы  оралған соң  емен-жарқын сұхбаттасармыз дегенбіз. Самал желдей тербетіп, жан-дүниемізді жадыратқан жаңалық қолымызға еріксіз қалам алдыртты. Олай болса, әңгімені басынан сабақтайық. Елбасы Н. Назарбаевтың  Үкіметтің соңғы кеңейтілген отырысында  «тиісті меморандумдар  бекіте отырып, қазақстандық қамту  жөніндегі форумдар өткізу тәжірибесін қайта жаңғырту керек. Барлық сауда желілерінде  отандық тауарлар  секциясы пайда болу үшін  «Қазақстанда жасалған» акциясын бастаймыз.  Облыс әкімдері мұны қадағалап отыруы керек. Барша азаматтарға  осы күрделі  жағдайда патриот болып, қазақстандық өнімді сатып алу жөнінде сөз арнаймыз», дегені бәріміздің есімізде.  Бағалы  бастама  ел ауқымында  қолдау тауып,  бүгінде жер-жерлерде қызу жалғасып келеді. Енді, міне, БАӘ-дегі Қазақстан Республикасының елшілігі Президенттің  қазақстандық өнімді  насихаттау ұсынысын жүзеге асыру шеңберінде «Қазақстанда жасалған» акциясын өткізуге  Дубайды  таңдап алуына  таңдана қарасақ та,  таныстырылым арабтар тарапынан зор  қызығушылық тудырғанын естіп, «Бәрекелді! Қазанымыз ортаймағай, ырысқа тола бергей!» дедік ішімізден. Өркениеттің өрелі  өріне өршелене ұмтылып, өзіндік өрнек ізін салған  араб әлемін таңғалдыру оңай емес, әрине. Болады екен! Қазақстандықтардың бұл жеңісі, шын талаптанса, ынталанса, алға үлкен мақсат қойса, маңдайдан тер шығарса, алынбайтын қамалдың, аспайтын асудың жоқтығына көзімізді нық жеткізді. БАӘ-дегі ірі азық-түлік желілерінің бірі «LuLu» гипермакетінде тамақ өнеркәсібіндегі Қазақстанның ұлттық жетістіктерін көрсету, отандық тауар өндірушілер мен әмірлік ритейлерлер арасында экономикалық, сауда-саттық әріптестік қарым-қатынасты орнатуды көздеу мақсатында ұйымдастырылған шараға қатысқан жетекші  компаниялар арасында қызылжарлықтар үлесінің басым болғанын ескерсек, экспозицияның ірі аумағын иеленуі заңды дер едік. Тамақ өнеркәсібі саласында сыртқы нарыққа шығып жүрген «Сұлтан», «Сүт», «Мукомол», «Дружба», «Перспектива» секілді  серіктестіктердің  макарон, үн, бал өнімдеріне сұраныс мол болған. Ең бастысы, сапалылығымен, бәсекелестілігімен, бағаның қолжетімділігімен ерекшеленген. – Роуд-шоудың  салтанатты ашылу рәсімін Қазақстанның БАӘ-дегі Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шәріп,  Солтүстік Қазақстан облысының делегация жетекшісі Айдарбек Сапаров, Шарджас әмірлігінің Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілі Джасим Иса Әл Мутава жүргізді.  Қазақтың  «шашу» салтын Дубай тұрғындары үлкен ынтызарлықпен тамашалады.  Кәсіпкерлерге Қызылжардың ұны мен макаронының қатты ұнағаны соншалык, қалай алуға болатынын қайта-қайта сұрастырып жатты. Супермаркетке келушілер  бағаның  әдеқалай төмендігіне  бастарын шайқап, таңқалыстарын жасырмады,–деді сөзінің соңында Алтынбек. Жақсылық хабардың ізін суытпастан ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бірінші орынбасары Жанар Мұсағұловапен хабарласқанымызда   өз ойын «қазақстандық делегация  мен ірі гипермаркеттер желісі басшылары арасында отандық өнімдерді БАӘ және Таяу Шығыстың басқа да елдеріне өткізу жөнінде келісім жасалғанын естіп, қатты қуанып жатырмыз.   Жергілікті азық-түлік өндірушілердің  әмірліктің ірі ритейлерлерімен тікелей байланыс орнатуы  нарық көкжиегін кеңейте түсері сөзсіз. Мұның өзі ұстанған экономикалық саясатымыздың дұрыстығын дәлелдейді», деген сөздермен түйіндеді. БАӘ-дегі «LuLu» ірі азық-түлік желілерінің алғашқы сауда орны 1996 жылы Әбу-Дабиде ашылған.  Ал, Дубайда алғашқы супермаркет  2000 жылы пайда болған.  Бүгінде оның жүйелері Кувейт, Бахрейн, Оман, Катар, Мысыр, Сауд Арабиясы  елдерінде орналасып, ұзын-саны 114-ті құрайды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.