Туризм • Бүгін, 08:05

Туризмге серпін берген бастамалар

10 мин
оқу үшін

Туризм – экономиканың өсімін қамтамасыз ететін әрі еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыратын маңызды салалардың бірі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында туристік нысандарды сапасын арттырып, келешегі зор бағыттардың әлеуетін нығайтуды тапсырған еді.

Туризмге серпін берген бастамалар

Сурет: ortcom.kz

Экономиканың орнықты секторы

Туристік инфрақұрылымды кешенді дамытуды жергілікті атқарушы органдар қызметінің тұрақты басымдықтарының бірі ретінде орнықтырудың маңызы жоғары. Саланы жаңғыртуда шетелден туристер тартып, заңнаманы жетілдіруге ерекше назар аударылуға тиіс.

Бүгінде еліміздің туристік саласы тұрақты өсім көрсетіп, өңірлік дамудың негізгі бағыттарының бірі ретіндегі ұстанымын нығайтып келеді. Туристік ағынның артуы, инвестиция көлемінің рекордтық деңгейге жетуі, инфрақұрылымның қарқын алуы,  қонақүй санының артуы саланы ұзақмерзімді экономикалық тиімділікке бағдарланған жаңа даму моделіне көшіруге негіз болды. Былтырғы қорытындыға сүйенсек, еліміздің туристік саласы тұрақты өсім көрсетті. Қонақүйлер мен өзге де орналастыру орындары 10 млн-нан астам қонақты қабылдады. Оның ішінде ішкі туристер саны 8,7 млн адамға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 700 мыңға артты. Сыртқы туризмде де оң динамика сақталып отыр. Орналастыру орындары қызметін 1,4 млн шетелдік турист пайдаланды. Бір жыл ішінде елімізге  15,7 млн шетел азаматы келді. Оның 11,1 млн-ы туристік мақсатта саяхаттаған. 

Туристік ағынның өсуімен қатар саланың экономикалық қайтарымы да артып келеді. Орналастыру орындарының жиынтық табысы 350,6 млрд теңгеге жетсе, туризм саласына тартылған инвестиция 1,3 трлн теңгеден асты.

Туристік саланың өсімі негізгі бағыттардың барлығында байқалады: туристер ағыны ұлғайып, орналас­тыру инфрақұрылымы жаңғырып, инвестициялық белсенділік артып келеді. Былтыр  елдегі орналастыру орындарының саны 4 482 бірлікке жетті, ал олардың жалпы сыйымдылығы 232 мыңнан астам төсектік орынды құрады. Былтырмен салыстырғанда саланың инфрақұрылымы 179 нысанға және 7 мыңнан астам орынға артты. Туризмнің жүйелі дамуы ұзақмерзімді үрдістермен де дамиды. Кейінгі 15 жыл ішінде орналастыру орындары қызметін пайдаланған қонақтар саны төрт еседен асып, 2,3 млн-нан 9,1 млн адамға дейін жетті. Шетелдік туристер саны екі еседен артып,  513 мыңнан 1,3 млн адамға дейін, ал салаға жыл сайынғы инвестициялар көлемі жеті есеге жуық – 144 млрд теңгеден 975 млрд теңгеге дейін өсті.

Туристердің тұтыну шығындары дамудың жеке индикаторы ретінде қарастырылады. 2025 жылы 11,8 миллионға жуық туристік сапар жасалды, оның 10,2 миллионнан астамы ішкі туризмге қатысты. Туристердің жиынтық шығындары 1,13 трлн теңгеге жетті.  Бұл көлік, қоғамдық тамақтану, сауда және қызмет көрсету бағыттарының нығаюына әсер етті. 

Тұжырымдама мақсаты – сапаны нығайту

Саланы одан әрі өрістету туризмді дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде жүргізілетін болады. Жаңартылған жоспар 6 бағытты қамтиды, оның ішінде 61 іс-шара бар. Қосымша 2026–2029 жылдарға арналған Жол картасы дайындалды, онда тағы 119 іс-шара көзделген. Мақсатты бағыттардың бірі – 2029 жылға қарай ішкі туристер санын 11 миллион адамға дейін арттыру.

