Бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Халықаралық қатынастар жүйесі қайта қалыптасып, геосаяси бәсекелестік күшейіп, жаһандық сауда мен логистиканың бағыттары өзгеріп жатыр. Осындай жағдайда мемлекеттердің орнықты дамуы көбіне олардың сенімді серіктестік байланыстар құра алу қабілетіне байланысты болмақ.
Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастар Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықтың маңызды факторларының бірі болып қала бермек. Екі ел арасындағы байланыстар ортақ тарихқа, географиялық жақындыққа, экономикалық өзара тәуелділікке, ұзақ жыл бойы қалыптасқан саяси сенімге негізделген.
Мемлекеттік сапардың ерекше маңыздылығы – оның өткен жылдың қараша айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге жасаған мемлекеттік сапарының заңды жалғасы болғандығында. Сол кезде қол қойылған Жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық туралы декларация екіжақты қатынастардың жаңа кезеңін айқындаған еді. Ал Астанадағы кездесулер осы саяси уағдаластықтарды нақты жобалар мен бастамалар арқылы толықтыруға бағытталды.
Сапар қорытындыларының ең маңызды саяси нәтижелерінің бірі қос мемлекет халықтарының достығы мен тату көршілігінің жеті негізі туралы Бірлескен мәлімдеменің қабылдануы болды. Бұл құжаттың мәні екі мемлекет арасындағы қатынастардың ұзақмерзімді идеологиялық және саяси негізін қалыптастырады. Құжатта тарихи жадыны сақтау, тату көршілік, өзара құрмет, экономикалық әріптестік, мәдени-гуманитарлық байланыстар, жастар арасындағы ынтымақтастық және ортақ болашаққа ұмтылу секілді қағидаттар бекітілген. Қазіргі халықаралық жағдайда мұндай құжаттардың маңызы артып келеді. Өйткені мемлекетаралық қатынастардың тұрақтылығы экономикалық мүдделерге ғана емес, ұзақмерзімді құндылықтық негіздерге де сүйенуге тиіс.
Мемлекет басшыларының келіссөздері барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері ерекше назарда болды. Ресей біздің елдің негізгі сауда әріптестерінің бірі болып қала береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 27,4 млрд долларға жетті. Алайда Қазақстан – Ресей экономикалық байланыстарының ерекшелігі тек сауда көлемімен өлшенбейді. Елімізде ресейлік капиталдың қатысуымен 17 мыңнан аса кәсіпорын жұмыс істейді. Екі елдің өнеркәсіптік кооперациясы аясында жалпы құны 52 млрд доллардан асатын 177 жоба жүзеге асырылып отыр.
Бұл көрсеткіштер екі елдің өндірістік өзара ықпалдастығының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Машина жасау, металлургия, мұнай-химия, агроөнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы кооперациялық жобалар жаңа өндірістік тізбектер қалыптастырып, экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Келіссөздердің тағы бір маңызды бағыты көлік және логистика мәселелері болды. Қазіргі кезеңде Еуразия кеңістігіндегі бәсекелестік көбіне көлік дәліздері мен транзиттік маршруттар үшін күреске ұласып отыр. Еліміз өзінің географиялық орналасуының арқасында Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі тораптардың біріне айналды. Ресеймен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағыты және жаңа логистикалық жобалар еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.
Сапар барысында көрсетілген «Астана – Мәскеу» халықаралық ұшқышсыз жүк тасымалы бағыты ерекше назар аудартады. Бұл жобаны дәстүрлі көлік инфрақұрылымын цифрлық технологиялармен ұштастырудың нақты мысалы, яғни болашақтағы логистиканың даму бағытын көрсетеді.
Энергетика саласы да Қазақстан – Ресей қатынастарының негізгі тіректерінің бірі болып қала береді. Мұнай мен газ тасымалы, электр энергетикасы және атом энергетикасы салаларындағы ынтымақтастық екі ел үшін де стратегиялық маңызға ие. Әсіресе атом энергетикасы бойынша ынтымақтастықтың жаңа кезеңге өтуі ерекше назар аудартады. Біздің елдегі алғашқы атом электр стансасын салу жобасы энергетикалық қауіпсіздік мәселесін шешумен қатар, жаңа технологияларды енгізуге, инженерлік кадрларды даярлауға және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік сапар қазіргі Қазақстан – Ресей қатынастарының мазмұны айтарлықтай өзгеріп келе жатқанын көрсетті. Егер бұрын ынтымақтастықтың негізгі салмақ орталығы энергетика мен саудаға түссе, бүгінде цифрландыру, жасанды интеллект, инновациялар мен білім мәселелері алдыңғы қатарға шығып отыр.
Президенттерге ұсынылған бірқатар жоба осы үрдісті айқын көрсетті. Атап айтқанда, Астанадағы «Сириус» мектебінің құрылысына старт берілуі екі елдің болашаққа инвестиция салуға деген ұмтылысын білдіреді. Бұл жоба дарынды жастарды қолдауға, ғылыми және технологиялық әлеуетті дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ Амур жолбарысын Қазақстанға қайта жерсіндіру жөніндегі бірлескен бағдарлама да назар аударуға тұрарлық. Бұл бастама екі елдің табиғатты қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау және орнықты даму салаларындағы ынтымақтастығының жаңа қырын көрсетеді.
Ғарыш саласындағы әріптестік те өзінің стратегиялық маңызын сақтап келеді. Биыл адамзаттың ғарышқа алғашқы ұшуына 65 жыл толып отыр. Байқоңыр ғарыш айлағы бұрынғыдай Қазақстан мен Ресейдің ғылыми-технологиялық ынтымақтастығының маңызды рәмізі болып қала береді.
Гуманитарлық байланыстар мәселесі де келіссөздердің маңызды бөлігіне айналды. Бүгінде Ресейдің жоғары оқу орындарында 60 мыңнан аса қазақстандық студент білім алып жатыр. Ғылыми зерттеулер, академиялық ұтқырлық бағдарламалары және мәдени жобалар екі халық арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға ықпал етіп отыр.
Қазіргі әлемде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен адам капиталының сапасымен анықталады. Сондықтан білім, ғылым және жастар саясаты салаларындағы ынтымақтастықтың маңызы алдағы жылдары арта түспек.
Жалпы алғанда, Владимир Путиннің елімізге жасаған мемлекеттік сапары Қазақстан – Ресей қатынастарының жаңа сапалық кезеңге аяқ басқанын көрсетті. Оның басты ерекшелігі – дәстүрлі ынтымақтастық бағыттарының сақталуымен қатар, технологиялық жаңғыруға, инновацияларға, білім мен ғылымға негізделген жаңа күнтәртібінің қалыптасуы.
Қазақстан үшін Ресеймен стратегиялық әріптестікті дамыту – сыртқы саясаттың жеке бағыты ғана емес, ұлттық дамудың маңызды құралдарының бірі. Бұл экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, транзиттік әлеуетті арттыруға, технологиялық жаңғыруды жеделдетуге, еліміздің Еуразиядағы рөлін күшейтуге қызмет етеді.
Сондықтан Астанада өткен жоғары деңгейдегі кездесулердің маңызы екіжақты қатынастар шеңберінен әлдеқайда кең. Олардың нәтижесі Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықты нығайтуға, өңірлік өзара байланыстылықты арттыруға, жаңа халықаралық жағдайдағы тиімді ынтымақтастықтың үлгісін қалыптастыруға ықпал етпек.
Манарбек ҚАБАЗИЕВ,
СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары