Фото: Ашық дереккөз
Степногорск әкімдігі қаланы қысқы және жазғы күтіп-ұстау жұмыстарын жоспарлау кезінде бюджет заңнамасының талаптарын бұзған.
«Атап айтқанда, заңбұзушылықтар сметалық құнның негізсіз жоғары көрсетілуіне, артық әрі экономикалық тұрғыдан негізделмеген жұмыс көлемдерінің енгізілуіне, сондай-ақ заңнамаға сәйкес келмейтін және бәсекелестік ортаны шектейтін талаптардың қойылуына байланысты болды», деп хабарлады Ақмола облысының прокуратурасы.
Осыған байланысты прокуратура жалпы сомасы 1,1 миллиард теңгені құрайтын 9 мемлекеттік сатып алу конкурсының күшін жойды.
Елімізде жол құрылысына бөлінген бюджет талан-таражға түскен
«Сметалық құн төмендетіліп, бюджеттен негізсіз жұмсалуы мүмкін болған 386 миллион теңге көлеміндегі шығындар алынып тасталды. Соның нәтижесінде мемлекеттік қаражат үнемделді. Жол берілген заңбұзушылықтар үшін қала әкімінің орынбасары мен мемлекеттік активтер бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», делінген хабарламада.
Ведомство өңірдегі бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді пайдаланылуы прокуратура органдарының тұрақты бақылауында екенін атап өтті.