Суретті түсірген – Жұмабай Мұсабек
Жобаның жалпы құны 215 млн долларды құрайды. Инвестициялық бастама аясында заманауи жоғары технологиялық жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелері орнатылған электр стансасын салу көзделіп отыр. Бұл нысан өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, еліміздің «жасыл экономикаға» көшу саясатына да өз үлесін қоспақ.
Кездесу барысында «Envision Energy» компаниясының аға вице-президенті Вэй Вэй компанияның жаңартылатын энергетика саласындағы тәжірибесі туралы айтып өтті. Оның сөзінше, компания әлемдік нарықта «ақылды» жел турбиналары мен энергия сақтау жүйелерін өндірумен аты шыққан.
«Жобаның жылдық электр энергиясын өндіру көлемі 3200 сағаттан асады деп болжап отырмыз. Бұл өңірдің энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және электр энергиясын өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар заманауи энергия жинақтау жүйелері желдің тұрақсыздығына байланысты туындайтын тәуекелдерді азайтады», деді Вэй Вэй.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай жобалардың маңызы жылдан-жылға артып келеді. Біріншіден, жел энергетикасы атмосфераға зиянды қалдықтар шығармайды. Екіншіден, өңірдің электр энергиясына деген сұранысын қамтамасыз етуге көмектеседі. Үшіншіден, құрылыс және пайдалану кезеңдерінде жаңа жұмыс орындары ашылады. Сондай-ақ инфрақұрылымның дамуына және жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің артуына оң әсер етеді.
Жетісу облысы жаңартылатын энергия көздерін дамытуда тәжірибесі бар өңірлердің қатарына кіреді. Бұған дейін өңір аумағында бірқатар су және күн электр стансалары іске қосылған. Әсіресе облыс аумағындағы табиғи-климаттық жағдайлар – тұрақты жел ағындары, күн радиациясының жоғары деңгейі мен су ресурстарының болуы жаңартылатын энергия жобаларын дамытуға қолайлы мүмкіндік береді. Сондықтан жаңа жел электр стансасының салынуы өңірдегі баламалы энергетиканың үлесін арттыруға бағытталған кезекті маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
Кездесу қорытындысында облыс әкімі жобаның өңір үшін өзекті екеніне ерекше тоқталды.
«Энергетика – облысымызды дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған жобалар, оның ішінде жел электр стансаларын салу жобасы біз үшін аса маңызды. Осыған байланысты жобаға қолданыстағы заңнама аясында қажетті қолдау көрсетіледі», деді облыс әкімі.
Жетісу облысы