Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Бұл сұраққа министрлік жанындағы Ұлттық тестілеу орталығының өкілі жауап берді. «Талапкерлердің, оның ішінде ерекше білім беру қажеттілігі бар жандардың тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін әртүрлі шаралар қабылдауды жалғастырады. Өткен жылдардағыдай, биыл да ҰБТ-да ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлерге қосымша 40 минут уақыт беріледі. Сонымен қатар көру қабілеті нашар балаларға сызба және диаграммаларсыз сұрақтар әзірленді», делінген орталық мәліметінде.
Статистикаға сүйенсек, жоғарыда айтылған шаралардың нәтижесінде тестілеуге қатысатын мүмкіндігі шектеулі балалардың саны артып келеді. Егер 2021 жылы ҰБТ-ға 90 бала қатысса, 2022 жылдан бері ерекше зәрулігі бар 500-ден аса адам тестілеуден өтуге мүмкіндік алып жүр.
Сондай талапкердің бірі Ясмин Хамраева: «Маған ҰБТ-ны көпшілікпен бірге, тең жағдайда тапсырудың маңызы өте зор болды. Өйткені бұл өзіңнің де өзгелермен бірдей мүмкіндікке ие екеніңді сезінуге септеседі. Денсаулығыңдағы әлдебір шектеулер мақсатыңа жетуге кедергі болмауға тиіс», дейді.
Айта кетейік, қажет болған жағдайда ерекше білім беру сұранысы бар түсушілерге ҰБТ-да пән мұғалімі емес көмекшілер ұсынылады.
Аружан ДОСЫМХАН,
ҚарҰЗУ студенті