Суреттерді түсірген – автор
– Бұл көрме отандық кәсіпорындардың жетістіктерін кеңінен таныстыруға, сапалы өнім өндіруші бағасымен ұсынуға, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және өңірдің өндірістік әлеуетін дамытуға жол ашатын бірегей алаң. Отандық өнімдердің сапасын арттыру, олардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту және жергілікті тауар өндірушілерді қолдау көрменің басты мақсаты. Бүгінгі көрмеге облысымыздың 100-ге жуық кәсіпкері қатысып, өз өнімдері мен жетістіктерін көпшілік назарына ұсынып отыр, – дейді Н.Сақтағанов.
Айта кетсек, өткен жылы өңірдің 7 кәсіпорны сапа мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі саласындағы беделді республикалық байқауларда жоғары марапаттарға ие болды. Бұл Шығыс Қазақстан кәсіпкерлерінің шеберліктерін, дамуға деген ұмтылысының және қызметін үздіксіз жетілдіруге деген талпынысының айқын дәлелі.
2025 жылы Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары атанған облыс кәсіпорындары қатарында «Үздік өндірістік мақсаттағы кәсіпорын» аталымы бойынша жеңімпаз атанған «Силумин-Восток» ЖШС және «Азық-түлік тауарларын немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» аталымында үздік деп танылған «Эмиль» ЖШС бар.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып жатқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасының өңірлік көрмесінде ШҚО-ның барлық дерлік аудандарынан келген 40-тан астам қатысушы өз өнімдерін ұсынды. Сараптамалық комиссия жартылай финалға шыққан 20 кәсіпкерді іріктеп алады. Олар өз жобаларын қорғауға ұсынады. Байқау қорытындысы бойынша гранттық конкурсқа қатысу мүмкіндігіне ие болатын және 5 миллион теңгеге дейін қаржыландыруға үміткер 10 жеңімпаз анықталмақ. Ондықтан көрінуге әркім үмітті.
– Бұл көрмеге бал, түрлі шөптерден жасалған шай алып келдім. Шығарып жатқан өнімдерім сұранысқа ие. Шөп шайдың пайдасы зор екені белгілі, иммунитетті көтереді. Нақтырақ айтсақ, 20 түрлі шөптен 6 түрлі шай шығарамыз. Соңғы шығарған өнім Түйетабан шырыны. Бұл асқазанның емі. Әсіресе жаман аурудың алдын алады, – дейді кәсіпкер Алмас Таңғытұлы.
Облыс әкімі көрмені аралап, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерімен танысып шықты. Бал және ара шаруашылығы өнімдері, дәрілік шөп шайлар, ұлттық аспаптар, киімдер мен аксессуарлар, киізден, жүннен және табиғи былғарыдан жасалған бұйымдар, тоқыма ойыншықтар, зергерлік бұйымдар, қымыз және сүт өнімдері, ағаштан жасалған бұйымдар мен үйге арналған декор заттар және басқа да түрлі тауарлар көптің назарына қойылды.
Шығыс Қазақстан облысы