Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев өз сөзінде мемлекеттік рәміздердің маңыздылығы, әсіресе отандастарымыз елден жырақ жүргенде көк Туымыз бен Елтаңбаны байқаса немесе «Менің Қазақстаным» әнұранын шырқағанда мақтанышы оянып, атамекенмен рухани үндестігін сезінген сәттерде ерекше көрінетінін айтты.
«Әділ Қазақстанды құру бағытын іске асыру шеңберінде еліміздің жаңа Конституциясын қабылдау – қоғамда болып жатқан және оны одан әрі демократияландыруға бағытталған терең өзгерістердің көрінісі. Негізгі заң Отанымыздың орнықты дамуы үшін берік іргетас қалайды, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін нығайтады және конституциялық құқықтың қазіргі халықаралық стандарттарына сәйкес келеді», деді елші.
Қазақстандықтарды мерекемен құттықтаған Тоқтар Әубәкіров еліміздің әрбір азаматы мемлекеттің осынау еңселі рәміздерін қастерлеп, оның биік мәніне сай болуы керегін жеткізді.
«Егер мемлекеттің символикасы әдемі болса, демек халықтың жаны әдемі. Сондықтан оны одан әрі дамытып, мемлекетімізді биік шыңдарға көтерсін!» деді Кеңес Одағының батыры.
Іс-шарада П.П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының және Гнесин атындағы музыкалық училищенің қазақстандық студенттерінің Мемлекеттік әнұранымызды орындауы кездесуге ерекше әсер берді. Жиын аяғында елшілік мұражайына еліміздің жаңа Конституциясының кітап нұсқасы қойылды.