Тестілеуге қатысушылардың 71 пайызы қазақ тілін, 29 пайызы орыс тілін таңдаған. Сонымен қатар талапкерлер тестіні 259 рет ағылшын тілінде тапсырған. Үшінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 67 пайызы шекті балл жинаған. Ал бес пән негізінде орташа нәтиже 65 балды құрады. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл. Бұл нәтижеге әзірше
7 оқушы, атап айтсақ, Жамбыл облысы Құлан ауданынан Назерке Сәрсенбай, Семейден Ерасыл Сайлауов, Түркістан қаласынан Айсұлтан Жаңбырбай мен Жасур Нышанбай, Тараз қаласынан Нұрғанат Қанат, Қызылорда қаласынан Кәусар Алтынсары, Павлодар облысынан Әсет Альтаир қол жеткізді.
Министрлік дерегінше, ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлер үшін де қажетті жағдай жасалған. Биылғы тестілеуге аталған санаттағы 392 талапкер қатысқан. Тестілеу барысында талапкерлерге апелляция беру мүмкіндігі қарастырылған. Тест тапсырмаларының мазмұнына қатысты өтініштер емтихан аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде қабылданады. Ал техникалық мәселелер бойынша апелляция тестілеу кезінде беріледі. Нәтижелер көрсетілген сертификаттар апелляция қаралғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.
«ҰБТ басталғалы бері үш апта ішінде 283 ереже бұзушылық тіркелген. Оның ішінде 168 талапкер смартфон, смарт көзілдірік, микроқұлаққап, басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілген. Сондай-ақ 115 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғандықтан аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылған. Өзге адамның орнына тест тапсыру деректері анықталмаған. Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, ҰБТ аяқталғаннан кейін де бақылау жұмысы жалғасады. Осы жылдың
31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіліп, ереже бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкерлердің нәтижелері жарамсыз деп танылады», делінген.
Айта кетейік, биыл негізгі ҰБТ-ға қатысуға 240 мыңға жуық талапкер екі мүмкіндік бойынша жалпы саны 446 мыңнан астам өтініш берген.
Аружан ДОСЫМХАН,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенті