Қоғам • Бүгін, 08:40

Жасөспірімдердің еңбек баспалдағы

2 мин
оқу үшін

Мектеп оқушылары жазғы демалыс кезінде ресми түрде жұмыс істеп, 100 мың теңгеге дейін табыс таба алады. Бұл мүмкіндік 14 жастан асқан азаматтарға арналған. Бос орындар тізімі Enbek.kz платформасындағы «Менің жазғы демалысым» бөлімінде жарияланады.

Жасөспірімдердің еңбек баспалдағы

Жасөспірімдердің еңбегі арнайы заңдық талаптармен реттеледі. Яғни ата-ананың келісімін алу міндетті. Сондай-ақ түнгі уақытта еңбек етуге, қауіпті жұмысқа қатаң тыйым салынады. Ал еңбекақы мөлшері қоғам­дық жұмыстарда 94 мың теңгеден бас­талса, «Жасыл ел» бағдарламасында 60-150 мың теңге аралығында болады. Орташа табыс 80-100 мың теңге көлемінде.

Жүйенің жұмыс алгоритмі оқушылардың жас ерекшелігіне бейімделген. Порталда алдымен ата-анасы немесе заңды қамқоршысы жеке кабинет ашып, тіркеуден өтеді. Жүйе интеграция арқылы баланың деректерін автоматты түрде көрсетеді. Егер отбасында бірнеше бала болса, ата-ана қай балаға жеке кабинет ашатынын өзі таңдайды. Тіркеу рәсімі аяқталғаннан кейін жеке кабинет іске қосылады.

Одан кейін оқушы жүйеге кіріп, өз түйіндемесін толтырады. Жұмысқа қатысты шақыртулар осы кабинетке түседі. Бастысы, ата-аналар балалардың еңбек үдерісін толық бақылайды. 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдер электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жеке кабинет аша алады.

Негізі жасөспірімдер жазда көбіне дәмхана, сауда, жеткізу қызметі, жарнама тарату, көгалдандыру және маусымдық жұмыста еңбек етіп жүр. Бұл – бір жағынан жасөспірімдердің тәжірибе жинақтап, еңбек дағдыларын қалыптастыруына мүмкіндік. Одан бөлек, оқушылар жауапкершіліктің мәнін түсініп, уақытты тиімді жоспарлауды меңгереді.

 

Нұрай МҰХАНОВА,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің

2-курс студенті

Соңғы жаңалықтар

Болған ана шапаны

Руханият • Бүгін, 09:47

Жастар жиі оқитын кітаптар

Қоғам • Бүгін, 09:44