Туристерге ұсынылатын бағдар­ламалардың әр алуан болуына ерекше назар аударылып отыр. Қазірдің өзінде әдеттегі бағыттардан бөлек, елімізде экотуризм, агротуризм, автотуризм, ат спорты маршруттары, гастрономиялық және іскерлік MICE-туризм дамып келеді. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер туризмі жолға қойылып отыр. Бұл бағыт  саяхатты білім беру бағдарламаларымен біріктіретін «Табиғат сабақтары» жобасы арқылы дамитын болады.

Өсу драйверлерінің бірі инвестиция­лар ағыны және халықаралық қонақүй операторларының қатарын кеңейту болып отыр. Алдағы уақытта еліміздің 11 өңірінде әлемдік деңгейдегі 24 қонақүй салу жоспарлануда. Жобалар жеңілдікпен несие беру және инвестициялық преференция тетіктері арқылы мемлекеттік қолдау аясында жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Құрылысы басталған жобалардың ішінде  Қонаевтағы Hilton және Marriott халықаралық қонақүй желілері, Павлодардағы Novotel, Қостанайдағы Courtyard by Marriott, Қызылордадағы Rixos, сондай-ақ Алматыдағы Hilton Garden Inn, Hilton Park Almaty және Radisson Blu бар. Шымкентте жаңа Hilton қонақүйінің ашылуы жос­парлануда. Халықаралық қонақүй желілерінің елімізде ашылуы сервис сапасын арттырып, нарықтағы бәсекелестікті күшейтеді. 

Жазғы маусымға дайындықтың маңызы зор

Жазғы туристік маусымға қарай өңірлерде танымал бағыттарды дамыту және саяхатшылар үшін жайлы­лықты арттыру бағытындағы жұмыс күшейтіледі. Алматы облысында Қонаев қаласы мен ұлттық парктердің туристік инфрақұрылымын жаңғырту  жалғасып отыр. 4,5 млрд теңге инвестиция тартылып, №5 жағажай абаттандырылып, қазір №6 және №7 жағажайлардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Қайыңды көліне және «Көшпенділер қаласы» нысанына апаратын кіреберіс жолдар жөнделіп, «Алатау аманаты» туристік бағыты дамып келеді.  

Жетісу облысында Алакөл жағалауын дамытуға және курорттық аймақтың көлік қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазір құны 5,5 млрд теңгені құрайтын Үшарал әуежайының жаңа терминалының жобасы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар әуе рейстерін субсидия­лау жалғасып, теміржол қатынасының ауқымы кеңейтілуге тиіс. Қарағанды облысында Балқаш индустриялық аймағы мен Қарқаралы ауданын қамтитын туристік кластер қарқынды дамып келеді. Балқаш әуежайы жаңғыртылып, қонақүй жобалары мен туристерге арналған визит-орталықтар іске қосылып жатыр. Сонымен қатар өңір туристер ағынын арттыру мақсатында өзінің бірегей мәдени, спорттық,  танымдық іс-шаралар күнтізбесін қалыптастырып келеді. 

Маңғыстау облысында жағажайлар мен жағалауларды жаңғыртуға, сондай-ақ демалушылардың қауіпсіздігін арттыруға басымдық беріліп отыр. Осы бағытта туристік нысандарды абаттандыру жұмысы жүргізіліп, танымал демалыс аймақтарында бейнебақылау камералары орнатылмақ. Бурабай, Баянауыл мен Имантау – Шалқар курорттық аймағында туристік инфрақұрылымды жаңғырту жалғасады. Атап айтқанда, құтқару стансалары салынып, экологиялық соқпақ жолдар желісі жөнделіп, туристік нысандарға көлікпен қатынау қолжетімділігі жақсармақ.   

