16 Қазан, 2015

Қытай делегациясымен кездесті

230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко Қытай Халықтық Саяси-консультативтік кеңесі Бүкіл­қытайлық комитетінің Сыртқы істер жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Ван Гоцин бастаған қытайлық делегация өкілдерімен кездесті. Кездесу кезінде Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси өзара іс-қимылды тереңдету, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, парламентаралық байланысты нығайту, мәдени қатынасты күшейту, сондай-ақ, күн тәртібіндегі халықаралық және аймақтық деңгейдегі маңызды мәселелер әңгіме өзегіне айналды. Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен Қытай басшыларының салиқалы саясатының арқасында жыл сайын нығайып келе жатқан достық, әріптестік, тату көршілік қарым-қатынасты алға тарта келіп, Қазақстан Президентінің «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен ҚХР Төрағасының «Бір белдеу – бір жол» бастамасы ұзақ мерзімді өзара ортақ іс-қимылдың жарқын көрінісіне айналғанын, оның табысты жүзеге асырылуы екі ел дамуы­на тың серпін беретінін атап өтті. Мәжіліс Төрағасы орынбасарының пікі­рінше, трансшекаралық су ресурстары са­ла­сын­дағы ықпалдастық та екі ел арасындағы стра­те­гиялық әріптестіктің маңызды бағыт­тарының бірі. С.Дьяченко меймандарды Мәжілістің ты­ныс-тіршілігімен таныстыра келіп, Ел­ба­сының бес институттық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жөнінде, оны заңнамалық қолдау жұмыстары жайында кеңінен әңгімеледі. Өз кезегінде Ван Гоцин екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 23 жыл ішінде тату көршілік сипатына сызат түспей, керісінше, жыл сайын тереңдеп келе жатқанын, әсіресе, АӨСШК, ШЫҰ, тағы басқа халықаралық ұйымдар аясында Қазақстан мен Қытай ықпалдастығының арта түскенін жеткізді. Осыдан 12 жыл бұрын Қазақстанға тұң­ғыш рет сапармен келген мәртебелі мей­ман біздің еліміздің даму қарқыны таңғал­дыр­ға­нын айтып, болашақта да толағай табыстар тіледі. С.Дьяченко мен В.Гоциннің ортақ пікі­ріне сүйенсек, осындай сапар алмасулар мем­лекеттеріміз арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі күшейте түседі. Кездесуге, Мәжіліс депутаттары М.Әшім­баев, В.Косарев, К.Бұрханов қатысты. «Егемен-ақпарат».