15 Қазан, 2015

Қызылордада ұлттық спорт түрлерінен республикалық фестиваль басталды

441 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
15-10-2015-sport 01ҚЫЗЫЛОРДА. 15 қазан. Қызылорда қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына және Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына арналған ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының ІV фестивалі өтіп жатыр. 20 қазанға дейін жалғасатын сайысқа Астана, Алматы қалалары мен барлық облыстардан 2000-ға жуық спортшы қатысуда. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Төрт жылда бір ұйымдастырылатын фестиваль бағдарламасында бәйге, қазақ күресі, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, тоғызқұмалақ, асық ату, құсбегілік, жамбы ату, жекпе-жек секілді спорттың 13 түрінен жарыстар болады. Бұл туралы бүгін «Сыр медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникация орталығында өткен брифинг барысында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев мәлімдеді. Сондай-ақ, жиынға ойындардың бас төрешісінің орынбасары Сейдолла Жеңісұлы, Мәдениет және спорт министрлігінің ұлттық спорт түрлері басқармасының басшысы Мақсат Қойшыбаев, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының атқарушы директоры Ерлен Оспанов қатысты. Елімізде ұлттық спорт түрлерін дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды отансүйгіштікке және халықтар арасында достық пен татулықты нығайту, ең бастысы ұлттық спорт түрлерін дамытудағы ең мықты өңірді анықтау мақсатында өткізіліп жатқан фестивальдің ресми ашылуы 16 қазан күні сағат 17.00-де орталық стадионда өтеді. Спорттық шаралар Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионда, «Еуразия» спорт кешенінде, «Мұз айдыны» және «Нұрсәт» теннис орталығында өтеді. Ержан Байтілес. Дерек, сурет: egemen.kz.