«Almaty SuperSki»: жобалаудан құрылысқа дейін

Елдегі ауқымды туристік жобалардың бірі — «Almaty SuperSki» тау-шаңғы курорты. Қазір жобаны  әзірлеу кезеңі аяқталып, нақты құрылыс және жүзеге асыру сатысына өтуде. Негізгі серіктестер ашық халықаралық конкурстар арқылы белгілі болмақ. 11 заманауи аспалы жолдың құрылысы әлемде  мыңдаған жобаларды жүзеге асырған осы саладағы көшбасшылардың бірі – Poma француз компаниясына жүктелмек. Курортта әртүрлі типтегі гондолалар мен кресло­лардың заманауи жүйесін құру жос­парлануда. Сәулет пен инженерлік шешімдерге ерекше назар аударылады. «Foster + Partners» халықаралық бюросының тұжырымдамасына сәйкес құрылыста заманауи ағаш конструкциялар қолданылады. Оларды жобалау мен өндіруді күрделі қатты ағаш нысандарымен жұмыс істеу тәжірибесімен танымал канадалық «StructureCraft» компаниясы жүзеге асырады. Құрылыс алаңында жұмыстар қазірдің өзінде басталды. «Almaty SuperSki» курортын іске қосу 2028 жылдың желтоқсанына жоспарланған.

Жоба туристер үшін жаңа тартымды орталыққа айналып, Алматы таулы кластерінің әлеуетін ашуға ықпал етеді деп күтілуде. Сонымен қатар ол қызмет көрсету саласына және экономикадағы сабақтас салаларға қосымша серпін бермек.

Цифрландыру – дамудың жаңа драйвері

Цифрлық шешімдер туризмді дамытудың маңызды құралдарының біріне айналып келеді. Kazakhstan.travel ұлттық туристік порталы туристерге бірнеше тілде еліміздің туристік бағыттары, маршруттары мен ел ішінде  саяхаттау мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынады. Сонымен қатар сырттан келген  қонақтарға арналған жаңа сервистер де дамып келеді: E-Guides жүйесі, шетелдік туристерге арналған QR-шешімдер және негізгі туристік қызметтерді бір цифрлық ортаға біріктіретін TravelStan мобильді қосымшасы іске қосылған.

Саланың маңызды бөлек бағыты – оқиғалық туризм. 2026 жылғы күнтізбеге мәдениет, этнография, спорт, гастрономия сынды  бағыттарды қамтитын 55 іс-шара енгізілді. Жыл басынан бері өңірлерде бірқатар ірі шаралар өтті. Олардың қатарында «Astana Symphony» дәстүрлі өнер мен музыка фестивалі, Burabay Ice қысқы фестивалі, «Амал келді – Жыл келді» этномәдени фестивалі, «ДәмДәсTour» гастрономиялық фестивалі, Eurasian Book Fair халықаралық кітап көрмесі, «Тараз – қолөнершілер қаласы» фестивалі, «Қызғалдақ-мұра» халық­аралық фестивалі, Сиверс алмасының гүлдеу фестивалі және PGL Astana 2026 халықаралық киберспорт турнирі бар. Іс-шаралар тұрғындар мен туристер тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, өңірлердің мәдени және туристік әлеуетін кеңінен танытуға мүмкіндік берді.

Оқиғалар күнтізбесіндегі негізгі шаралар жазғы маусымға жоспарланған. 2026 жылғы маусым айында еліміз­дің өңірлерінде бірқатар ірі іс-шара өткізі­леді. Олардың қатарында «Тары Fest» этнофестивалі, «Алтын бесік – Ақсуат» өнер және спорт фестивалі, Beu Fest жастар музыка фестивалі, «The Spirit of Tengri» халықаралық фестивалі, «Көкмайса-2026» ұлттық тағамдар фестивалі, «Қазыналы Каспий» халықаралық фестивалі, «Balkhash Tour Fest» жазғы фестивалі, «Қымызмұрындық» этнофестивалі және «Жолан жүйрігі» халықаралық бәйгесі бар. Бұл іс-шаралар оқиғалық туризмді дамытуға, өңірлік брендтерді ілгерілетуге және жазғы кезеңде туристер ағынын арттыруға ықпал етеді. 

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:10

Тарихы терең рухани орда

Аймақтар • Бүгін, 09:05

«Ацтека». Доп. Дүбір!..

Футбол • Бүгін, 09:00

Рыбакина орнын сақтап қалды

Теннис • Бүгін, 08:58