19 Тамыз, 2015

Ата Заңым – айбыным

23208 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Адамзат баласының өмір сүруі белгілі бір заңдылықтарға бағынатыны сияқты, ғаламшарды мекен еткен әр мемлекеттің де негізгі заңы болуы шарт. Ол заң­ның барлық тілдердегі мойындал­ған атауы – Конституция. Бұл орайда еліміз 1995 жылы өзінің талғам-талқысынан өткен басты құжаты Конституциясын жүрек қалауымен қабылдады. Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Қас­терлі құндылығымыздың қағи­даттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде біз қысқа мерзімде мызғымас мемлекетімізді орнатып, Тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік. Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ре­тінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды. садыков фото новКонституция мемлекеттік биліктің қайнар көзі халықтың өзі екенін айқындады. Жаңа Конс­титуция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Осы мерейлі межеге биыл 20 жыл толып отыр. Ата Заңымыздың қабылдануы, мем­лекеттік рәміздеріміз Елтаңба, Туымыз бен Әнұранымыздың бекітілуі, ұлттық валюта – теңгенің енгізілуі Қазақстан мемлекетінің қалыптасуының аса маңызды кезеңдері болды. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Конституция – біздің асқақ абыройымыз. Біздің Негізгі Заң – біз бірлесіп жаңа қоғам, жаңа мемлекет, жаңа эко­номика тұрғызып жатқан сенімді іргетас. Қысқа мерзімде біздің еліміз болашаққа серпінді секіріс жасады. Біздің көз алдымызда еліміздің жаңа тарихы қалыптасуда. Биыл Қазақстан халқы үшiн аса маңызды мерейлi мерекелер жылы. Ең бастысы – Қазақ хандығының 550 жылдығы. Бұл – тарихымызды түгендеудiң бастамасы. Iшкi саясаттағы ма­ңыздысы – Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы. Бұл болашағымыз үшiн қажет. Ал Қазақстан Республикасының Конституциясы бүгiнiмiз бен келешегiмiздiң кемелдiгiнiң көрiнiсi. Рас, бұл мереке жыл сайын мемлекеттiк деңгейде аталып өтiлетiнi белгiлi. Десек те биылғы мейрам ерекшелеу болғалы тұр. Өйткенi, Ата Заңы­мыздың 20 жылдығы мемлекет пен халық тарапынан айрықша тойланады. Себебi, құқықтық сая­сатымызда Тәуелсiздiгiмiз бен Конституциямыз тайға таңба басқандай ажырамас егiз ұғым­ға айналған. Бiрiнсiз бiрi толық­қанды мазмұнға ие бола алмасы анық. Аңдағанға – ақиқат. Конституция күні – біздің мемлекетіміздің, халқымыздың ең ұлық мерекелерінің бірі. «Көптің сөзі – киелі», дейді дана халқымыз. Ел талқысынан өтіп, таңдауына айналған басты құжатымыздың авторы – бүкіл Қазақстан халқы. Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихы да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам бас­ты. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Конституция – мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі! Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан әлеуметті елге айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын ­шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыс­тыр­ған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағи­даттары төңірегіне топтасты. Еуразияның жүрегіне орналасқан елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды. Әрбір азаматы өзін тең се­зінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұрт­шылығы үшін үлгі-өне­геге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіладамзат­тық құндылықтар мен өрке­ниет­тік игіліктердің барлығы қам­тылғанын айғақтайды. Әрбір қазақ­стандықтың Конс­­титуциясының мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, сонымен бірге жеке өзі, өз отбасы мен өз балалары үшін де мәнділігін бағалай білу, өз міндеттемелерін қастерлеп сақтап, орындауы маңызды. Конституция біздің басты құн­дылығымыз – Тәуелсіздікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты ғасырларға бекітті. Барша мем­лекеттік институттардың, әрбір қазақстандықтың парызы – осы құндылықтардың қырағы күзетінде болу. vko.sud.kz Биыл Конституцияға 20 жыл. Осы уақытта еліміз әртүрлі діни, саяси және экономикалық түйткілдердің шешімін та­уып, талай сындарлы жолдардан өткеніне қарамастан өзінің ішкі Тәуелсіздігін сақтай білді. Елбасының салиқалы саясатының арқасында ұлтаралық келісім, қоғамды тұрақтылықпен қам­тудың өзіндік моделі жүзеге асырылып келеді. Саясат, экономика, білім, спорт, мәдениет жағынан әлемнің кейбір іргелі елдерін қуып жетіп, тез танылып үлгерді. Елдің жаңа даму кезеңі мемлекетке де өзгерістер, тың идеялар мен жетістіктер әкелді, бұл алдағы жаңа кезеңге жол ашуда. Мемлекетіміздің тұрақтылығына, экономикамыздың өркендеп дамуына, өркениетті ел ретінде танылуына тек Конституциямыз кепіл бола алады. Бейбіт елдің бақытты халқы түпқазығымыз Ата Заңымызды ардақтасақ, еліміз әлі талай жетістіктерге жететіні сөзсіз. Бұл құжат еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бас болуымен қабылданды. Конституцияның қабылдануы Президенттік басқару нысанының ауқымында Мемлекет басшысына мемлекеттік билік органдарының үйлесімді қыз­мет етуін қамтамасыз етуге, қоғамды түпкілікті реформалауға мүмкіндік береді. Көп ұлтты әрі көп дінді қоғамда азаматтық татулықтың, қоғамдық тұрақты­лықтың және ұлтаралық келі­сімнің кепілі – Президенттің болуы өмірлік мәнге ие болды. Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін талқылау және шешу кезінде әрбір құқықтық санасы жоғары азамат Конституцияда көрсетілген жауапкершілікті сезінуі қажет. Қоғамның бүгіні мен болашағы үшін, жалпы алғанда өз Конституциямызды құрметтеп қорғап және маңыз­дылығын жоғалтпай сақтауымыз біздің, яғни әрбір Қазақстан Республикасындағы азаматтың міндеті мен парызы. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Конституция біздің бостандықтарымыздың негізіне айналды. Ол бізге тәуелсіздік алып келген жеңістеріміздің, біздің тапқан табыстарымыздың бүкіл кешенін баянды етті», деп атап өтті. Ата Заңымызды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде Ота­нымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Президент Н.Назарбаев: «Біз­дің Конституцияның бізге берген ең басты құндылығы – таңдау құқығы, басқаша айтқанда, өз өміріңнің қожасы болу кез келген қазынадан бағалы», дей келе мемлекеттік биліктің қайнар көзі халықтың өзі екенін айқындады. Себебі, Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырды. Ал оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп айқындалды. Мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық. Сондай-ақ, халық билiктi тiкелей республикалық референдум және еркiн сайлау арқылы жүзеге асырып, өз билiгiн жүзеге асыруды мемлекеттiк органдарға бередi. Конституцияда республика қызметiнiң түбегейлi қағидаттары ретінде қоғамдық татулық пен сая­си тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде рес­публикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу белгіленді. Осылайша, Ата Заң мемле­кетіміздің қуатына айналды. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнеге. Ата Заңымыздың жетістік­терінің бірі – адам құқығы толық ескерілмеген, қорғалмаған декларациялардан бас тартуы. Ата Заңның «Адам және адамзат» деген ІІ бөлімінде бекітілген барлық заңдар егжей-тегжейлі қарастырылған. Ондағы заңдар адамдардың күнделікті өмірінде қолданысқа ие. Сондай-ақ, осы бөлімнің 12-бабында «Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылған, олар абсолюттi деп танылады, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтiк-құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады» деп, заңның адам мүддесі үшін қызмет ететіні айшықталған. Ата Заңның негізгі маңызын айтатын болсақ, дамыған демо­кратиялық мемлекеттерде бір­де-бір адам өзінің құқығы мен бостандығын Ата Заңсыз елестете алмайды. Басқаша айтқанда, олар күнделікті өмірде өздерінің құқығы мен заңдарын қорғау үшін Конституцияда бекітілген заңнамаларға жүгінеді. Конс­ти­туция осылайша халыққа қызмет етіп, олардың тірегіне айналады. Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілді. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі – Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінді. Қазақстан Республикасының азаматтары денсаулықты қор­ғауға, заңмен белгіленген тегін ме­дициналық көмектің кепілденген көлеміне және жеке, сондай-ақ, мемлекеттік медициналық мекемелерде, заңмен белгіленген тәртіпте көрсетілетін ақылы көмек алуға құқылы. Конституцияға сәйкес, Үкімет денсаулық сақтау саласын реформалау туралы бірқатар қаулы­лар қабылдады, олар Қазақ­стан тұрғындарына медицина­лық көмектің қолжетімді болуының маңызды факторы болды. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында Н.Назарбаев денсаулық сақтаудың басым бағыттарын бөліп шығарды: амбулаторлық-емханалық көмек­тің профилактикалық бағыты (тұрғындардың скринингілік тексерулері), ана мен баланы қорғау, тұрғындардың әлеуметтік осал санатын тексеру және емдеу. Бағдарламада кім және немен айналысуы керектігі нақты анықталған. Қазақстанның әр тұрғыны емделуге құқы бар. Диспансерлік есепте тұрған ауруларға жеңілдік рецепттер беру жүйесі әзірленген, соның көмегімен дәрі-дәрмек сатып алуға материалдық шығындар айтарлықтай азайды. 31-бапта жазылғандай, мем­лекеттің өз алдына қойған мақ­саты тұрғындардың өмірі мен денсаулығына жағымды, қорша­ған ортаны қорғау болып табы­лады. Қоршаған ортаны қорғау – біздің балаларымыздың бола­шағы, яғни жалпы ұлтымыздың денсаулығын қорғау. Сондықтан, Конституцияда анықталған мәселелер бір күндік емес, бола­­шаққа, Қазақстан Респуб­ли­касының жаһандық масштаб­та дамуы мен гүлденуіне бағыт­талғанын байқаймыз. Болат САДЫҚОВ, №5 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері, Алматы қалалық мәслихатының депутаты. АЛМАТЫ.